Тілдік нұсқа
Радио

мақала

«Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз!»
08 ақпан, 2017 жыл 806 Басып шығару нұсқасы

1. Ысқақ Рахымбекұлы, Теміртау қаласының орталық мешітінде қызмет атқарған аз уақыт аралығында жергілікті халықтың діни ахуалынан не байқадыңыз?

- Теміртау қаласы үлкен, тұрғындары тату-тәтті, сондықтанда да болса керек асыл дініміз кең тараған. Жұма намазымен қатар басқа да намазды жамағат болып оқуға келетін халық саны күннен-күнге артып келеді. Жамағатпен намаз оқуға құлшыныс білдіруші жастармен қатар егде жастағы ағаларымыздың барлығы да қуантарлық жай. Діни сауат іздеп, Алланың тура жолына түскен ер азаматтар мен қатар мешітке қыз-келіншектер де келеді. Өзге ұлт өкілдерінің де дінімізді жылы қабылдап, тілін кәлимаға келтіріп жатқандары бар. Бұл да үлкен жетістік деп айтар едім. Осы ретте айта кетерлігі, көңілдеріндегі сұрақтарына жауап іздеген жандарға, кеңес аламын деушілерге мешітімізде имамдар әрдайым көмек қолын созады. Ислам діні еркін қанат жайып тұрған бейбіт заманда жастарды діни сауат ашуға, ислам құндылықтарын игеруге шақырамыз. Қазірде мешітімізде ерлер мен қыз-келіншектерге арналған арнайы сауат ашу курсы жұмыс жасап келеді. Онда мешітіміздің ұстаздары араб тілі грамматикасы мен Құран оқуды үйретуде.

 

2. Елімізде Ислам дінін көркейту мақсатында, әртүрлі ұлттармен татулықты берік ұстау жолында қандай насихаттар жүргізесіздер?

- Жамағатқа уағыз жүргізуді бір имам өзі отырып шеше салмайды. Ол жоғарыдағы басшылармен ақылдасып шешіледі. Сол себепті жамағатқа жүргізілетін уағыз-насихаттар кең ауқымды қамтиды. Рухани құндылықтарымызды арттыру, дін мен дәстүрді сабақтастыру, тақуалықты арттырып, адамдық қасиеттерді жоғалтпау сынды санқилы тақырыптар қамтылады. Пайғамбарлар өмірлерінен, Ислам тарихынан да мол ақпараттар беріледі. 

 

3. Ащы да болса шындық – діни экстремизм тақырыбында сөз қозғалса жұрт шошитын халге жеттік. Сіз басқарып отырған мешітте жат ағымдармен күрес жүргізіледі ма?

- Біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз! Ұлты мен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін қоғамдағы тұрақтылық пен келісім орнаған елміз! Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің - жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Ел Президенті  Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген. Соңғы жылдары дінге бетбұрушылар қатары едәуір көбейіп келеді. Мұның өзі егемен еліміздің бұл күрделі мәселеге үлкен маңыз беріп отырғанының жарқын көрінісі. Діни экстремизм тақырыбы бүгінгі күнде өте өзекті. Сол себепті, жұма уағыздарынан бөлек, бес уақыт намаздардан кейін де діни экстремизм тақырыбы аясында уағыз-насихат жүргізіледі. Сондай-ақ, мешітімізде әр сенбі күні жамағатқа ас беріледі. Бұл күні 150-ге жуық жастар басқосуда. Жан-жақтан ұстаздар келіп, сол жиналған жамағатқа әртүрлі тақырыптарда насихат жүргізеді. Имамдар діни экстремизмнің алдын алу, одан сақтану жолдары, қауіпті болып тұрған ағымдар туралы ашық айтады. Бүгінде тұрғындар бұлар жайлы мол деректермен құлағдар болған. Алдағы уақытта мектептер мен ЖОО-да осы бағытта кездесулер өткізу ойда бар.

4. Ислам дініне енді ғана бетбұрып жатқан халыққа не ақыл айтар едіңіз?

- Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне () айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», - деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді.

Алла Тағала былай деді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят). Осы аятта айтылғандай барша мұсылман бауырды мейірімділікке, татулыққа, бауырмалдық пен ізгі амалдар жасауға шақырамын!

Сұқбатыңызға көп рақмет! Алла Тағала басқарып отырған мешітіңіздің жамағатын арттырсын! Еліміз тыныш, бейбіт өмір сүруге жазсын!

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары