Пайғамбарымыздан бізге жеткен (с.а.у) үш түрлі отырыс үлгісі бар. Бұлар мұстахаб амалдар. Жүрелеп отыру (Әл-Иқъа). Екі тізесін көтеріп бүгіп, арт жағын жерге тигізбей отыру (жамбасы жерге емес, өкшесіне тиетіндей отыру үлгісі) . Сахих Муслимде келген бір хадисте сахаба Әнәс былай дейді: «Пайғамбарымыздың жүрелеп отырған күйі құрма жегенін көрдім»[1]. Мұның мәні, асқа отырғанда ыңғайланып, жайғасып отырмау. Жайғасып отырған кісі тамақты көп жейді. Ал ыңғайсыз отырған кісі тамақты одан гөрі аздау жейді. Тізерлеп отыру (әл-Жәсия). Ибн Мәжәдан келген хадисте сахаба Абдулла ибн Ясир былай дейді: «Мен Пайғамбарымызға (с.а.у) қойдың етін сыйға тарттым. Ол (с.а.у) тізерлеп отырып етті жей бастады. Бір бәдәуи Одан: «Мына отырысыңыз не?», – дегенде, Алла Елшісі: «Алла Тағала мені бірбеткей тәкәппәр емес, жұмсақ құл етіп жаратты», – деп жауап берді[2]. Оң тізесін көтеріп, сол аяғын жамбасына төсеп отыру[3]. Ал, бір қолына сүйеніп отыру[4] және жатып ішу,[5] тіпті, малдас құрып отырып ішу тамақты шектен тыс көп ішуге әкеп соғады сондықтан ұнамсыз әрекет саналады[6]. Дегенмен, бұлай отыру күнә емес. Себебі, сахаба Абдулла ибн Аббас, Халид ибн Уәлид сынды сахабалардың жайғасып отырып ішкендігі деректерде айтылады[7].
[1] Сахих Муслим, «Китабуль Әшриба», №2043-хадис. [2] Ибн Мәжә, «Китабуль Атғыма», №3263-хадис. [3] Әл-Асқалани, Фатхуль Бари, №5083-хадис түсіндірмесі. [4] Әл-Асқалани, Фатхуль Бари, №5083-хадис түсіндірмесі. [5] Мұхаммад ибн Ахмад, Ғаза-уль Әдәб: әл-Матлабу фи әдәбиль Әкли. [6] Алиуль Қари, Мирқат, «Китабуль Атғыма», №4168-хадис түсініктемесі. [7] Әл-Асқалани, Фатхуль Бари, №5083-хадис түсіндірмесі.
Пікірлер