Алла елшісінің (ﷺ) мынадай хадисі бар: «Адам үйіне кірерде және тамақ ішер алдында Алланы еске алса, шайтан «біз түнейтін жер де ас та жоқ» деп айтады. Егер Алланы еске алмай үйге кіріп, ас ішерде де есіне алмаса, шайтан: «біз түнейтін де ас ішетін жер де табылды», -деп қуанады. (Муслим).
Алла Тағала лағынет айтқан шайтан үйімізге кіріп, бізбен бірге ас ішетін болса, үйден береке кетпегенде қайтеді. Асылы, біздің басып жүрген жеріміз, жұтып жүрген ауа да бір Алланың берген сыйы. Ішер асымыз да Алланың берген несібесі. Сондықтан да тамақ ішер кезде әрдайым «Бисмилләны» айтуды ұмытпаған жөн. Егер «Бисмиллә» деп айту есіңізден шығып кеткен болса, «Бисмлләһи фи әууәлиһи уә әхириһи», яғни "Басында және соңында Алланың атымен",- деуіміз керек.
Ал үйге кірерде оң аяқпен аттап, сәлем беру керек. Сондай-ақ “Бисмилләһи уәләжнә, уә бисмилләһи харажнә, уә ъалә раббинә тәуәккәлнә”. (Алланың атымен кірдік, Алланың атымен шықтық. Раббымызға тәуекел еттік), - деп айтуға болады. Тағы да бір рет “Ихлас” сүресін және бір рет“Аятул-Күрси” оқыған адамның үйіне шайтан кіре алмайды.
Маханбетчин Берік қажы Алпысбайұлы
«Жанқұтты би» мешітінің бас имамы
Пікірлер