Абдулла ибн Убайд ибн Умайрадан р.а. келген риуаят бойынша Адам а.с. айтты: «Ей, Раббым, шайтанды менің үстіме еге етіп қойдың. Мен сенің жәрдеміңсіз одан өзімді сақтай алмаймын». Сонда Алла Тағала: «Сенің қай перзентің туылса, Ібілістің қулығынан және жамандық иелерінен де қайтаратын періштені қорғаушы етіп қоямын», - деді. Адам а.с. : «Я, Раббым, арттыр», - деді. Алла Тағала: «Бір жақсылық істесе, он есе сауапқа арттырып жазамын. Бір жамандық күнә істесе, оны біреу етіп жазамын және тәубе етсе, кешіремін», - деді. Адам а.с. тағы да: «Я, Раббым, арттыр», - деді. Сонда Алла Тағала: «Оның рухы денесінде болған уақыттың өзінде тәубесін қабыл етемін», - деді.
Абдулла ибн Суфян айтады: «Мұхаммед ибн Абдурохман Суламий маған әкесінен естігендерін жазды: «Мадинада Пайғамбарымыздың ﷺ сахабаларының бірнешеуінің алдында отырған едік. Бұлардан біреуі: «Пайғамбарымыз ﷺ: «Кім өлуінен жарты сағат бұрын тәубе етсе, Алла Тағала оның тәубесін қабыл етеді», - дегенін естідім», - деді. Сен Пайғамбарымыздың ﷺ дәл осылай айтқанын естігенсің бе?»,-деп сұрағанымда, ол «Иә», деп жауап берді», - дейді. Тағы біреуі: «Менде, Пайғамбарымыздың ﷺ: «Кім өлуден 1 сағат бұрын тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді», - дегенін естідім», - дейді. Және біреуі: Пайғамбарымыздың ﷺ: «Кім өлуден ғарғарадан бұрын тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етеді», - дегенін естідім», - деді.
Алла Тағала құдси хадисте: «Ей, адам баласы, саған өкініш болсын. Күнә істейсің, кейін кешірім сұрайсың, оны кешіремін. Кейін тағы күнә істейсің және тағы кешірім сұрайсың, оны кешіремін. Сорың құрысын, күнәні тастамаған және менің рахметімнен де үмітсіз болмаған пенде. Ей, періштелерім, куә болыңдар. Мен оның күнәларын кешірдім», - дейді. Ақылы бар адам Алла Тағалаға әр күні және әруақытта тәубә етуі керек екен. Өйткені, күніне жетпіс мәрте күнә істеп, тәубеге келіп кешірім сұраса, ол күнә кешіріледі дегені. Әбу Бакр Сыддықтың р.а. риуаяты: «Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Кісі күніне 70 мәрте күнә істеп кешірім сұраса, ол күнә мәңгілік емес», - деді. Пайғамбарымыз ﷺ: «Алла Тағалаға ант, мен әр күні 100 мәрте тәубе етемін», - деді. Хазреті Әли р.а. риуаят етіп: «Маған Әбу Бакр айтты: «Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Бір пенде бір күнә іс істеп, сосын әдемілеп дәрет алып, екі ракәғат намаз оқып, Алладан күнәсінің кешірілуін сұраса, Алла Тағала оның күнәсін кешіреді», - деді. Кейін «Кім бір жаман іс істесе немесе өз жанына зұлымдық істесе, сонан соң Алладан жарылқауын сұраса, Алланың жарылқаушы және мейірбан екенін табады» деген аятты оқыды.
Хасан Басри р.а. риуаят етеді: «Пайғамбарымыз ﷺ: «Алла Тағала Ібілісті жерге түсірген уақытта Ібіліс: «Я, Раббым, Сенің құдіретіңмен ант етемін, мен адам баласынан оның рухы денесінен ажырағанға дейін қасынан кетпеймін (азғырамын)» деді. Сонда Алла Тағала Ібіліске: «Менің құдыретім және ұлылығым сол – пендемнің тәубесін өліммен келе жатқан ғарғара уақытында да қабыл етемін»,- деді. Әбу Қасым Әбу Амама Бахилийдан риуаят: «Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Адам баласының оң иығындағы періште, сол иығындағы періштемен сенімді жолдас. Пенде амал істесе, оның істеген жақсы амалы үшін 10 сауап жазады. Егер, жаман амал істеп қойса, сол жақ иықтағы періштеге оң жақ иықтағы періште: «Тоқта, жазбай тұр, мүмкін тәубе етер»,- дейді екен. Пенде Алладан кешірім сұрап, тәубеге келсе, еш нәрсе жазылмайды. Егер, кешірім сұрамаса, бір күнә істеді»,- деп жазады екен. Осы хадистің шарқында Әбу Лаус Самарқанди р.а. Пайғамбарымыз ﷺ айтты: «Күнәларына тәубе етуші кісі тура күнәсі жоқ кісі сияқты». Басқа бір риуаятта: «Егер пенде бір күнә іс істесе, басқа күнәні істегенше, осы істеген күнәсі жазылмайды. Бес күнә жиналғанда және бір жақсылық істесе, осы бір жақсылығына бес сауап жазылады», - делінген. Осы уақытта шайтан бақырып: «Адам баласына күшім қалай жетеді? Мен оны күнә істеуге үндеп, күш жұмсап, әрекет етсем, істеген бір жақсылығымен барлық азғыруымды бекер етті», - деп айтады екен.
Хасан Басриден адамдар. «Пайғамбарымыз ﷺ-ның хадисінде «Кісі күнә істеп, тәубе етеді. Сосын тағы күнә істеп, тағы тәубе етеді. Сосын тағы күнә істеп, тәубе етеді» деген, бұл қашанға дейін жалғасады?», - деп сұрапты. Сонда Хасан Басри: «Мен мұны имұсылмандардың мінез-құдқынан деп білемін», - деген екен.
Балқаш қалалық орталық мешіті
Пікірлер