Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алла елшісінің ﷺ соңғы күндері қалай өткен еді?
22 шілде, 2019 жыл 1086 Басып шығару нұсқасы

Милади жыл санағы бойынша 632 жылы, рабиул ал-аууал айының дүйсенбісінде жер мен көк арасында үлкен қайғы орнады. Себебі, ол күні бұрын-соңды өткен жаратылыстардың ең ардақтысы, адамдарды қараңғылықтан жарыққа шығарушы, ең көркем мінезге ие болған адам, Алла Тағаланың ең сүйікті құлы Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) дүние салған еді. Оның тірі кезі барша адамға қандай ғибратты болса, дүниеден өтер кездегі ақырғы сәттері де сондай ғибратты болып қалды. Алла елшісінің (с.ғ.с.) өмірдегі соңғы күндері туралы көп риуаяттар бар. Олардың барлығы дерлік бізге үлгі болары хақ. Солардың біреуі төмендегі Ибн Аббастың (р.а.) риуаят еткен оқиғасы.

Укаша бин Михсанның пайғамбарға (с.ғ.с.) жасаған қулығы
Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.ғ.с.) дүниеден өтер күні жақындап қалғанда Біләлға (р.а.) азан айтып адамдарды мешітке намазға шақыруын сұрайды. Азаншы Біләлдың азанын естіген Мәдинадағы барлық мұхажирлер мен ансарлар мешітке жиналды. Сахабалар мешітте екі рәкағат намаз оқып болғаннан кейін пайғамбар (с.ғ.с.) мінберге шығып, әуелі Аллаға мақтау-мадақ айтып, сосын уағызын бастады. Алла елшісінің (с.ғ.с.) бұл әсерлі уағызынан мұсылмандардың барлығының жүректері елжіреп, көздерінен тамшы-тамшы жас ақты. Құтпадан кейін пайғамбар (с.ғ.с.) сахабаларына қарап: «Ей, мұсылмандар! Мен сендерге пайғамбар, әрі Алла жолына насихаттаушы уағызшы болдым. Сондай-ақ, осы аралықта сендерге мейірімді аға, рақымды әкедей болып кеттім. Егер мен сендердің қайсыбірлеріңе зұлымдық жасаған болсам, онда Қиямет келмей тұрып ол адам қазір шығып өз хақысын алсын», – деді. Бірақ ешкім үндемеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) әлгі сөзін екінші рет қайталаса да, мешіттегі тыныштық бұзылмады. Бірақ, үшінші рет қайталаған кезде Укаша бин Михсан деген сахаба орнынан тұрып, мінберде тұрған пайғамбарға (с.ғ.с.) келді де: «Әке-шешем жолыңда құрбан болсын, ей Алланың елшісі! Егер сіз осылай қайта-қайта айтып сұрамағаныңызда бұны айтпас та едім. Бірақ, Бәдір соғысы күні мен сіздің қасыңызда жүрген болатынмын. Бір кезде мен түйемнен түсіп сіздің түйеңізге келіп аяғыңыздан ұстамақшы болғанда, түйені ұратын қамшыңызбен менің белімнен салып қалдыңыз. Уа, Алланың елшісі! Сіз мені әдейілеп ұрдыңыз ба, әлде түйені жүргізу үшін ұрдыңыз ба, білмедім», – дейді. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла сені қорғанына алсын, я Укаша! Алланың пайғамбары сені қамшысымен әдейі ұрады ма екен?», – деді де, қасында тұрған Біләлға қызы Фатиманың үйіндегі қамшыны әкелуді сұрады. Біләл (р.а.) дереу Фатиманың (р.а.) үйіне жүгіріп кетті. Фатиманың (р.а.) үйіне келіп есігін ұрғанда үй ішінен пайғамбар (с.ғ.с.) қызының: «Бұл кім?», – деген дауысы шықты. Біләл Алла елшісінің (с.ғ.с.) қамшыны әкелуін бұйырғанын жеткізді. Бұған Фатима (р.а.) «Я, Біләл, әкем ол қамшымен не істемек ойы бар?», – деп сұрағанда Біләл мән-жайды айтып берді. Сонда Фатима (р.а.): «Я, Біләл, қандай адамның Алла елшісінен кек алуға жүрегі дауалайды екен?», – деп таңдана сұрады. Біләл (р.а.) бұл сұраққа жауап бере алмастан қамшыны алып мешітке жүгірді. Алла үйіне жетісімен Біләл (р.а.) қамшыны пайғамбарға (с.ғ.с.) берді, ал пайғамбар (с.ғ.с.) оны Укаша бин Михсанның қолына ұстатты. Сол сәтте мән-жайды бақылап отырған Әбу Бәкір мен Омар (р.а.) орындарынан бірдей атып тұрып: «Я, Укаша, біз сенің алдыңда тұрмыз. Ұрам десең, міне, тәніміз, бірақ Алла елшісін (с.ғ.с.) ұра көрме!», – дейді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.) ол екеуіне қарап: «Екеуің де отырыңдар. Алла сендердің ниеттеріңді білді (яғни, пайғамбарды қорғау үшін өздерін құрбан етуге дайын екенін Алла білді деген мағынада)», – дейді. Олар отырысымен Әли ибн Әбу Талиб орнынан тұрып, Укашаға: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) орнына мені ұр, міне, арқам, міне, ішім. Қалағаныңша ұр!», – деп ол да Әбу Бәкір мен Омардың айтқан сөзін қайталады. Бірақ, Алла елшісі (с.ғ.с.) оған да әлгі екеуіне айтқан сөзін айтты. Одан соң аталары үшін өздерінің таяқ жеуге дайын екенін білдіріп, Алла елшісінің (с.ғ.с.) немерелері Хасан мен Хұсейн орындарынан тұрып: «Я, Укаша, сен біздің пайғамбардың (с.ғ.с.) немерелері екенімізді білесің. Ендеше, бізді ұрғаның оны ұрғаның емес пе?», – дей бергенде пайғамбар (с.ғ.с.) немерелеріне: «Көзімнің қарашықтары, сендер де отырыңдар», – дейді де Укашаға қарап: «Я, Укаша, хақыңды алу үшін мені ұрғың келсе, мына қамшымен ұр», – деді. Сонда Укаша бин Михсан қысылмастан осы сәтті күткендей: «Я, Алланың елшісі (с.ғ.с.), Сіз мені ұрғанда, менің денем жалаңаш болатын», – деп Алла елшісінің (с.ғ.с.) арқасын жалаңаштауын меңзегендей болды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) үндеместен үстіндегі киімін шешті. Осы сәтте мешітте отырған бүкіл сахабалар шулап кетті. Ал, Укаша оның әппақ денесін көріп, сол сәтті күтіп тұрғандай пайғамбардың (с.ғ.с.) ашық денесін дереу құшақтап: «Кімнің Сенен өш алуға жүрегі шыдайды, я, Расулалла?! Менің бұлай істеген себебім, Сенің мүбарак денеңді құшақтасам, соның шарапатынан Алла менің денемді тозақ отынан сақтай ма дегенім ғой», – деп еңіреп жылап жібереді. Сол кезде Алла елшісі (с.ғ.с.) сахабаларына қарап: «Сендер жұмаққа кіретін адамды көргілерің келсе, мына адамға қараңдар», – деп Укашаны көрсетеді. Осыдан кейін барлық сахбалар Укашаны бірінен соң бірі құшақтап: «Сен қандай бақыттысың. Үлкен дәрежеге қол жеткіздің, әрі жұмақта Алла елшісімен (с.ғ.с.) жолдас болу мәртебесіне де ие болдың. Қандай үлкен жақсылық!», – деп қуаныштарын білдіріп жатты».
Алла елшісінің (с.ғ.с.) ақырғы өсиеті
Ибн Масғуд (р.а) айтады: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) мәңгілікке сапар шегетін күндері жақындағанда біз Айшаның (р.а.) үйіне жиналдық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізді көріп, көздері жасаурап: «Сендерге Алланың мейірімі болсын. Қош келдіңдер! Барлықтарыңды Аллаға бағынуға және Одан қорқуға шақырамын. Расында сіздермен қош айтысып, Алла Тағалаға қайтатын әрі Жәннат ал-Маьуаға баратын күн жақындап қалды. Сол күн туып, мен жан тапсырған кезде менің денемді Әли жусын және оған Әл-Фадл бин Аббас пен Усама бин Заид су құйып көмектессін. Одан кейін маған өз киімімді кебін қылып соған ораңдар, ал егер қаласаңдар, Йеменнің ақ матасына орасаңдар да болады. Мені жуып, кебіндеп болғасын мәйітімді қабірімнің шетінде тұрған кереуетке қойып, бір сағатқа қалдырыңдар. Себебі, ол кезде үйге Жәбірейіл, одан соң Микаил, Исрафил, сосын Әзірейіл періште әскерлерімен, одан кейін барлық періштелер бірінен соң бірі келіп жаназа намазын оқиды. Осыдан соң өздерің келіп, топ-топ болып жаназа намазын оқыңдар», – деді. Сүйікті пайғамбарларының, анасынан да жақын болып кеткен адамның өмірден озатын сәтінің жақындағанын естіген үйдегі сахабалардың көздеріне амалсыз жас келіп, еңкілдеп жылай бастайды. Олар: «Я, Алланың елшісі! Сен біздің елшіміз әрі алға бастаушы Сұлтанымызсың! Егер сен о дүниелік болсаң, біз кімге барып жол табамыз?», – деп сұрады. Сонда Ол: «Мен сендерге жарқын жол тастап кеттім. Сондай-ақ, біреуі сөйлейтін, біреуі үндемейтін екі уағызшы қалдырдым. Сөйлеуші уағызшы ол – Құран, ал үндемейтін уағызшы ол – Өлім. Егер бір мәселе туындаса, Құранға жүгініңдер, ал егер жүректерің қатыгезденіп кетсе, онда өлім және оның қиыншылықтарына ой жүгіртіңдер», – деді.
Осыдан соң Алла елшісі (с.ғ.с.) Сафар айының соңынан бастап бас ауруына шалдығып, он сегіз күн төсек тартып жатып қалды. Сахабалар пайғамбардың (с.ғ.с.) көңілін сұрауға үйіне барып тұратын. Бірақ, дүниеден қайтатын соңғы күні таңға жуық Оның ауруы асқынып кетті. Сол күні таң намазында Біләл мешітке келіп азан айтып, сосын мешіт жанындағы пайғамбардың (с.ғ.с.) үйінің есігіне келді де: «Ассаламу алейкум, Алланың елшісі», – деп сәлем берді. Бұған Фатима (р.а.): «Я, Біләл, расында Алла елшісі (с.ғ.с.) өзімен болып жатыр (яғни, ауырып, мазасыз күй кешуде деген мағынада)», – дейді. Сахаба Біләл (р.а.) пайғамбар (с.ғ.с.) қызының не айтқанын жөнді естімесе де, мешіт жаққа қайта оралды. Таң атып, намыз уақыты өтіп бара жатқан еді. Біләл екінші рет пайғамбар (с.ғ.с.) үйіне келіп сәлем береді. Бұл жолы ауырып жатқан Алла елшісі (с.ғ.с.) азаншы сахабасының сөзін естіп, оған: «Кіре ғой, Біләл. Мен өзіммен болып жатырмын. Дертім үдеп кетті (пайғамбардың намазға шығуға мүмкіндігі жоқ еді). Я, Біләл, Әбу Бәкірге барып адамдарға имамдыққа шығып намаз оқуын айт», – дейді. Халі мүшкілденіп бара жатқан пайғамбарды (с.ғ.с.) көрген Біләлдың түрі бозарып, екі қолын басына қойып, уайымдап: «Мені шешем бұл дүниеге әкелмегенде ғой», – деп айқайлап мешітте отырған Әбу Бәкірге келді. Әбу Бәкір пайғамбардың (с.ғ.с.) өзіне не бұйырғанын естіген соң михрабқа көз тастады. Пайғамбарсыз (с.ғ.с.) бос тұрған михрабты көрген Әбу Бәкір де шыдай алмай өкіріп жылап жіберді. Оған қосылып барлық сахабалар дауыс шығарып жылай бастады. Олардың еңіреп жылаған дауыстары Алла елшісінің (с.ғ.с.) құлағына жетті. Пайғамбар (с.ғ.с.) қызы Фатимадан (р.а.) олардың неге жылап жатқанын сұрғанда ол: «Мұсылмандандар сені жоғалтудан қорқып жылап жатыр», – деп түсіндірді. Сол кезде Алла елшісі: (с.ғ.с.) Әли мен Әл-Фадл бин Аббасты (р.а.) шақырып, соларға сүйеніп мешітке барып, екі рәкағатт таңғы намазды жамағатпен оқыды. Намаздан соң сап-сап болып отырған мұсылмандарға қарап: «Сендер Алланың қорғауындасыңдар. Сендерді Алла Тағаладан қорқуға және Оған бағынуға шақырамын. Расында мен дүниені тастап бара жатырмын. Бұл менің Ақыреттегі бірінші, ал дүниедегі ең ақырғы күнім», – деді де орнынан тұрып үйіне қарай жүрді. Пайғамбар (с.ғ.с.) үйіне қайта оралып төсегіне жатты.
