Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Жетімді асырағанның жәннатта алар орны
08 қараша, 2022 жыл 2059 Басып шығару нұсқасы

Мұхаммед ибн Қайыстың айтуынша, сахаба Абдуллаһ ибн Омарға (р.а.) дастархан басында пақырлармен бірге отырмаса ас батпайды екен. Түскі және кешкі асқа айналасындағы жетімдерді де шақыратын ерекше әдеттің иесі екен.

Бір күні түскі ас уақытында бір жетім алдырып, дастархан жайды. Алайда ас ішер кезде оны таба алмай қалады. Тамақ ішіп болған сәтте ғана әлгі жетімнің қарасы шалынды. Абдуллаһ ибн Омар қолына алып өзі ішкелі отырған шәрбатты оған ұсынып: «Сен мынаны іш, өте дәмді», - деді. Ол шәрбатты басына бір-ақ көтерді.

Құдайберді Бағашардың «Тағылым таразысы» атты кітабында жарық көрген осы әңгімеден алар ғибрат бар. Өйткені Алла елшісі (ﷺ) жетімдерге қамқорлық жасау туралы көп айтып кеткен. Құран Кәрімнің «Зуха» сүресінде «Ендеше жетімді қорлама. Сұраушыны зекіме» деген (9-10 – аяттар). Сахл бин Саъд (р.а.) Алла елшісінің  (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Мен Жәннатта жетімді асырағанмен мынадай бірге боламын», - деп, сұқ саусағы мен одан кейінгі саусағының арасын ашып көрсетті (имам Бұхари).  Ал Абу Хурайрадан бұл хадис былайша өрбиді: Алла елшісі (ﷺ): «Туысқандарының ішінен не болмаса басқа адамдардан жетімді асыраушы, Жәннатта менімен осы екеуі секілді жақын болады». Осыны айтып, бұл хадисті жеткізуші Малик бин Анас сұқ саусағымен одан кейінгі саусағының арасын көрсетті» (имам Мүслим).

Қазір біздің қоғамда жетімнің қатары артып келе жатқаны ащы шындық. Дінсіздіктің, тәрбиесіздік көрінісі болатын бұл жағдай қазақтың ұлттық идеологиясына нұқсан келтіруде. Қазақтығымызды, ұлтжандылығымызды жоғалтып алмау үшін жетімдерді жылатпауға тиіспіз. Қамқорлығымызды үдетіп, жер бетінде жетімдерді болдыртпауымыз қажет. Ғаламтор беттерін көбіне жастар оқитын болғандықтан, пайғамбарлар өмірінен көрініс тапқан бірнеше оқиғаларды келтіруді жөн санадық.

Бір адам Яқуб  (а.с.) сұрайды:
Көзің не үшін көрмейді, белің не үшін бүкір болып қалған?

Көзім Юсуфқа жылағаным үшін көрмей қалды. Бүняминге ренжігенім себепті белім бүкірейіп қалды.


Осы кезде Жәбірейіл (а.с.) келіп, былай дейді:

Халіңнен шағымданып жатырсың ба?

Мен тек қайғы-қасіретімді Алла Тағалаға білдіріп жатырмын. Иә, Раббым, көздері көрмейтін, белі бүкірейген мына кәрі шалға мейірімділік ет! Екі баламды маған қайтарып бере көр.

Жәбірейіл (а.с.):
Алла Тағала сәлем айтып жатыр және былай деді:

«Екі ұлың өлі болғанда да сені қуанту үшін оларды тірілтер едім. Көзіңнің көрмеуі және беліңнің бүкіреюінің себебі мынау: Бір күні ораза тұтқан, қарны аш, кедей бір жетім саған келген еді. Кейін қой сойып отбасыңмен жеген кезде оған да жіберуді есіңе түсіре алмадың. Мен жетім және кедейлерді жақсы көргенімдей еш нәрсені жақсы көрмеймін.  Қане бір тамақ дайындап, кедейлерді шақыр!».

Яқуб (а.с.) ораза тұтқандарды кешке, ораза тұтпағандарды таңертең тамаққа шақырды (Хаким).

Белгілі болғанындай екі баласына қауышты. Олай болса, жетімге мейірім ету керек, зұлымдық жасамау, ақысын жемеу керек.

Қияметте Алланың құзырында үлкен күнәлардың ең үлкенінің бірі – жетімнің мүлкін жеу екен (ибн Хаббан). Ата-анасынан айырлыған баланы балалар үйіне қалдырып, мүлкіне ие болып, Алланың алдында жауапкершілікті ұмытуға болмайды. «Алла Тағала жетімнің мүлкін жеген адамды Жәннатқа кіргізбейді» дейді имам Хаким. Әбу Йала: «Қияметте бір қауым ауыздарынан от шыққан күйде қабірлерінен тұрады» Алла Тағала «Ниса» сүресінің 10-аятында: «Жетімнің мүлкін әділетсіз түрде жеген адамдар іштеріне от салған болады. Бұлар жалындап жанған отқа тасталады» деген», - дейді».

Хасан Челеби (р.а.) «Мәуақиф» кітабының түсініктемесінде былай деген: Хазреті Хасан мен Хазреті Хусейн ауырып қалды. Хазреті Әли мен Хазреті Фатима (р.а.) және қыз қызметшілері, балалары жазылса, үш күн ораза ұстайтындарын нәзір етті. Балалары жазылды. Ауызашарға жейтін ештеңе жоқ еді. Бір яһудиден 3 са (1 са – 3,5 кг.) арпа қарызға алды. Хазреті Фатима 1 са арпадан ұн жасады. Мұнымен бес нан пісірді. Бір кедей келіп, «Маған жейтін бір нәрсе беріңізші» деді. Нандарды соған беріп, аш жатты. Ертеңіне бір жетім келді. Бұларды да соған беріп, аш жатты. Үшінші күні де бір құлы келіп, тамақ сұрады. Мұны да соғын берді. Алла Тағала Расулуллаһқа  (ﷺ) аяти карима жіберіп, бұлардың нәзірлерін және исарларын (жомарттықтарын) мақтады». Сондай аш қарын бола тұра, жетімге бар дәм татарын қиған Фатима (р.а.) анамыздай жомарт, қайырымды, мейірімді болғанға не жетсін.

Мутә соғысында Алла елшісі (ﷺ) соғысқа әскерлері мен оларға сахабаларды қолбасшы етіп жіберді. Пайғамбарымыз (ﷺ) Алла Тағаланың бұйрығымен мың шақырымнан да алыстағы соғыс алаңындағы жағдайды мұғжиза ретінде көріп, сахабаларына хабарлаған еді. Жафәр бин Әбу Тәліп (р.а.) шейіт болған күні осы оқиғаны айтқаннан кейін тұрып, Хазреті Жафәрдің үйіне барады. Әйелі Әсма (р.а.) үй шаруасын бітіріп, балаларын жуындырып, шаштарын тараған еді. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ей, Әсма! Жафәрдің ұлдары қайда? Оларды алып кел» деді. Әсма (р.а.) балаларды алып келген кезде пайғамбарымыз (ﷺ) оларды бауырына басып, оларды құшарлана иіскеп, сүйді. Жүрегі елжіреп, көзінен жас сорғалады. Мұны көрген Әсма (р.а.) ханым: «Ата-анам Сізге құрбан болсын, йа, Расулуллаһ! Неге балаларыма жетімдерге көрсететін мейірімділікті көрсетіп отырсыз? Әлде Жафәр мен жолдастарынан қайғылы хабар алдыңыз ба?» деп жалынып сұрады. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Иә, олар бүгін шейіт болды» деді. Хазреті Әсма (р.а.) да балаларын бауырына басып, жылады. Бұл көрініске пайғамбарымыз шыдай алмай, шығып кетеді.

Үйіне барған пайғамбарымыз (ﷺ): «Жафәрдің үйіне тамақ дайындауды ұмытпаңдар», - деді. Үш күн шейіт отбасыларына тамақ жіберіліп отырды.

Алла Тағала бұл өмірде құлдарына әртүрлі сынақтар берген. Біреу сәби құшуға зар, енді біреу бауырындағы баласын сыртқа «лақтырып» жүр. Ата-анаға мұқтаж бала бар, балаға мұқтаж ата-ана бар. Осындай ауыр сынақтарға сабырлылық танытып, төзе білгендер ғана Алланың рақымына бөленері хақ. Ағайын, туыс арасында жетім қалған баланың бетінен қақпай, керісінше басынан сипап өсірген дана халқымыз. Соған Алланың берген берекеті болса керек, бүгінде қазақ халқы тілін, дінін жоғалтпай бейбіт өмір сүріп келеді. Жоғарыдағы оқиғалар әркімге-ақ сабақ болар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, адам! Сенің бар күшіңді жұмсап,  тырбаңдауың түптің түбінде Раббыңның құзырында аяқталады. Ақыр соңында Онымен қауышасың» дейді («Иншиқақ» сүресі, 6-аят). Олай болса Алланың алдында жүзіміз жарқын болуы үшін жан-жағымызға жылы қабақпен қарап, жетімдерге мейірімділік танытайық!

 

Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы

«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары