Тілдік нұсқа
Радио

мақала

БҰЛ ТҮНІ ЖЕР БЕТІНЕ ПЕРІШТЕЛЕР СЫЙМАЙ КЕТЕДІ...
24 маусым, 2016 жыл 1683 Басып шығару нұсқасы

Әлемдегі барша мұсылманның сағына күткен мерекесі - Қадір түнінің кіруіне де аз қалды. Шілде айының 1-нен 2-сіне қараған түні кіретін қасиетті түннің адамзатқа берер пайдасы орасан зор. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Расында Біз Құранды қадір түні түсірдік. Қадір кеші мың айдан қайырлы», – деп баяндаған. Осы түні періштелер жерге түсіп, жерде ине шаншар орын болмайды. Имам Хамд ибн Ахмад: «Бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша – жер бетіне періштелер сыймай кетеді», - деген.

Бұл түннің шығу тарихы жөнінде мынадай мәлімет бар: Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла тағалаға: «Уа, Раббым, менің үмметімнің өмірлері қысқа, амалдары аз» – деп дұға еткен. Сонда Алла тағала Пайғамбарымызға (ﷺ) Қадір түнін сыйлады және былай деді: «Қадір түні саған және сенің үмметіңе мың айдан артық» (Сафуату тәфасир, ІІІ т., 1525 бет).

Түннің «Қадір» деп аталуының өзінде терең мән бар. Бұл түнде қадірлі үмметке қадірлі Құран Кәрім түскен. Үмметтің қадірлі болатындығы Пайғамбарымыз (ﷺ) мәңгі сапарға аттанарда, Жәбірейіл періштеден өз үмметі туралы сұрағанда, ол Алла елшісін (ﷺ) екі нәрсемен сүйіншілеген болатын. Жәбірейіл періште: «Алла Тағаланың жәннатына Сен кірмейінше ешбір пайғамбар кірмейді және сенің үмметің кірмейінше ешбір үммет жұмаққа кірмейді» деп сүйіншілеген еді. Барша мұсылман үшін Құран түскен күннен қасиетті күн болмаса керек. Сол себепті де бұл түнді Құран, намаз оқып, Аллаға зікір айтып, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауаттар жолдап толық ғибадатпен өткізу керек. Адам құлшылық үшін жаратылған. Технология дамыған заманда пайғамбарлар өмірінен сыр шертетін, рухани, діни мол ақпарат беретін киноларды да көруге болады. Әбу Хурайрадан (р.а.) ол: «Алла елшісі (ﷺ): «Кім Қадір түнін иманмен және сауап алу үмітінде құлшылық етіп өткізсе, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі», - деп айтты», - деген (Бұхари). Қадыр түнінің мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы жұма, түндердің мырзасы — Қадыр түні». Осы түні жасаған құлшылықтарымыз 83 жыл жасалған мінәжәттің сауабына татиды. Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады. Қадір түнгі ғибадатын Пайғамбарымыз (ﷺ) ең бірінші Құран оқудан бастаған. Ендеше біз де бұл түні Құран Кәрім оқудан бастағанымыз дұрыс. Құранның қазақша нұсқасын оқып, ондағы жазылған аяттардың мағынасын түсінуге тырысауымыз керек. Мүмкіндігінше Алланың үйі – мешітте өткізген абзал. Мешітте көпшілікпен бірге құлшылық жасалынады, онда уағыз айтылады, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алуына болады. Ең бастысы жалқаулыққа салынып, нәпсіге жеңілмей, керісінше 83 жылдық ғибадаттық сауабы бар бұл түнді босқа өткізіп алмауға тырысу қажет!

Қадір түні таң рауан бергенге дейін жалғасады.

Алла тағала бұл түнде жасалған бүкіл құлшылықтарды қабыл етсін. Әмин.

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қалалық орталық мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары