Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Уәдені орындау
09 маусым, 2020 жыл 1438 Басып шығару нұсқасы

Алла елшісі (ﷺ) уәдеге беріктігімен көп елдерді мұсылман дініне әкелген. Алла елшісі (ﷺ) Шам елінің патшасына Исламды қабылдауды ұсынып, хат жолдайды. Сонда император хатты оқи сала, Алла елшісінің пайғамбарлығын тексеру мақсатында сауда мақсатымен сол елде жүрген Меккелік мушриктерін жинайды. «Хатқа жауап жазбас бұрын, ақ пен қараны ажыратып, пайғамбардың қандай екенін білу мақсатында бастарыңызды жинадық»,-деп саудагерлерге түсіндіріп, сауалдар қояды. Көп мушриктердің арасында Құрайштан шыққан Меккеде білімі және адалдық қасиеттерімен атақты болған Абу Суфйан да болады. «Мұхаммед пайғамбарға араларыңыздан ең жақын кісі кім?», - деп сұрайды Шам патшасы. Абу Суфйан: «Мен», - деп орнынан тұрады.

  • Сендердің араларыңда пайғамбар шығыпты. Ол қандай адам? Оның тектілігі қандай?
  • Ол өте текті әулеттен шыққан.
  • Ата-бабаларының арасынан шыққан өте бай танымал адамдар бар ма?
  • Жоқ. Өте қарапайым отбасынан шыққан.
  • Ол адам пайғамбарлық келгенге дейін жалған сөйлеген ба?
  • Жоқ. Ешуақытта жалған сөйлеген емес.
  • Уәдеден айныған сәттері болды ма?
  • Жоқ. Ол ешқашан берген сертін бұзған емес», - деп турасын айтып, Шам патшасының алдында Алла елшісі (ﷺ) туралы сенімді ақпарат береді Абу Суфйан. Абу Суфйан ол сәтте әле исламға келмеген болатын. Сондай бола тұра, пайғамбарымыз (ﷺ) жайлы жалған сөз айтпаған. Пайғамбарлық келмей тұрып та еш жалған сөйлемей, уәдеге берік болған Мұхаммед пайғамбардың (ﷺ) өмірі баршамызға өнеге болу қажет.

Алла елшісі (ﷺ) көркем мінезімен алыс-жақын елдердің патшаларының осындай сынақтарына ұшырап, бірақ одан еш сүрінбей, тіпті күш қолданбай-ақ адасушыларды тура жолға әкелген.

Уәдеге беріктік – дұрыс сөз сөйлеу, әруақытта дұрыстықты өзіне ту ету, ешуақытта жалған сөз сөйлемеуден көрініс табады. «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деген мәтел де қазақтың уәдеде нық тұруға ерекше көңіл бөлгендігінің көрінісі. «Исра» сәресінің 34-аятында: «Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады» дейді Алла Тағала. Ал, «Нахл» сүресінің 91-аятында: «Қашан серттессеңдер, Аллаға берген серттеріңді орындаңдар. Анттарыңды, Алланы өздеріңе кепіл етіп, бекіткеннен кейін бұзбаңдар. Күдіксіз Алла не істегендеріңді біледі» деген. Пендешілікке салынып, тіпті Аллаға уәде беріп жататын жағдайлар болады. Бұл жайында да Құран Кәрімде ескерту берілген: «Әй мүміндер! Істемейтін істеріңді неге айтасыңдар. Істемейтін істеріңді сөйлеулерің Алланың қасында зор ашуға себеп болады» («Сафф» сүресі, 1-2 аяттар). Қолдан келмейтін іске бармай, ал ниет етілгенде «Алла қаласа» деп айту абзал. Барша адамзатқа үлгі етіп берілген пайғамбарлардың бойларындағы қасиеттерді игерген болса, онда адамзат еш қиындыққа ұшырамайды. Алла Тағала пайғамбарларға 5 қасиетті дарытқан; олар ешқашан жалған сөз сөйлемеген; берген уәдеден айнымаған; барлық күнә атаулыдан пәк; зеректілігі және әмірді жеткізуші. Мына хадис Пайғамбардың (ﷺ) уәдеге беріктігіне нақ мысал болмақ: Сахабалардан Абдуллаһ ибн Әбүл-Хамса Исламға дейінгі кезеңде Пайғамбарымызбен сауда-саттық жасасқаны турасында осы бір оқиғаны әңгімелеген:

«Хазірет Пайғамбармен сауда жасасып, оған біраз қарызданып қалдым. Мұрсат болса, кейінірек төлегім келетінін айттым. Өтінішімді жерге қалдырмады. Бірақ берген уәдемді ұмытып кетіппін. Арада үш күн өткен еді. Есіме түсіріп барғанымда, сол орыннан тапжылмай мені күтіп тұрғанын көрдім» (Ибн Сағыд, Табақатул-күбра, VII, 59).   Бұдан пайғамбарымыздың (ﷺ) берген уәдесінде тұратын, тура сөзді саудагер болғанын көреміз. Ол саудадағы серіктесін күтіп қана қоймай, әлденеге тап болмады ма екен деп уайымдаған да еді.

Ислам діні уәдеде тұру мәселесін саяси тұрғыдан да қарастырады. Яғни, келісім шарт жасасу мәселесіне ерекше көңіл бөлген. Шариғат заңдылықтарында екіжақтық келісімде әр тараптың белгіленген шарт бойынша уәдеде тұруына қатал талап қояды. Құран Кәрімнен аяттарды келтіре отырып, нақты дәлелдермен сенімсіздіктің алдын алады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Олар, Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» («Рағыд» сүресі, 20-аят). Бұл аят тақуа, діндар мұсылмандардың келісім-шарттарына бекем, уәделерін толық орындайтындықтарын білдіруде. Жоғарыда келтірілген «Исра» сүресінің 34-аятқа сүйеніп жасалған әрбір істің соңы берекелі болары хақ. Бұл аят дана халқымыздың «Уәде – Құдай сөзі» деген нақыл сөзімен ұштасып жатқандығын көрсетуде. Тағы бір аятта: «Ей иман келтіргендер! Берген уәделеріңнің шарттарын толық орындаңдар»  - делінген («Мәйда» сүресі, 1-аят).

Алла Елшісі (ﷺ) хадисінде: «Мұнафықтың (екіжүзділіктің) белгісі үшеу: сөйлегенде өтірік айтады, берген уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат жасайды» - деген. Белгілі бір себеп немесе бөгет болған жағдайда ғана өзгеріс орын алуы мүмкін. Сөз беріп, уәде етіп, одан кейін бір кедергі болып уәдесін орындай алмаса, бұл адам мұнафық болып саналмайды. Алайда уәде берген адаммен екеуара келісіммен болғаны жөн.

Басқа жерде осы хадис былайша жеткен: «Алла елшісі (ﷺ): «Кімде-кімде 4 түрлі қасиет болатын болса, ол кісі екіжүзді мұнафықтан - аманатқа қиянатшы; сөйлеген сөзінде өтірік айтушы; уәдеге берік емес; куәліктен жалтарушы» деген. Осы төрт түрлі қасиеттің тіпті біреуінен құтылмаған адамның бойында екіжүзділік сақталады екен. Олай болса, жүрекке иман ұялатып, жаман мінезден арылып, берген сертке берік болып, жоғарыда келтірілген Алла елшісінің (ﷺ) көркем мінезін әр адам өз бойына сіңіруі қажет.

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы » мешітінің бас имамы, "Бала қажы" мешітінің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары