Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сабырлық – бақыт кілті
22 шілде, 2013 жыл 610 Басып шығару нұсқасы

Сабырлық – бақыт кілті“Сабыр түбі – сары алтын” деген ата-бабаларымыз. Шынымен де адам баласы сабырлы бола білсе, көптеген биіктерге қол жеткізер. Кейбіреулер басына іс түссе, қиыншылыққа шыдамай, Аллаһқа тіл тигізеді: “Мен Аллаһқа не жаздым?”– деп отырып, осы сөздің өзінде қанша кінә жатқанын білмейді...
Баяғыда бір өте бай төре болыпты. Ол әрқашанда Ұлы Жаратушыны есіне алып Аллаһқа құлшылық етеді екен. Мұсылман баласына тиісті бес парызды орындап жүріпті.
Үйдегі малдың көптігі соншалық – санына сан жетпеген екен. Оның он алты ұлы болады. Мұның байлығына көз салған Шайтан: “Осыны бір сынап көрейік, сыннан өтсе, төрелігінде қалады, өтпесе кетеді”,– депті.
Сөйтіп, бір күні байдың ауылына қатты жел тұрғызады. Малының бәрі қырылады. Дауыл басылған соң төре далаға шықса, малшылары жылап отыр екен:
– Оу, не болды? Неге жыла-дыңдар?– дейді.
– Малдың бәрі қырылғанда, неге жыламаймыз?– дейді олар.
– Ештеңе етпес, өздерің бала-шағаларың аман ба?– дейді төре.
– Аман.
– Онда қайғырмаңдар. Бас аман болса, тағы да мал бітер,– деп сабыр сақтап, малшыларына басу айтады.
Бәрін бақылап жүрген Шайтан: “Мынаның сүйегіне батпады-ау” деп тағы да бір сұмдықты ойластырады.
Қатты жер сілкінісін жіберген Шайтан төренің сүрінуін күткен. Зілзаладан төренің он алты ұлы да жер астына кетеді. Әйелі жоқтау айтып жылап отырғанда ері келіп:
– Жылама, жаспыз ғой, әлі-ақ балалы болармыз,– деп жұбатады.
Шайтан мұның сабырлығына таң қалып тағы да сұмдықты ойлайды. Енді төрені мүгедек етіп қояды. Аяқ-қолы істемей сал болып, төсек тартып жатқан еріне қайдан тамақ табарын білмеген жұбайы ұзын шашын кесіп сатып, үйіне азық әкеліп, еріне сорпа қайнатып тамақтандырды. Ыстық сорпаны сүйсіне ішіп отырып:
– Ақшаны қайдан алдың, мына ет қайдан келді?– деп сұраған еріне, әйелі болған жағдайды айтып түсіндірген.
Бәрін бақылап жүрген Шайтан енді төреге тағы да қиянат көрсе-теді. Бұл жолы қимылсыз жатқан бейшара төренің үстін құрттатып жібереді.
Сөйтсе ол:
– Құдайдың сендерге берген нәсібі – мен. Жеңдер менің етімді,– деп түскен құртты тергізіп үстіне қойғызыпты. Сабырлығына қайран қалған Шайтан: “Бұл адамға дауа жоқ” екен деп қиянат жасауын қойыпты. Содан оған нұр жауып, денсаулығы түзеліп, бастарына мал бітіп, ұл-қызды болып жұбайы екеуі бақытты ғұмыр сүріпті.
Ендеше, болар-болмас нәрсеге “аһ” ұрмай, басқа түскен әр жағдайға сабырлы болуға тырысқанымыз ләзім.
Сондықтан, адам баласы өмірде кездесетін қиыншылықтың бәрін Аллаһтың сынағы деп түсінсе, сабырлы болса, бақытты ғұмыр кешеді деп ойлаймын.
Зарина Нышанбекқызы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары