Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫН ТОЗАҚ ОТЫНАН ҚҰТҚАРАТЫН ЖОЛ
19 қаңтар, 2017 жыл 2788 Басып шығару нұсқасы

Имран бин әл-Хусайнның (оған Алла разы болсын) жеткізуі бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйел адамдардың көптеп садақа беріп тұруын ескерткен. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен Жұмаққа қарағанымда, ол жерден көп жарлыны көрдім. Сосын тозаққа қарадым, ал ондағылардың көбі әйелдер қауымы еді» деген (имам Бұхари, имам Муслим). Бұл хадисті келтіріп отырғанымыздың себебі, осы хадисті айтып болған соң Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әйелдер қауымын тозақтан сақтанудың жолы садақа беру екенін ескерткен.

Абдулла ибн Аббастың риуаят етуі бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Маған Тозақ көрсетілді. Мен ондай жаман жерді бұрын соңды көрген емес едім. Ондағылардың көбі әйелдер болды». Адамдар: «О, Пайғамбар, неге онда әйелдер көп?» деп сұрады. Ол: «Олардың қанағатсыздақтары себепті» деп жауап қатты. Адамдар: «Олар Аллаға қанағатсыздық танытады ма?» деп сұрады. Сонда пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Олар өз күйеулеріне ризашылық танытпайды. Егер бүкіл өмір бойына жақсылық жасап, бір рет жағымсыз әрекетін көрсе, олар: «Мен сенен ешқашан жақсылық көрген жоқпын» дейді (имам Бұхари).

Абу Саид әл-Худридың риуаят етуінше: «Бір күні Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Ид әл-Адха немесе Ид әл-Фитр күні уағыз айтатын жерге барды. Әйелдердің жанынан өтіп бара жатып: «О, әйелдер, садақа беріңдер, мен Тозақтағылардың көпшілігі әйелдер екенін көрдім» деді. Олар: «О, Алла елшісі неге бұлай?» деп сұрады. Ол: «Сендер өз күйеулеріңе жиі қанағаттық танытпай, оларды қарғайсыңдар. Мен сендер сияқты ақылы аз және діни міндеттерін орындамайтындарды кездестірмедім. Көреген және зерделі адам сендерді бұл жолдан мүмкін қайтарар» деді. Әйелдер тағы: «Біздің діни міндетімізді толық атқармаумен ақылымыздың аздығы неден көрінеді?» деп сұрады. Сонда Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Екі әйелдің куәлік етуі бір еркектің куәлік беруімен теңеспейді ме?» деп сұрады. Әйелдер: «Иә» деп жауап қатты. Сосын: «Бұл – оның ақылының аздығы. Сондай-ақ, әйелдердің етеккір келгенде намаз оқымауы мен ораза ұстай алмайтындығы да рас емес пе?» деді пайғамбар. Әйелдер қауымы тағы да «Иә» деп тіл қатты. Пайғамбар сөзін жалғасытырып: «Осы – әйелдің діни міндетін толық орындамауы және ақылының аздығына жатады» деді (имам Бұхари).

Жабир ибн Абдуллах былай деп айтқан: «Мен бір мерекелік намазда Алла елшісімен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге болдым. Ол азан және иқамсыз құтпаға дейін намаз бастады. Сосын жоғары көтеріліп, Біләлге сүйкене тұрып, Аллаға бой бұру турасында шақырып, тақуалық жайлы уағыз айтты. Ол адамдарды оқытып, оларға ескертулер айтты. Сосын әйелдерді үйретіп, оларды ескертті. Соңынан: «Зекет, садақа беріңдер немесе сендердің көбің тозақтықсыңдар» деді. Қара жапқыштағы әйелдер тұрып: «Неге олай, о, Алла елшісі?» деп сұрады. Ол: «Сендер күйеулеріңе ризашылық танытпайсыңдар да оны айыптайсыңдар» деді. Сосын әйелдер тұрып, сырға, білезік секілді құнды заттарын садақа ретінде Біләлдің етегіне салды» (Муслим).

Осы хадистерге сүйеніп, әйелдер қауымына Аллаға құлшылықты арттырып, қайыр-садақаны көбейткен абзал дегіміз келеді. Тозақ отына қақпан болатын садақаны беру үшін көп ақшаның қажеті жоқ. Айтылған жылы сөз де – садақа. Үлкен мен кішіге көрсетілген мейірім де – садақа. Көршіге көрсетілген жылы лебіз де – садақа. Шаңырағындағы ер кісіге, яғни күйеуінің көрсеткен қамқорлығына ризашылық танытып, Алланың разылығы үшін күйеуіне әрдайым күліп, жылы кейіпте жүру де – садақа. Олай болса, үйдегі ер азаматты дос-құрбыға жамандамай, керісінше жақсылығын асыра айтып, сыртқа мақтан тұта білген қайырлы болмақ.

 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары