Сахаба Ибн Аббас р.а. риуаят етеді: «Пайғамбарымыздың ﷺ немере ағасын өлтірген Уахший, Пайғамбарымызға ﷺ Меккеден хат жазады. Онда: «Мен мұсылман болуды қалаймын, бірақ Сізге түскен мына аяттар мені мұсылман болудан қайтарып жатыр: «Олар Алламен бірге басқа тәңірге жалбарынбайды. Алла өлтірілуін арам еткен кісіні орынсыз өлтірмейді де зина қылмайды. Кімде-кім оларды істесе, күнәға жолығады» («Фурқан» сүресі, 68-аят). Мен осы аятта айтылған барлық шарттарды істегенмін, мен тәубе етсем болады ма?», - делінген. Осы оқиғадан кейін Пайғамбарымызға ﷺ мына аят түседі: «Бірақ кімде-кім тәубе қылса, сондай-ақ кім иман келтіріп, ізгі іс істесе, міне Алла олардың жамандықтарын жақсылықтарға ауыстырады» («Фурқан» сүресі, 70-аят) . Пайғамбарымыз ﷺ осы аятты Уахшийға жазды. Уахший болса: «Әлбетте бұл аятта шарт бар екен. Бұл шарт – ізгі амалдар. Білмеймін, ізгі амалдар істеуге шамам жете ме, жоқ па?», - деп жазды. Сосын Алланың мына аяты түсті: «Алла (Т.) өзіне ортақ қосылуды жарылқамайды да, бұдан өзге қалаған кісісін жарылқайды» («Ниса» сүресі, 48-аят). Пайғамбарымыз ﷺ осы аятты Уахшийға жазды. Уахший болса: «Әлбетте бұл аятта тағы бір шарт бар екен. Білмеймін, Алла Тағала менің күнәларымды кешірді ме, жоқ па?», - деп жауап жазды. Кейін Алла Тағала «Зумар» сүресінің 53-аятын түсірді: «(Мұхаммед Ғ.С.): «Әй өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың рахметінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені, Ол тым жарылқаушы, төтенше мейірімді» де». Осы аятты Пайғамбарымыз ﷺ тағы да Уахшийға жазды. Уахший бұл хаттағы аяттан шартты таппаған соң Мәдинаға келіп, дінді қабылдап, мұсылман болды.
Тура жолды таңдау, Аллаға құлышылық ету адамзаттың парызы. Пайғамбарымыз ﷺ амалын аяттармен негіз еткен осындай сахабалар өткен. Барлық амалдар сауапты іс болып, бақытқа мәңгі кенелу үшін Құдыретті Аллаға бойұысынып, бірлік пен татулықты ту етуіміз қажет.
Балқаш қалалық орталық мешіті
Пікірлер