Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қабірге жетелеген сұлу әйел
13 қаңтар, 2017 жыл 1303 Басып шығару нұсқасы

Бірде адам базар аралап жүріп, азан дауысын естиді. Дәл осы сәтте назары әлде бір әйелдің әдемі дене бітіміне түседі. Әлгі әйел қап-қара киініп алса да, оның болмыс-бітімі адамға ерекше тартымды болып көрінді. Бейтаныс әйел мұның назарын байқап, көз қиығын бір тастап бұрылып, жүре берді. Адам жүрегі алабұртып, бейтаныс әйелдің соңына түсті. Азан дауысын да, құлшылық уақытын да ұмытты.

Бейтаныс әйелге енді жете бергенінде әлгі әйел бір бұрылып, күлімсіреді де, қайтадан бағытын өзгертіп ала жөнелді. Оның күлімсіреген жүзінен адамның есі кетті. «Бұл кім?» - деген сұрақ қана көкейінде тұрды. Ал әлгі бейтаныс әйел бұны қызықтырған үстіне қызықтырып, соңынан салпаңдатып жүгірте берді. Осылай қару-жарақ сататын базардан, май сататын базардан, жібек пен былғары сататын базарлардың бәрінен өтті.  Сөйтіп қаланың шетіне де шықты. Күн батып, кеш түсе бастаған шақ. Әлгі әйел бір сәт аялдамастан адамды шаршатып-шалдықтырып, кеш бата Өлілер мекеніне бір-ақ әкелді. Бұл олардың соңғы тоқтаған жері еді. Екеуінің арасында жиырма қадам қашықтық қалды. Адам көзін ашып жұмамын дегенше болған жоқ, бейтаныс әйел баспалдақпен төмен қарай түсіп кетті. Адамға да басқа жол жоқ. Әйелдің соңынан ол да түсті. Бір есіктен өтті. Бұдан өткенде тағы бір есікті байқады. Ол жақта шам жанып тұр екен. Сол есікке кіргенінде әлгі бөлменің үлкен екенін және өмірде өзі көрген үйдің бөлмелеріне ұқсамайтынын байқады. Есікке қарсы тұрған төсек-орында әлгі бейтаныс әйел отырды. Оң жағында құдық бар екен. "Есікті жап та, маған кілтті әкел"- деді бейтаныс әйел сыбырлай. Адам оның айтқанын бұлжытпай орындады. Кенет әлгі әйел қасындағы құдықты көрсетіп: «Кілтті сонда таста»-деді. Адам бір сәт кілтті онда тастаса мына тұрған жерінен шыға алмайтынын ойлап бөгелді. Әлгі әйел: «Таста, қорықпа. Сен менің соңымнан күнұзын жүріп, осында келуге қорыққан жоқсың ғой»-деді. Адам кілтті тастай берді. Құдыққа тасталған кілттің сыңғыры бөлме ішін алып кетті.

Содан кейін әлгі әйел «Енді менің жүзімді көр»-деді де, бетіндегі қара пердесін алды. Адам күндіз өзіне көрінгендей жас, сұлу бойжеткенді емес, тісі ақсиған, кәрі кемпірді көрді. Сонда әлгі кемпір: «Жақсылап қара. Менің атым Дүние. Бұл дүние. Мен сенің ғашығыңмын. Өз уақытыңды менің соңымда жүрумен өткіздің. Ал енді осында, өз қабіріңде мәңгі қаласың»-деді де, ғайыпқа айналып кете барды.

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары