Сағид бин Әмір әл-Жұмахи... Тарихшылар бұл сахабаға: «Дүниені беріп, ақыретті сатып алған, Аллаһ Тағала мен оның Елшісін ﷺ ақырет пен дүниеден де артық көрген жан», – деп баға береді. Сағид бин Әмір әл-Жұмахи (р.а.) Хайбар және содан кейінгі барлық соғыстарда Пайғамбарымыздың ﷺ жанында болған. Пайғамбарымыз ﷺ дүниеден озғаннан кейін де Хазіреті Әбу Бәкір (р.а.) мен Хазіреті Омардың (р.а.) халифалығы дәуірінде олардың қолдарындағы «қынынан суырылыған қылыш» болған бір сахаба. Пайғамбарымыздың ﷺ екі үлкен халифасы Сағид бин Әмірдің турашылдығын, діндарлығын біліп, оның насихаты мен сөздеріне құлақ асатын. Хазіреті Омар Халифа болғанында Сағид бин Әмір қасына кіріп:
– Ей, Омар! Халықтың ісін атқарарда Аллаһ Тағаладан қорқуыңды, Аллаһ Тағаланың әмірін орындауда адамдардан қорықпауыңды, сондай-ақ сөзіңнің ісіңе қайшы болмауын өсиет етемін. Сөздің ең қайырлысы – ісінің мақұлдағаны.
Ей, Омар! Барлық істерін мойныңа алған мұсылмандармен айналыс. Өзіңе және отбасыңа тілегеніңді оларға да тіле. Өзің мен отбасың үшін тілемегенді олар үшін де тілеме. Ақиқатқа қол жеткізгенше барлық қиыншылықтарға қасқайып қарсы тұр. Аллаһ Тағаланың әмірлерін орындауда ешбір өсек пен сөгістен қорықпа! – деп өсиет етеді. Бұған Хазіреті Омар (р.а.):
– Бұған кімнің күші жетеді, Сағид? – дейді. Сағид:
– Аллаһ Тағаланың Мұхаммед ﷺ үмбетінің басына алып келген және өзі мен Аллаһ Тағала арасында ешкім табылмаған сен секілді біреудің йбұған күші жетеді, – дейді.
Бірде Хазіреті Омар Сағид бин Әмірді қасына көмекші ретінде шақырып:
– Сағид! Біз сені Хумусқа әкім етіп тағайындамақшымыз, – дейді. Сонда Сағид:
– Омар! Аллаһ разылығы үшін, бұны менің басыма бәле ете гөрме! – дейді. Бұған Омар ашуға булығып:
– Өкініш болсын, сендерге! Бұл істі (халифалық) менің мойныма асып қоясыңдар да мені жалғыз тастап кетесіңдер! Аллаһ Тағаланың атымен ант етемін, сені бұлай қалдырады деп ойлама, – деп оны Хумусқа әкім ретінде тағайындайды да:
– Саған біраз жалақы тағайындайын, – дейді Омар. Сағид:
– Мен оны не қыламын? – деп жалақыдан бас тартып, Хумусқа аттанып кетеді.
Арадан біраз уақыт өтеді. Мүминдердің Әміршісі Омарға Хумус халқынан біраз кісілер келеді. Хазіреті Омар оларға: «Маған кедейлеріңіздің тізімін беріңіздер, мен олардың қажеттіліктерін өтейін», – дейді. Олар да кедей-кепшіктерінің тізімін құрып берді. Ішінде Сағид бин Әмірдің де есімі жүр екен. Омар:
– Сағид бин Әмір деген кім? – деп сұрайды. Олар «әкіміміз» деп жауап берді. Омар бұған таңғала:
– Әкімдерің кедей ме не? – дейді. Оның бұл сұрағына олар:
– Иә, Аллаһ Тағаланың атымен ант етеміз. Оның үйінде ұзақ уақыт бойы от жағылмайды, – дейді. Яғни, қаншама күн бойы ыстық тамақ ішпейді дегендері. Сонда Хазіреті Омар сақалын жуғанша көз жасын көл қыла жылайды. Сөйтіп Сағид бин Әмірге мың динар ақша жібереді де:
– Оған менен сәлем айтыңдар! Мүминдердің әміршісі қажеттіліктерің үшін мына ақшаны жіберіп отыр деңдер, – дейді.
Сағидке халифаның жіберген бір дорба ақшасын алып келді. Дорбаны ашып, ақшаларды көрген Сағид (р.а.) аулаққа қашып, басына бір пәлекет келгендей:
– “Иннә лилләһи уә иннә иләйһи ражи’уун” (Біз Аллаһ Тағалаға тиесіліміз әрі Аллаһ Тағалаға қайтамыз) дей бастайды. Өйткені, бұл аятты мұсылмандар басқа келген бір бәле кезінде, не бір жақынының қайтыс болғанын естірткенде айтатын еді. Әйелі де «не боп қалды екен» деп жанына жетіп келіп:
– Не болды, Сағид? Мүминдердің әміршісі өлді ме? – деп сұрайды. Сонда Сағид:
– Керісінше, одан да зоры!
– Әлде мұсылмандардың басына күн туды ма?
– Жо-жоқ, одан да зоры!
– Одан асқан, одан зор не болуы мүмкін?
– Дүние ақыретімді бұзу үшін үйіме бас сұқты, үйіме бүлік кірді! – дейді сахаба.
– Олай болса, дереу құтыл бұдан! – дейді әйелінің бұл динарлардан еш хабары жоқ күйде.
– Онда маған жәрдем етсең...
– Әрине!
Сағид динарларды алып, әйелі екеуі бұл ақшаның бәрін кедей-кепшік, жарлы-жақыбай, мұқтаж жандарға таратып берді.
Міне, тақуалығымен танылған Сағидтің бұл оқиғасы оқыған жанды қайран қалдырмай қоймайды. Бір-бір шоқ жұлдыз болған сахабаның бұл ғибратты ғұмыры баршамызға үлгі-өнеге. Оның осындай тақуалығына қарамастан, әкімдік қызметіне шағымданушылар да табылды. Хазіреті Омар мән-жайды өз аузынан естімек болып, Сағид бин Әмір мен шағымданушыларды жүздестіреді. Бұл оқиғаны, Аллаһ жазса, келесі бір жазбамызда баяндап бермекшіміз.
Абдуррахман Рафәт әл-Бәшәнің "Сахаба өмірінен көріністер" атты еңбегінен
Әзірлеген: Салтан САЙРАНҰЛЫ
Пікірлер