Тілдік нұсқа
Радио

мақала

САДАҚАДА ОРТА ЖОЛДЫ ҰСТАНЫП ЖҮРМІЗ БЕ?
26 ақпан, 2021 жыл 649 Басып шығару нұсқасы

Имам Мәлік (р.а.) риуаят етуде: «Айша (р.а.) анамыз ораза тұтқан күні бір кедей жәрдем сұрап келеді. Үйінде бір жапырақ наннан басқа азық жоқ еді. Соған қарамастан қызметшісіне: «Келген адамға үйдегі нанды бер», - деді. Қызметшісі: «Егер нанды берсек, кешкісін аш жатамыз», – десе де, Айша (р.а.) нанды әлгі кедейге ұсынды. Кешкісін біреулер үйіне піскен ет пен нан әкелді. Айша (р.а.) қызметшісін шақырып алды да: «Ал, бұл нан әлгі бергің келмеген нанның орнына келген нығмет», – деді. Алла Тағала Айшаның (р.а.) ықыласына риза болып, оның қажетін өтеді. Қандай да амал ізгі ниеттен туса, пенде оның жемісін әлбетте көреді. Сараңдық таныту мұсылмандарға жат пиғыл.

Біздің дәуір ең бай, қуатты дәуір деп айтсақ қателеспейміз. Пайғамбарымыздың (ﷺ) заманымен салыстыруға әсте келмес. Бірақ, жоқшылыққа қарамай, сахабалар бар байлығын садақа ретінде жұмсауға асыққан. Қазір қалтасындағы 200 теңгесін садақа етіп беріп, соны жылдап мақтан тұтып, іштей өзіне риза болып жүретін жандар табылады. Бұл әсте құптарлық жайт емес. Сахабалардан Талханың әйелі Суғда өз басынан өткен оқиғаны былайша баяндайды: «Бір күні Талха (р.а.) жүз мың дирхамын садақа етіп таратты. Сол күні мен оның көйлегіне жамау салып отырған едім. Ауыстырып киетін өзге көйлегі болмағандықтан, мешітке жамағатпен оқылған намазға бара алмады» (1).

Әлбетте, садақа беру қажет. Бірақ садақа берудің де өз реті бар. Алла Тағала пенденің бар дүниесін садақа етіп таратып, соңынан оның қиналып қалуын жөн көрмейді. Алла Елшісінің (ﷺ) бір кәрі әйел көршісі болатын. Ол қызын Расулуллаһқа (ﷺ) жіберіп, «Намаз оқығанда киетін киімім жоқ. Маған намазда жамылатын бір киім жіберіңіз», – деп жалбарынды. Алла Елшісінің (ﷺ) дәл сол уақытта артық киімі жоқ еді. Үстіндегі «әнтарииді» (ұзын көйлек) шешіп, сол әйелге жібереді. Намаз уақыты келген кезде киімсіз болғандықтан мешітке бара алмады. Сахабалар мұны естіп, «Расулуллаһ сонша жомарт, киімсіз қалып мешітке келмей отыр. Біз де барлық нәрсемізді кедейлерге таратайық», – деді. Алла Тағала «Исра» сүресінің 29-шы аятын жіберді. Алдымен хабибіне «Қолыңды мүлде мойныңа байлаулы қылма да (өте сараң болма) бүтіндей ашпа да. Әйтпесе, сөгіске ұшырап, таршылықта қаласың», – деп бұйырды (2).

Бұл хадистерден алар хикметіміз, әрбір келген нығметті Алланың берген сыйы деп қабылдауымыз керек және садақа берерде сараңдық танытпай, орта жолды ұстану шарт. Ақылға салған адам, әрине Аллаға бойұсынады, нығметін сезініп, ұғынады, шүкірлік етеді. Садақаны Алланың разылығын алу үшін беру сауапты. Аллаға шүкір, біздің қоғамда киер киімі, ішер асы жоқ болып, таршылықта өмір сүріп жатқан адам кемде-кем. Ақылға салып, бір күні ораза тұтып, сол күнгі желінер асты садақа етіп тарату қандай құптарлық іс десеңізші. Нәпіл оразасы үшін жеке сауап, садақасы үшін тағы сауап! Күніне 10 теңгені бөлек жерге қойып, жинап, ай соңында жиналған қаражатты (аз-кемі бар 3000 теңге шамасы болып қалады) садақа етіп таратса, қандай керемет! Тамшы жиналып, көлге айналатыны секілді, 10 теңгемен жинаған қаражатыңыз таудай сауап болмасына кім кепіл? Тіпті, «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» (3).

 

1. Қ. Бағашар «Тағылым таразысы»

2. Р. Айваллы «Хазреті Мұхаммед () өмірі»

3. Табарани

 

«Жанқұтты би» мешіті

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары