Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ханафи мәзһабында жылқы еті харам ба?
09 ақпан, 2015 жыл 301 Басып шығару нұсқасы

   bca04f32535f1e14dfb9dfce00526e95Жылқы етіне байланысты ханафи мәзһабында екі түрлі үкім бар. Әбу Ханифа пікірінше жылқы еті мәкрүһ болса, оның екі үлкен мүштаһид шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуф бойынша адал. Әбу Ханифаның жылқы етінің мәкрүһтігіне байланысты «Нахл» сүресінің «Жылқыны, қашырды және есекті мінулерің үшін және сән мақсатында жаратты» деген 8-аятын дәлел ретінде келтіреді. Яғни, малдың етін жеу ең үлкен нығмет бола тұра бұл аятта жылқының міністілігі мен сәндігі ғана айтылып отыр. Егер жылқы еті адал болғанда ең әуелі оның осы жағы айтылатын еді дейді. Бірақ, аятта жылқы етінің нақты желінбейтіндігі кесіп айтылмағандықтан Әбу Ханифа оған харам деп емес, мәкрүһ деген үкіммен шектелген. Сондай-ақ, Әбу Ханифаның мәкрүһ деп үкім беруінің тағы бір негізгі себебі жылқы малының соғыстың ең үлкен құралы болғандығыда жатыр. Себебі, басқаша үкімге бару соғыстың ең қажетті құралының азаюна, аятта айтылған оның «міністілік» мақсатының жоғалуына әкеп соғады. Әбу Ханифаның мәкрүһ дегені «мәкрүһ тәнзиһан» адалға жақын мәкрүһ па, жоқ әлде «мәкрүһ тахриман», яғни харамға жағын мәкүһ па ғұламалар арасында екі ұшты пікір бар.
Ал Әбу Ханифаның екі үлкен мүштаһид шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың пікірінше жылқы еті адал. Дәлел ретінде әл-Бухариде және Муслимде риуаят етілген мына хадистерді келтіреді:
Біріншісі, Жәбир ибн Абдилланың: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) хайбар күні есек етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат берді» (Сахихул-Бухари, 39826, 4-том, 1544-бет. Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.) деген хадисі.
Екіншісі, Әбу Бәкір қызы Әсманың: «Пайғамбар (с.а.у.) заманында жылқыны сойып, етін жедік» (Сахих Муслим, 5191, 5-том, 2099-бет. Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут...) деп риуаят еткен хадисі.
Қорытынды: Бәрімізге белгілі ханафи мәзһабы, бұл тек Әбу Ханифаның берген фәтуларының жиынтығы ғана емес, ханафи мәзһабының үкім шығару негіздеріне (усулул-фиқһ) сүйене отырып шығарылған мүштаһид ғалымдардың фәтулары да осы мәзһабқа жатады. Ханафи мәзһабында Әбу Ханифаның екі үлкен шәкірті Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың берген фәтулары да көп жағдайда негізге алынады. Міне сондықтан жылқы етін жейтін ханафи мәзһабын ұстанатын мұсылмандар бұл мәселеге байланысты Мұхаммед пен Әбу Юсуптың берген фәтуларын негізге алады. Сондай-ақ, кейбір фәтуалар заманы мен ортасына, жағдаяттарға қарай өзгеріп отырады. Әбу Ханифаның жылқы етін жеудің мәкрүһ санауының негізгі себебі жылқы малының сол заманда соғыстың негізгі құралы болуында. Ал қазір соғыс құралы самолет, танкі секілді заманауи күшті техникаларға ойысқандықтан Әбу Ханифаның жылқы етіне байланысты берген «мәкрүһ» деген үкімі де өздігінен өзгеретіні мәлім. Яғни, Әбу Ханифа қазіргі дәуірде өмір сүргенде жылқы етіне байланысты басқаша үкім беруі де мүмкін еді.


Қайрат Жолдыбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары