Тілдік нұсқа
Радио

мақала

МЕН СІЗДІ СҮЙЕМІН!
24 тамыз, 2016 жыл 2752 Басып шығару нұсқасы

Бір күні Пайғамбарымыздың қасында отырғанымызда жанымыздан бір адам өтті, ­- дейді сахаба Әнас бин Мәлик. ­– Сол жерде отырғандардың бірі Пайғамбарымызға :

  • Уа Алланың Елшісі! Расымды айтсам, мен бұл адамды Алла разылығы үшін сүйемін! – деді. Пайғамбарымыз әлгіден:
  • Сен оны сүйетініңді, жақсы көретініңді өзіне айттың ба? – деп сұрады. Әлгі жан:
  • Жоқ,  айтпадым, - деп еді, Пайғамбарымыз :
  • Кәне тұр да оған сүйетініңді айт, араңыздағы сүйіспеншілік күшейсін! – деді.

Әлгі де орнынан тұрып өтіп кеткен адамның артынан қуып жетіп оған:

  • Мен сені Алла үшін сүйемін! – деді. Ол да:

Алла да сені сүйсін! – деп жауап қайырды (Әнас бин Мәлик риуаят еткен хадис, Әбу Дәуіт: Әдеп, Ахмад бин Ханбал: Мүснад).

Махаббат, сүйіспеншілік – Ислам дінінде ерекше орынға ие сезім. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген принципті негізге алған дініміз бұл сезімнің жасырын қалмай, айтылуын талап етеді. Себебі, адамзат арасындағы сүйіспеншілік, махаббат артқанда, діннің тұтастығы мен бірлігі бекем болады. «Адамы жаман емес, амалы жаман» деген ұстанымды бойтұмар еткен сопылардың да насихатты осы сүйіспеншілік еді. Дін қазақ топырағына осы сүйіспеншілікпен егіліп, тамырын тереңге жайған еді. Көңілдің құлпы да махаббат пен сүйіспеншілік кілтіне ғана ашылмақ. Сол себепті, Пайғамбарымыз арадағы махаббат пен сүйіспеншілікті күшейту үшін оны жасырып қалмай жайып салуды бұйырған.

Дәл бүгінгі күні біздің қоғамға осы бір сүйіспеншілік жетіспейді. Қоғамымыздағы, дініміздегі ауызбіршіліктің болмауы, алауыздықтың туындау осыдан болса керек. Бір сапта қатар тұрған екі мұсылман бірін-бірі жек көріп тұрады. Неге? Себебі, махаббат жоқ. Ислам дұшпандары қаншама жылдар бойы мұсылмандардың арасынан осы бір сүйіспеншілікті жою үшін небір жобалар дайындады. Соның бірі де Ислам дінін түрлі ағымдарға бөліп, паршалап, біркелкіліктен айыру еді. Себебі, біркелкі, бірдей, бірлікпен жасалған істе күш бар, қауқар бар. Мәселен, физикадан білетініміздей, әскерді көпірден біркелкі жүргізіп өткізбейді. Себебі, әскер адымдарын бірдей басып өтетін болса, олардың адымдарынан туындаған жиілік көпірдің резонанстық жиілігіне теңесіп, көпірді қиратып жіберуі мүмкін. Сондықтан да көпірге жақындаған әскер біркелкі емес, еркін жүріп өтеді. Міне, мұны жақсы білетін дұшпандар қоғамдағы біркелкілікті бұзуға тырысады. Себебі, бірлік, біркелкіліктің алынбайтын қамалы, бұзып өте алмайтын қорғаны қалмайды. Осыдан қорыққан дұшпан бүгінде біздерді бір сапта тұрғанның өзінде біркелкі тұрмайтындай халге жеткізді. Түрлі тұрыста тұрған жамағат бір-бірін осы бір тұрыстары үшін жек көретіндей жағдайға келді. Махаббат, сүйіспеншілік арадан жоғалды. Тек дауласқан, жаға жыртысқан, бет тырнасқан, ит пен мысықтай ырылдасқан бір қоғам пайда болды.

Ендеше бізге махаббатты, сүйіспеншілікті насихаттау керек. Бірліктің кілті осы ғана. Бір-бірімізге сүйетінімізді тартынбастан айтуымыз керек. Алла да бізді сүйсін. Әумин!

Салтан САЙРАНҰЛЫ

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары