Тілдік нұсқа
Радио

мақала

САДАҚАНЫҢ БІЗ ЕСКЕРЕ БЕРМЕЙТІН ҚАСИЕТІ
23 маусым, 2016 жыл 2506 Басып шығару нұсқасы

Пайғамбарымыз: «Дүние-мүлік садақамен кемімейді», ­- дейді (Мүслим, Тирмизи). Яғни, жиған-терген дүниең садақа бергеннен ортайып, азаймайды, керісінше артады деген сөз.  Себебі, садақада Алланың серті, Пайғамбарымыздың берекелі сөзі, періштенің дұғасы бар.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Шайтан сендерді кедейлікпен қорқытып, сендерге арсыздықты әмір етеді, ал Алла Тағала жарылқауын және мол нығметін уәде етеді. Алла аса кеңшілік иесі әрі толық білуші», ­- дейді (Бақара сүресі, 268-аят). Демек, шайтан берген сайын, кедейлене түсесің деп қорқытса, Алла Тағала  берген сайын мол нығметіме бөлеймін деп уәде етеді.

Пайғамбарымыз «Ырзығының мол болуын қалаған садақа берсін» (Дәйләми), «Садақа беру арқылы ырзықтарыңды арттырыңдар» (Бәйхаки), «Садақа дүние-мүлікті көбейтеді» (Ибн Ади), «Садақа бергеннің ырзығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжә) деп бізге Алланың бұл уәдесін қайта-қайта еске салады.

Садақа берген періштенің дұғасына қарық болады. Әбу Хурайрадан жеткен хадисте  Пайғамбарымыз  былай дейді: «Күнде таңертең көктен екі періште түсіп, оның бірі: «Уа Раббым! Жолыңда жұмсағанның мал-мүлкін арттыр!», - деп дұға етсе, екіншісі: «Уа Раббым! Сараңды шығынға батыр!», - деп дұға етеді. Міне, осы себепті, садақаның ырзық арттыратын, нығмет көбейтетін қасиеті барын білеміз.

Бірде бір жолаушы шөл далада келе жатып, бұлт ішінен: «Пәленшенің бақшасын суғар», - деген бір дауыс естиді. Бұлтта ұзақтап барып, бір төбеге жауын боп суын төгеді. Су жылғалармен жүріп, төмен аға бастайды. Әлгі адам суды бойлай жүре бастайды. Біраз жүрген соң етекте ағып келген суды бақшасына қарап бұрып алып жатқан қолында күрек-кетпені бар адамды көреді. Әлгі адамнан:

  • Әй, Алланың құлы атың кім? – деп сұрайды. Әлгі адам:
  • Пәленше, - деп есімін айтады. Әлгінің аты бағана бұлттың арасынан өзі естіген есім еді. Іле-шала бағбан да:
  • Есімімді неге сұрадың? – деп сұрайды. Жолаушы:
  • Сенің есіміңді саған су әкелген мына бұлттың арасынан естіген едім. Көктен естілген дауыс «Пәленшенің бақшасын суғар» деп сенің есіміңді атаған болатын. Сен бұл бақшада не шаруа қыласың? – деп сұрайды. Сонда бағбан:
  • Ақыры сұрап тұрған екенсің, айтайын. Мен осы бақшаның күтіміне қараймын. Осы бақшадан шыққан өнімдердің үштен бірін садақа етіп таратамын, тағы үштен бірін отбасыммен жеймін, ал қалған үштен бірін осы бақшаға қайта егемін», ­- дейді (Мүслим). Пайғамбарымыздың бұл хадисінен де көргеніміздей садақа қылынған мал-мүліктен, өнімнен ештеңе кемімейтінін білдік. Қайта оның көбеюі үшін Алланың өзі бұлт жөнелтіп, суғарып, жайқалып өсуін қамтамасыз етеді.

Өкінішке қарай, мұны ұмытқандықтан да ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлының айтқанындай беруді емес, «бер» деуді ғана білген заманға келдік. «Ал» деуді емес, алуды ғана білген дәурен туды. 

«Бар» мен «Жоқ», «Ал» менен «Бер» бірге туған,
«Ал» мен «Бар» ажал жетіп өлген удан.
«Жоқ» пен «Бер» жұрт біткенді жүр аралап,
Жанына жолдас етіп ылғи қудан         (Тұрмағамбет Ізтілеуұлы).

Беруге дағдыланбаған адам, өліп бара жатса бермейтінін мына бір оқиға да жақсы мысал бола алады.

Бірде «шық бермес Шығайбайдай» бір сараң теңізге батып бара жатса, құтқарушылар қолын созып, «қолыңды бер» деп айқайлайды екен. Әлгі болса құтқарушылар қанша айқайласа да қолын бермейді. Содан қасындағылардан әлгі сараңды танитын біреу:

  • Оған «қолыңды бер» демеңдер, «қолымды ал!» деңдер. Өйткені бұл адам өмір  бойы беруге дағдыланбаған, - деген екен. Құтқарушылар да әлгінің дегенін қылып, батып бара жатқан сараңға «ал қолымызды!» деп айқайлапты, сараң да бірден қолдарын алып, құтқарылған екен.

Салтан Сайранұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары