Осы түнде құлшылықтың сан түрін жасауға болады. Қадір түнін жақсы өткізуге болатын бірнеше кеңес:
АЛЛАНЫҢ ҚҰРМЕТІНЕ ДЕМАЛЫС АЛ. Яғни, мүмкіндік болса Рамазан айының соңғы он күніне еңбек демалысын алуға тырыс. Жұмыс істеп жүрген болсаң, осы жайлы алдын-ала жоспарлап қой.
БІЛІМІҢМЕН БӨЛІС. Дос-жарандарыңмен, туған-туыстарыңмен, Ислам ғұламаларымен осы 10 түн жайлы әңгіме өрбіт, маңыздылығы жайлы сөйлес. Ғибадат жасауға шақыр.
ИҒТИҚАФҚА КІР. (Құлшылық ету мақсатында мешітте оңаша қалу) – Барлық 10 түнді Иғтиқафта өткізуге тырыс. Барлық түнді олай өткізе алмасаң, қолыңнан келгенше, тіпті бір түн болса да, оңашалан. АЛЛА Елшісі (ﷺ) былай дейді: «Кімде-кім Алланың разылығы үшін бір күн иғтиқафта болса, Алла ол адам мен тозақтың арасын үш ормен алшақтатады, ір ордың арасы Көк пен Жердің арасынан да алыс.
ҚҰРАН ОҚУДЫ КӨБЕЙТ: Қанша көп Құран оқи алсаң, сонша оқы.Құран оқудың сауабы мол. (Намазыңда оқитын сүрелердің мағынасын ұғунуға аса назар сал. Намазыңды алаңдамай оқуға септігін тигізеді).
ҚОСЫМША НАМАЗ ОҚЫ: Қолыңнан келгенше көбірек нәпіл намаздарын оқы. Мысалы, тахаджуд намазы, тасбих намазы және т.с.с.
КӨП ЗІКІР АЙТ: Алла Тағаланы есіңе ал, сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедке (ﷺ)салауат айт, Истиғфар оқы (Алладан кешірім сұра).
ДҰҒА ЕТ (АЛЛАДАН СҰРА): - Бұл дүние мен ақыретте өзіңе әрі жалпы үмметке (жамағатқа) керектің бәрін Алладан жалынып сұра. Рамазан дұға қабыл болатын сәттерге толы ай. Айша анамыз Пайғамбарымыздан (ﷺ): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (ﷺ): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіе гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді. (Ахмад Ибн Маджах, Ат-Тирмизи)
Ұстаз Айбек ОМАР
Пікірлер