Тілдік нұсқа
Радио

мақала

СЫЙЛЫҚ БЕРУДЕ НЕ СЫР БАР?
21 ақпан, 2024 жыл 2882 Басып шығару нұсқасы

Сыйлық алуды əркімнің-ақ ұнататыны белгілі. Өйткені сыйлық алғанда, адамның жаны жадырап, көңілі көтеріліп, іштей бір марқайып қалатыны рас. Елең еткізер қуанышты жағдайларда болмаса, жайшылықта оның бұйыра бермейтіні тағы бар. Иығына шапан жабу, астына ат мінгізу, алдына қоралап қой, үйірлеп жылқы салып айдату, сəлемдеме ретінде азынаулақ сый-сыяпатын беріп жіберу – о бастан қазақ дəстүріне сіңісті жомарт мінезділік пен құрметтеудің, шын көңілден сыйлаудың белгісі. Ірі хадис жинақтарында осы сыйлық мəселесіне арнайы бап енгізілгені бұл мəселенің Ислам дінінде айтарлықтай маңызы бар екенін байқатады. Əр ісі даналыққа толы сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ) сыйлыққа үлкен мəн берген. Хадистерінде сыйлық берісудің адамдардың бір-біріне деген сыйластығын, татулығын, өзара сүйіспеншілігін арттыратындығын білдірген. Хадистердің бірнешеуін мысалға алар болсақ: «Бір-біріңізге сыйлық беріңіздер! Өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, жүректі кірбіңнен тазартады»; «Сыйлық берісіңіздер, бір-бірлеріңізді жақсы көріңіздер»; «Жейтін нəрсе сыйлаңыздар. Бұл несібелеріңізді молайтады». Пайғамбарымыз (ﷺ) садақа қабылдамағанмен сыйлықты қабылдайтын. Өйткені садақа алуға өзіне əрі əулетіне тыйым салынған еді. Сол себепті үйінде жаңа зат көрсе, оның садақа я сыйлық екенін сұрайтын. Садақа болған жағдайда дереу кедей-кепшіктерге таратып, сыйлық болған жағдайда ғана қабыл алатын. Пайғамбарымызға (ﷺ) сыйлық есебінде келетін заттар көп болған. Оны сол кезеңдегі əдет бойынша көбіне жан-жақтан патшалар жіберген. Сыйлықтардың арасында жейтін заттар да, түрлі киім-кешек те кездескен. Аллаһ елшісі (ﷺ) сыйлықтардан жақындары мен таршылық көріп отырған мұсылмандарға да тарататын. Қасында адамдар отырған кезде, бір сыйлық келе қалса, егер таратуға келсе, дереу қасындағыларға да үлестіретін. Өйткені, «Біреуге сыйлық берілгенде, қасында адамдар отырса, олардың да бұнда үлесі бар», – дейтін. Пайғамбарымыз  (ﷺ) сыйлық қабылдап қана қоймай, өзі де артынша ол кісілерге сыйлық жіберетін. Кейде сол мөлшерде, кейде тіпті артығымен жасағанды ұнататын. Асыл жарларына, жақындарына, сыйлас, қимас кісілерге, алыстан келген қонақтарға, т.б. сыйлықтар беретін. Əсіресе, сырттан келген қонақтарды сыйлықсыз қайтармайтын. Тіпті көз жұмар алдындағы соңғы өсиеттерінің бірі елшілерді сыйлықсыз құр қол жібермеу болғандығы мəлім. Пайғамбарымыз (ﷺ)  əр келген кісіге сыйлық берерде оның қоғамдағы беделін, орнын ескеретін. Киім-кешек, жеміс-жидек, иіс май, ат, түйе, ет, жер, құрма бақшасы т.б. Пайғамбарымыз (ﷺ) берген сыйлықтар қатарына жатады. «Қойдың қара сирағы болса да» берген сыйлықты ризашылықпен қабыл алу, шын көңілмен рақмет айту, өзің берген сыйлықты артынан қайтарып алмау, діндегі игі мақсаттарын ойлап сыйлықты таза ниетпен беру, сөзін өткізу, жағыну я ауызбастырық секілді жымысқы пиғылды көздемеу, сыйлыққа көңіл бөліп мүмкіндігінше оны кəдеге жарату т.б. сыйлық берісудің мұсылмандықта қалыптасқан əдебіне жатады.                      

          Сыйлық беру, сый-сияпат жасау, сыйлағанын көрсету кəдесі о бастан қазақ дəстүріне сіңісті деуге толық негіз бар. Оны «Көгентүп» деп аталатын қонақ балаға тарту етілетін аша тұяқ салтынан, қандай да бір қуанышқа ортақтасқанда мал атау, бəсіре арнау, сыбаға сақтау сынды дəстүрлерден байқаймыз. Иə, сыйлық беру – адамдардың іңкəр сезімін оятып, бір-біріне деген құрметін арттырады. Шынайы ізгі ниет қалыптастырып, аралас-құраластықты, достықты, бауырмашылдықты, сүйіспеншілікті нығайтады. Жүректі кірбіңнен, кірден тазартып, арадағы салқындықты жылылықпен алмастырады. «Сыйға сый...», «Асықты жілік бергенге жамбасыңды сақта», «Иесін сыйлағанның итіне сүйек таста», «Сыйласаң, сый көрерсің», «Дос бергеннің түсіне қарама» деп мақалдаған қазақ атамыз да «Əркім сыйлағанның құлы» дегенді бекер айтпаса керек.

Асхат Қанайұлы

Абай аудандық орталық мешітінің имамы 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары