Құран Кәрімді дәретпен қолға алу керек. Дәретсіз адам Құранды жалаң қолмен ұстай алмайды. Өйткені, Алла Тағала: «Оны (Құран Кәрімді) тап-таза болғандар ғана ұстайды», – деген (Уақиға сүресі, 79-аят).
Құран Кәрімді оқитын кезде мүмкіндігінше құбылаға жүз бұру қажет.
«Ә’узү билләһи минәш шайтанир ражим, бисмилләһир рахмәнир рахим» деп бастауы керек.
Құран Кәрімді өз дауысын еститіндей дәрежеде тәжуид ережелеріне сай оқу керек.
Құран оқылып жатқан кезде құлақ салып, тыңдау керек. Алла Тағала А’раф сүресі, 204-аятында былай дейді: «Құран оқылған кезде оған құлақ салып, үндемей тыңдаңдар. Бәлкім Алланың рахметіне қауышасыңдар».
Құран тыңдамайтындардың жанында Құранды дауыстап оқымау керек. Оқылмауы тиіс жерде Құран оқыған күнәға кіреді.
Құранның, не бір парағының болсын лайық емес жерде тұрғанын көрген адам оны ол жерден алып, лайықты орнына қоюы тиіс.
Құран аяты жазылған парақтарды құрмет көрсетіп, жоғарыда ұстауы тиіс.
Құран мұсхафын, Қара тасты, Қағбаның табалдырығын құрмет ретінде сүюге рұқсат.
Пікірлер