Әзірейіл періштенің пайғамбардың (с.ғ.с.) мүбарак рухын алуға келуі
Алла Тағала адамдардың жанын алуға міндеттелген Әзірейіл періштеге: «Сүйікті құлыма ең әдемі кейіпте барып, оның рухын жұмсақ күйде ал. Егер ол саған үйіне кіруге рұқсат берсе, кір. Рұқсат бермесе, кірме», – деген бұйрық берді. Сосын өлім періштесі дала арабы кейпінде Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйінің табалдырығына келіп: «Ассаламу алейкум, ей пайғамбарлық үйі мен елшілік ордасының тұрғындары! Кіруге рұқсат па?», – деп сұрады. Сыртта келіп тұрғанның кім екенін білмеген Фатима (р.а.): «Ей Алланың құлы, пайғамбар (с.ғ.с.) қазір ауырып, өзімен болып жатыр», – деп жауап берді. Сосын Әзірейіл періште алғашқы айтқан сөзін тағы да қайталаған кезде оның дауысын Алла елшісі (с.ғ.с.) естіп, қызы Фатимадан есік алдындағы кісінің кім екенін сұрады. Фатима (р.а.): «Үйге бір дала арабы келіп, ішке кіруге рұқсат сұрап тұр. Мен сіздің қазір ауырып жатқаныңызды, қолыңыз бос емес екенін айттым. Ол тағы да үйге кіруге рұқсат сұрады, мен жауабымды қайталадым», – дейді. Сол кезде Фатиманың (р.а.) есік алдында тұрған дала арабына көзі түсіп кетті. Фатима (р.а.) өлім періштесінің айбарлы кейпін көргенде денесі тітіркеніп, жүрегі қорқып, түсі бозарып кетті. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Ей, Фатима, сен бұл адамның кім екенін білесің бе?», – деп сұрады. Фатима (р.а.) оны танымайтынын білдіргенде Алла елшісі (с.ғ.с.) «Ей, Фатима, бұл – ләззаттарды кетіруші, шахуаттарды кесуші, адамдарды бөлуші, үйлерді бұзып, қабірлерді тұрғызушы…», – дей бергенде Фатима (р.а.) есік алдында тұрғанның адам кейпінде келіп тұрған өлім періштесі екенін ұғып: «Пайғамбарлардың соңы, тақуалардың тақуасы, тазалардың тазасы өлетін және аспаннан уәһи келуі тоқтайтын бұл қандай қасіретті күн еді. Осы күннен кейін ешқашан сенің сөзіңді де, сәлеміңді де ести алмайтын болдым ғой, Әкешім! Уа, Аллаһым, қандай үлкен қайғы!», – деп өкіріп жылап жіберді. Сол кезде Фатиманы (р.а.) жұбату мақсатында Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жылама, қызым. Расында отбасымнан менімен ең әуелі жолығатын сен боласың (осы күннен соң Фатима анамыз алты айдан кейін көз жұмды)», – дейді.
Сосын Алла елшісі (с.ғ.с.) табалдырықта тұрған Әзірейілге кіруге рұқсат беріп оған: «Ей, өлім періштесі, сен менің халімді білуге келдің бе? Әлде жанымды алуға ма?», – деді. Әзірейіл періште: «Сенің халіңді білуге, әрі егер рұқсат етсең, рухыңды алуға келдім. Егер рұқсат бермесеңіз, келген жеріме қайтамын», – деді жылы лебізбен. Оған Алла елшісі (с.ғ.с.): «Жәбірейіл періште қайда?», – деп сұрады. Ол: «Мен оны дүние аспанынан көрген болатынмын», – деді. Осы әңгімеден соң көп өтпей-ақ бас періште Жәбірейіл періште келіп, Алла елшісіне (с.ғ.с.) сәлем беріп, бас жағына отырды. Оған пайғамбар (с.ғ.с.): «Сен менің күнімнің жақындағанын білмейсің бе?», – деп сұрады. Жәбірейіл: «Білемін», – деді. «Алла Тағала маған қандай құрметтер дайындап қойды? Мені сүйіншілеші!», – деп Алла елшісі (с.ғ.с.) бас жағында отырған бас періштеден сұрады. Ол: «О, Алланың елшісі! Расында жеті қабат аспанның барлық есіктері ашылып, періштелер сап түзеп сенің мүбарак рухыңды қарсы алуға дайын тұр. Сондай-ақ, Сенің құрметіңе барлық жұмақ есіктері ашылып, хор қыздары әшекейленіп сенің рухыңды күтуде», – деп Алла елшісін (с.ғ.с.) жаны тәнінен шыққаннан кейін нендей жақсылықтар күтіп тұрғанынан хабардар етті. Бұны естіген Алла елшісі (с.ғ.с.): «Аллаға шүкір!», – деп өз қуанышын білдірді де, Жәбірейіл періштеден қайтадан: «Айтшы маған, я, Жәбірейіл! Үмметімнің жағдайы Қияметте қандай болмақ?», – деп сұрады. «Қуана бер, я, Мұхаммед! Қиямет Қайым болғанда жұмаққа сен бірінші кірмей басқа пайғамбарларға кіруге тыйым салынады. Сондай-ақ, сенің үмметің жәннатқа кірмей, басқа пайғамбарлардың үмметтері жұмаққа әсте кіре алмас», – дегенде Алла елшісінің (с.ғ.с.) жүзінде шырай пайда болып: «Қазір ғана жүрегім тынышталып, уайымым басылды!», – деді. Сосын бағанадан бері өзінің әмірін күтіп отырған Әзірейілге қарап: «Ей, өлім періштесі, маған жақында! (яғни: рухымды ала бер, рұқсат дегені)», – деді. Осыдан кейін Әзірейіл періште өз жұмысына кірісіп кетті. Рухы кіндік тұсына жеткенде Алла елшісі (с.ғ.с.): «Я, Жәбірейіл, жан шығудың ең ауыр сәті қай кез?», – деп сұрады, бірақ бас періште пайғамбардан (с.ғ.с.) бетін бұрып ары қарап отырып алды. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) «Уа, Жәбірейіл, менің жүзіме қарағың келмей ме?», – деп сұрады. Бұған Жәбірейіл: «Ей, Алланың сүйіктісі! Сен өлім төсегінде қиналып жатқанда, сенің жүзіңе қарауға кімнің жүрегі дауалайды?», – деп өзінің жаны шығып жатқан досына қарауға дәті бармайтынын жеткізді».
«Үмметім! Үмметім!»
Анас бин Мәлік (р.а) айтады: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) жаны көкірек тұсына жеткенде Ол: «Сендерді намаз оқуға шақырамын және өздеріңе бағыныштыларға (отбасы, мал-мүлік, құл, т.б.) ие болыңдар әрі оларға мейірім етіңдер», – деді де ары қарай сөйлеуге шамасы келмей қалды».
Әли (р.а) айтады: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) соңғы демі қалып, жаны шығайын деп жатқанында ернін екі рет қимылдатқанын байқап, құлағымды жақындатқанда оның бәсең дауыспен: «Үмметім! Үмметім!», – деп жатқанын естідім. Бұл соңғы пайғамбардың (с.ғ.с.) осы өмірдегі соңғы сәттері еді. Осыдан кейін Алла елшісінің (с.ғ.с.) мүбарак рухы Раббысының құзырына аттанды. Бұл Рабиул ал-Аууал айының дүйсенбі күні еді».
Пайғамбар (с.ғ.с.) көз жұмғаннан кейін оны өзі қалағандай Әли ибн Әбу Талиб жуындырып, ал Әл-Фадл бин Аббас пен Усама бин Заид екеуі сұй құйып, көмектесті. Сосын Жәбірейіл періштенің жұмақтан әкелген ақ матасына орап, Айша анамыздың үйіне сәрсенбінің түн ортасында (кейбір деректерде сейсенбі түнінде) көмілді. Бағзы риуаяттарда Айша анамыздың Алла елшісі (с.ғ.с.) жерге көмілгеннен кейін қабір басында тұрып: «Жібектен ол киім кимеді, жұмсақ жастыққа басы еш тимеді. Арпа нанына қарны бір тоймай, о дүниеге де аттанды. Кереуеттің орнына, қатты сабанды таңдады. Ақырет оты қатты ғой, соны ойлаған пайғамбар көп түндерді көзін ілмей өткізді», – деп айтқаны жеткізіледі.

Аударған Бурхан АБДУЛХӘКІМ

islam-orkeniet.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары