Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖӘННӘТТІҢ ҚАҚПАСЫ КІМДЕРГЕ АШЫҚ?
13 қыркүйек, 2016 жыл 2472 Басып шығару нұсқасы

Айша (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (ﷺ) түсінде жұмаққа кіріп бара жатқанын, сол сәтте жұмақтан Құран оқыған әлдекімнің дауысын естігенін айтады. Пайғамбар (ﷺ) ол жақтағылардан бұл кімнің дауысы екенін сұрағанда, олар: «Харрис ибн Нұғманның» деп жауап береді. Мединалық аңсар Харрис ибн Нұғман пайғамбарымыздың (ﷺ) көмекшісі әрі мықты сахабалардың бірі болған. Ол Бәдір, Ұхұд, Хандак және т.б. соғыстарға қатысқан. Бірақ, Алла елшісі (ﷺ) Харрис ибн Нұғманның жұмаққа кіруіне бұл еңбектерімен емес, оның басқа амалмен кіретінін айтып, өзге қырын көрсетіп, бұл жайды түсі арқылы жеткізді. «Бұл – ата-анаға деген мейірім мен махаббат, құрметтің арқасы», - деді де, сосын пайғамбар (ﷺ) үш рет қайталап: «Себебі, Харрис анасын аса құрмет тұтып, оның разылығын алу үшін көп көңіл бөлетін», - деп айтты (1).

Мұхаммед пайғамбарымыз (ﷺ) осы хадисі арқылы жұмақтың кілті қайда жатқанын көрсетеді. Кімнің әке-шешесі тірі болса, соларға құрмет көрсетіп, жұмаққа апарар осы жолды мықым ұстап алғаны дұрыс екендігін меңзейді.

Абу Хурайра (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) мына хадисін жеткізді: «Ата-анасының біреуінің немесе екеуінде қартайған күйде көрген пендеге өкініш, өкініш және өкініш болсын және ол бұдан кейін жұмаққа кірмейді!» (2). Пайғамбар (ﷺ) бұл хадисті «Миғраж» оқиғасынан кейін айтқан. Хадис мағынасын Құран аяттарын оқып, толық түсінуге болады. Алла тағала бұл туралы ашық айтып, бұйырып қойған: «Раббың, өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық қылуларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «Түһ» деме (кейіс білдірме). Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екеуіне сыпайы сөз сөйле». Жоғарыдағы хадис «Исра» сүресіндегі Алланың осы бұйрығына негізделген. Осыған ұқсас хадис имам Мүслимде де келеді. Абу Хурайраның (р.а.) риуаят етуінше, ол Алла елшісінің (ﷺ ) былай деп айтқанын жеткізді: «Әке-шешесінің бірінің қартайғанын көріп Жәннәтқа кірмегенге нендей масқара және де нендей масқара» (Муслим). Қартайған ата-ана перзентке салмақ емес, керісінше жұмаққа кіруіне себеп. Бойынан қауқары кетіп, қарттық жеткенде перзенттің ыстық ықыласына мұқтаж қарияларды құрметтеу баршамызға парыз. Әке-шешесі қасында болып, лайықты мейірім көрсете алмай отырған пенделерге қандай өкініш!

Харрис әл-Укайли анасы қайтыс болғанда еңіреп жылады. Бұл әрекетіне тамсана қарағандарға ол: «Мен жыламай кім жыласын, айтыңдаршы! Өйткені, мені жұмаққа алып барар есіктердің бірі жабылды ғой!» - депті. Ат-Тирмизиден жеткен хадисте Абу Дарда (р.а.) басынан өткен мына жайды айтады: «Мен Алла елшісінің (ﷺ): «Ата-ана ол Жәннәттің ортаңғы (ең жақсы) қақпасы, қаласаң сен сол қақпаны сақтай аласың не жоғалта аласың», - деп айтқанын естідім», - деді.

 

1. Әбу Иала. Әл-Муснад; Насаи. Ас-Сунануль-кубра.

2. Мүслім. Бирр; Ахмад ибн Ханбал. Муснад.

 

Нуров Махмұд қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары