Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Екі жұмақтың иесі болғыңыз келеді ме?
03 маусым, 2016 жыл 798 Басып шығару нұсқасы

Халифа Омар (р.а.) мешіт мінберіне шығып халыққа құтпа оқып  тұрып, әлден уақытта іркіліп қалып: «Әй, Омар, сен кеше ғана Хаттабтың түйесін баққан малшы емес пе едің?», - дейді. Жұрт аң-таң. Сірә, ешкім түсінбесе керек. Кейін бұл сөзді неге айтқанын сұрағандарға халифа: «Мінберге шығып сөйлеп жатқанда, әлдеқандай ой келді. Тәкаппарлықтан қорқып, өз-өзімді сабама түсірдім», - деген екен.

Алда рамазан айы жақындап, көпшілік қауым жақсы амалдар жасауға ниет етуде. Істелген қайырлы амалдар діттеген жеріне жетеді ме? Әрине, егер адам сол жақсы амалын тек Алланың разылығын алу мақсатын көздеп жасаса ғана. Ал, егер жұртқа өзін көрсету мақсатында, яғни мақтану ниетінде істелсе оның қайырымы бола қоймас. Садақа берер кезде тәкаппарланып «мен жөні түзу адамдарға садақа беремін, далада қалған қаңғыбасты қайтемін жарылқап» деген оймен амал ету қателік болады. Алла Тағала: «Алла бүкіл тәкаппар, мақтаншақты жақсы көрмейді», - дейді («Хадид» сүресі, 23). Оразада көпшілікке ауызашар бергенде кедей-кепшіктер келсе олардан намыстанып, үйіне кіргізбейтіндер кездеседі. Бай, сыйлы адамдарды ғана шақырған кісі үйіне кіріп, бір түйір нан жей алмаған адамның көңілін қалдыруы мүмкін. Ал, рамазан айында реніш пен ұрыс-керіске рұқсат жоқ. «Алла Тағала тәкаппардың дәрежесін түсіреді, қарапайым адамның дәрежесін көтереді» деген (Табарани). Дандайсу, өзгені менсінбеу, өзін  өзгеден жоғары санау Алланың ашуын тудырады. Тәкаппарлықты «кібір» деп те атайды. Кібір – ширкке алып барады. Яғни, тәкаппарлықтың түбі -  рия. Рия – кіші ширк боп табылады. Бұл турасында сайтымызда жарияланған «Кіші ширк – риядан сақтан!» мақаласынан толық біле аласыздар. «Алла тәкаппар адамдарды жақсы көрмейді» дейді «Нахл» сүресінің 23-аятында. Тәкаппарлық неден көрінеді? Тәкаппарлық адамның нәпсіге еруінен көрініс табады. Айшаға (р.а.) бір кісі келіп: «Адам өзінің жақсы екенін қайдан біледі?», - деп сұрағанда, «Өзін ең жаман адаммын деп қабылдағанда» деген жауап естиді. «Ал, өзінің жаман екенін қалай біледі?», - деп сұрағанда, «Өзін ең жақсы адам санағанында» деген. Егер адам бойында өзін өзгеден жоғары сезіну байқалса, тәкаппарлықтың көрінісі екенін ұғып, сол сәтте нәпсіні жеңіп, қарапайым болуға тырысу қажет. Адам әрдайым қателерін байқап, кемшін тұстарын түзетіп жүргенде ғана оның бойынан ізгілік табылады. Сахабалар Пайғамбарымызға () бір кісінің жақсылықтарын әңгімелеп отырғанда, сол мезет әлгі кісінің өзі шыға келеді. Сахабалар: «Сізге мақтап жатқанымыз осы кісі»,-дейді. Алайда, Алла елшісі (): «Мен оның жүзінен қарауытқан шайтани нәрсе көріп тұрмын», - деп жауап берді.Әлгі кісі сәлем беріп қасына келгенінде, Алла елшісі (): «Әй, пәленше, Құдай үшін айтшы, нәпсің іштей сен ең жақсы адамсың» деп жатыр ма?», - дегенде, ол «Иә» деп айтқан екен. Нәпсі адамды тәкаппарлыққа, мақтаншақтыққа,сабырсыздық пен арсыздыққа алып барады. Тәкаппар болу тек Жаратушыға ғана тән қасиет. Дүние тіршілігінде осы мінезден арылмаған адам өлер алдында «Қап, қап, әттең тірі кезімде амалдарымды орындап өтегенімде, қазір осы азапты шекпес едім» дейді. Алла, сол науқастың жанындағы адамдарға былай дейді: «Ей, менің тәкаппар құлдарым! Міне, мына достарыңды мал-мүлік жұмсап құтқарыңдар! Өмірде мен жіберген қиындықтарға сабыр етпейсіңдер, маған шағымданасыңдар. Міне, бұл құл азапта және жаны алқымына келді. Менің құдіретімнен!». Періштелер дауыс шығарып: «Ей, Алланың дұшпан құлының жаны, кел, тәніңнен шық. Бүгінгі күн – саған азап берілетін күн. Алла Тағаладан басқаны жақсы көргенің үшін, тәкаппар болып, кедейлерге сәлем бермейтін едің, харам болған нәрселерді істейтін және жалғанды хақ, хақты жалған деп санайтын едің», - деп, жанын алады. Осылайша ақтық дем қалғанша еркінсіп, ертеңгі күнді ойламай әрекет етудің соңы қайтпас өкінішке алып келеді. Бойдағы жаман мінезден арылып, адами қасиетті жоғалтпау абзал. Тобықтай сөздің түйінін мына хадиспен тәмамдаймыз:

Хазреті Әбу Бәкір (р.а.) адам болудың жауапкершілігінің қандай ауыр екенін терең сезінген жан. Ол бірде жайбарақат жайылып жүрген мақұлықтарға қарап тұрып: «Әттең, ақыретте есеп бермейтін мына хайуан секілді немесе осылар жейтін өсімдік қана болып жаратылғанымда ғой...» деген екен. Иманы кәміл ол кісі туралы құдыретті Алла «Рахман» сүресінің 46-аятын түсірген. Онда: «Раббымыздың құзырына шығудан қорқатындарға екі жұмақ бар» делінеді.

 

Дариев Берік Әлсейітұлы

Қарағанды қ., «Бала қажы» мешітінің наиб имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары