Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бала тәрбиесінде мынаған мән бердіңіз бе?
07 ақпан, 2017 жыл 1569 Басып шығару нұсқасы

       Жанұя құрумен бірге ата-аналардың ұрпақ тәрбиесіндегі  жауапкершіліктері де аса зор. Балалық шақ және жасөспірімдік кезең адам өміріндегі сенім мен мінез-құлық сияқты басты ұстанымдардың қалыптасатын кезеңі. Адамның тұлғалық жағынан қалыптасуы отбасынан бастау алады. Жанұя тұлғаның шынығып, қалыптасатын шеберханасы десе де болады. Тұлғалық қасиеттер жанұя жағдайында бірте-бірте қаланады. Содан кейін осы қалыптасқан қасиеттер, әдетте, ешқандай өзгерістерге ұшырмайды да, мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады. Сәбиге туған кезден бастап жақсы тәрбие беру керек. Оның тыныш, мамыражай жағдайда өскені жөн. Оған қатты дауыс көтеріп ұрсуға, жекуге, қорқытуға болмайды.

Сондай-ақ айқайшу, төбелес сияқты жағымсыз көріністер көрсетілмеуі тиіс. Мұндай әрекеттер баланың жүйкесіне теріс әсер етіп, оның ақыл-есінің кемуіне әкеп соғуы ықтимал. Қазіргі заманда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстары туралы шағымданып психологтардан ақыл-кеңес сұрап жатады. Алайда, көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі өздерінде екенін түсінбейді. Өйткені, олардың өздері де сондай түрлі қателіктерге ұрынып, жүйке жүйелері бұзылған жандар. Өз қате-кемшіліктерін түсінбегендіктен, сәбилерінің неліктен ондай болып шыққандығына қайран қалады.

Осыған байланысты Пайғамбарымыз ( с.ғ.с.) былай деген: «Әрбір туылған сәби фитрада («әуелгі таза болмыста» – яғни еш нәрседен бейхабар пәк болып) туылады. Кейін әке-шешесі оны не яһуди, не христиан, не отқа табынушы қылады. Бұл хайуанның хайуан туғаны іспеттес. Сен одан (туған төлден егер оның енесі мұрны кесілген пұшық болса) пұшықтықты көресің бе?» Әбу Һурайрадан (р.ғ.) имам Бұхари риуаяты.       

Сондықтан ата-ананың балаға дұрыс үлгі болуы – игі ұрпақ тәрбиелеп шығарудың басты талабы.  Сәбидің дамуындағы ең маңызды кезең оның өмірінің алғашқы он жылдығы болып саналады. Педагог-психологтардың айтуларынша, баланың ақылдылық, интеллектуалдық қабілетінің 80 пайызы алғашқы жеті-сегіз жылда ашылып, жетіледі. Сондай- ақ, тұлғалық жан-жақты және үйлесімді қалыптасуы да осы кезеңде жүреді. Әсіресе, алғашқы екі жылдағы тәрбиенің маңызы өте зор. Себебі, бұл сенімділік, шынайылық сезімдерінің іргетасы қаланатын кезең. Сондықтан да осы кезеңде нәрестеге тұрақты әрі үйлесімді сүйіспеншілікпен, үлкен мейірім-шапағатпен қарау керек.

Мәселе нәрестені кім бағып жатқандығында емес, сүйіспеншіліктің тұрақты болуында. Тәжірибелердің көрсеткеніндей, тез ауысып, өзгеріп тұратын орталарда өскен балалардың бойында уақыт өте келе қоршаған ортаға деген сенімсіздік пайда болады. Мысалы, Филиппин елінде жүргізілген тәжірибелерде балалық шағында сүйіспеншілік пен ыстық ықыластың құшағында өскен балалар есейген кезінде аса сабырлы, байыпты әрі ұстамды болып қалыптасқан. Сондықтан ештеңеден хабарсыз болып көрінетін алғашқы сәбилік кезеңнің, шын мәнінде, бала санасының қалыптасуындағы рөлі ерекше. Сонымен, бала тәрбиесінің басты ұстындарын былайша бөлуге болады:    

   1. Жаңа туылған нәрестеге мейлінше сүйіспеншілікпен,  мейірім-шапағатпен, ыстық ықыласпен қарау керек. Алғашқы кезеңде мұның барлығын оның анасы береді. Алайда, мейірімнің өзі мөлшермен берілуі тиіс. Шектен тыс әлпештеп, еркелету нәрестенің өзімшіл болып өсуіне әкеліп соқтырады.  

     2. Өзін-өзі ұстай білу, сабырлылық сезімін қалыптастыру.Қалауын орындату талабы нәрестенің бойында алғашқы кезеңнің  өзінде-ақ пайда болады. Бірақ оның ырқына көне беруге болмайды. Анасы оның еріксіз дәрет жіберіп қоюына, жылауына, қайта-қайта тамақ сұрауына шектеу қойып, ұстамдылық қалыптастыруы тиіс. Өсе келе оған әңгімелесу мен үлкендермен қарым-қатынаста ұстамды, әдепті болуға үйрету керек. Бала басынан-ақ өзінің қалауының шектелуі екенінен нақты, шынайы түрде хабардар болуы қажет.  Әсіресе, қандай жағдайда да балаға жалған сөйлемеген жөн. Бұған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі дәлел. Абдуллаһ ибн Амир (р.ғ.) былай дейді: «Бір күні үйімізде Алла Елшісі (с.ғ.с.) отырған кезде анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», – деп мені шақырып алды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Оған не бермекші едіңіз?» – деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім»,– деді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді», – деді ( Әбу Дәуіт риуаяты).     

   3. Ата-ананың жақсы үлгі болуы. Алғашқы кезеңде нәресте айналасындағы адамдарға еліктейді.  Ал 5-7 жастан бастап жаман мен жақсыны ұғына бастайды. Осы уақытта оған жақсы достар керек. «Ұлың өссе, ұлы жақсы болғанмен көрші бол, қызың өссе, қызы жақсы болғанмен көрші бол» деп қазақ тегін айтпаған.    

   4. Жақсы білім беру. Жалпы бала тәрбиесінде ислам дінінің қайнар бұлақтары – Құран мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сүйену керек. Осы негіз бойынша Аллаһтың алдында жанұя үшін әкенің жауапкершілігі үлкен екендігін айтқан жөн. Аллаһ Елшісі (с.ғ.с.) былай деп өсиет еткен: «Өлген соң адамның барлық амал дәптерлері жабылып, тек мына үш амалдың ғана сауаптары оған үздіксіз жетіп тұрады.Олар: берген жария садақасы, (мысалы, құдық, көпір, медресе салу) пайда келтіретін білімі, (таратқан білімі) артынан қалған игі перзентінің ата-анасы үшін жасаған дұға-тілектері.».Егер ата-ана нағыз шынайы мұсылман етіп тәрбиелей алса, олардың баласы қияметте жұмақ қақпасының алдында отырып: «Әке-шешем кірмесе, мен де кірмеймін»,-деп отырады.

Ізгі ұрпақ тәрбиелегені үшін ата-анаға осы дүниеде де, ақыретте де үлкен құрмет, шексіз қошемет бар. Жалпы баланың тәрбиесіне әсер ететін төрт фактор бар:

1. Отбасы.2. Сыртқы орта («көше»). 3. Мектеп. 4. Қоғам және жалпы қоғамдық мәдениет. Демек, бала тәрбиесі ата-ананың, мектептің, қала берді жалпы мұсылман қоғамының ортақ ісі. Жаратушы Хақ тағала мұсылмандардың ізгі істерде әрдайым тізе қосып, бірге іске асыруларына үндейді. Осыған байланысты Алла тағала: «Ізгілік пен тақуалықта ынтымақтасыңдар, күнә мен дұшпандықта ынтымақтаспаңдар», – деген. «Мәида» сүресі, 2-аят. Сонымен қатар, баланы тым әлпештеп, аялап, мамыражай тұрмысқа үйретпеу керек. Қарапайым тіршілікке, қанағатшылдыққа баулу керек. Өйткені, шектен тыс рахат, тоқшылық ортада өсу ұрпақтың әлжуаз, аурушаң немесе кердеңкербез болып шығуына апарып соқтырады. Хадисте былай делінеді: «Тым тоқшылдықтан сақ болыңдар! Расынды Аллаһтың құлдары қанағатсыз емес». Имам Ахмад риуаят еткен.

Абай атамыз айтқандай: «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын!» Ата-ананың есейген балаларын ерте жастан еңбек етуге үйретіп, өзінің құрдасындай тұтып, кей істерде ақылдасып, кеңесіп отырғаны жөн. Сонда ғана бала өз бетінше еңбек етуге үйреніп, алдынан шыққан қиындықтардан оңай жол табатын болады. Халық нақылында: «Алтыға дейін патшаңдай сыйла, алтыдан кейін құлыңдай жұмса, он алтыда досыңдай сырлас» делінеді. Кімде-кім баласын тәрбиелеуге, оған пайдалы нәрселер үйретуге салғырт қараса, орны толмас қателік жасаған болады.Балалардың әдепсіз бұзық болып шығуына көбіне ата-аналардыңөздері кінәлі. Өйткені олар балаларына дұрыс тәрбие беруге, діннің алғы шарттары мен Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетін үйретуге немқұрайлы қарайды. Көбі мұны өздері де білмейді. Баланы жасынан ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелемеген соң, есейген кезде олар ешкімге де опа бермесі анық.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары