Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Сізде де қызыл әмиян бар ма? Ендеше мынаны біліңіз!
31 мамыр, 2017 жыл 5335 Басып шығару нұсқасы

Адам табиғаты естіген, көрген нәрселерінен бір мағына шығарып, оны жорамалдауға құмбыл тұрады. Жақсы нәрсе естіп немесе көңіліне хош нәрсені көрген сәтте оны жақсылыққа жорамалдаса, ұнамсыз сөз естіп, жағымсыз нәрсе көрген кезде оларды жамандыққа ырымдай бастайды. Міне сондықтан пайғамбарымыз (с.а.у.) «Ешбір адам үш нәрседен: жорамалдау мен күдікті ойдан, қызғаныштан құтыла алмайды»[1] деп, адам баласының осы табиғатын білдірген. Бірақ нағыз мұсылман мұндай сезімдерге жол берместен барлық істерінде Жаратқанға тәуекел етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) жоғарыдағы хадистің жалғасында: «Көңіліңе келген ырымға иек артпай, жолыңды жалғастыр, қызғанышың сыр берсе, оны шектен шығарма, ойыңа күдікті ой оралса, оны ақиқатқа айналдырып, жүзеге асырма!» деп көңілге түскен ырымды негізге алып, жолдан қайтуға, яки бастаған істі тастауға болмайтындығын ескерткен.

Кейбір жандар көңілдерінде сыр берген бұл сезімдерге қатты мән беріп, оған имандай сенеді, тіпті сол бойынша әрекет етеді. Ал бұл өте қате нәрсе. Тіпті кей тұста мұндай соқыр сенім мен ырымға құлай берілу Жаратқанға серік қосқанға да жататын ауыр күнә болуы мүмкін. Исламға дейін арабтарда ырымға илану қатты орын алған. Мысалы, олар жолға шығарда  отырған құсты үркітіп ұшыратын. Егер құс оң жаққа бет алатын болса, онда сапарға шығуды дұрыс санап, жол жүруге бел байлайтын. Ал егер сол жаққа ұшатын болса,  онда сапардың сәтсіз болатынын болжап, жол жүруден бас тартатын. Яғни, олар Жаратқаннның жазғанына емес, ақылы жоқ құстың ұшқан бағытына қарап іс-әрекет жасайтын. Құдды оларға сәттілік сыйлайтын да, жаманшылықты жазатын да Алла емес, құс деп білетіндей. Ал бұл дегеніміз, Алладан басқаға иек арту, жақсылық пен жамандықты өзгеден күту болғандықтан, Аллаға серік қосуға жатады. Міне, сондықтан Алла елшісі: «Ырым жасап, оған иек арту – ширк. Алайда Алла ырымды тәуекелмен жояды»[2] деп ырымдаудың күнә екенін әрі тәуекел арқылы одан құтылуға болатындығын білдірген. Ендеше, мұсылман баласы көңіліне жағымсыз  нәрсе кездессе оған көңіл бөлмей, бастаған ісін одан әрі қарай жалғастырып, барша істерінде бір Аллаға тәуекел етуге тиіс. Тәуекел дегеніміз – Жаратқанның мына дүниеде қойған заңдылықтарын қолымыздан келгенінше орындап, нәтижесін Алланың қалауына аманаттау деген сөз. Мысалы, егіннің дұрыс өнім беруіне себеп болатын жер жырту, дән себу, суғару, топырағын қопсыту, зиянды жәндіктерден сақтайтын дәрі шашу, арам шөбін отау секілді барлық қажетті заңдылықтарды орындағаннан кейін нәтижесін Алладан күту.

Кейбір жандар қара мысықтың жолын кескенін көрсе, жолаушылығының сәтсіз болатынын болжайды. Әлдебір себеппен бір жағдайға ұшырай қалса, оны Алланың жазғаны деп емес, әлгінде жолын кескен қара мысықтан көреді. Тіпті, "ақша шақырады" деп қызы әмиян ұстап жүргендер де бар.

Ел арасында қайтыс болған кісінің түнеген бөлмесіне шырақ жағып қою немесе береке орнасын деген ниетпен астына дән шашу секілді ырымдарды да кездестеріміз. Алайда бұл – мүлдем қате, негізі жоқ  күнә ырымдар. Тіпті, кейде қайтыс болған кісінің қабіріне құлыпты қоса көміп жатады. Ондағы мақсат – өлімнің тоқтап, әулеттегі басқа адамдар аман-есен жүрсін дегені. Ал мұның  тым таяз түсінік екені анық. Себебі, Алланың жазған ажалын пенденің қолымен жасалған қара құлпы тоқтата алмайды. Жаратқанның үкіміне мұндай ырымдар тосқауыл бола берсе, дүниенің тепе-теңдігі бұзылып, астаң-кестеңі шығар еді. Сондықтан кісі қара мысықпен сәтсіздікке ұшырап, көмілген құлпымен өлім тоқтайды деген сенімге шын иланса, онда Жаратқанға серік қосқан болады. Себебі, бұл жерде адам тағдырына әсер ететін, оған  пайдасы мен зиянын тигізетін Құдайдан басқа бір дербес күшке, құдіретке сену бар. Ал Ислам тәлімінде ешбір нәрсе Алланың құдіретінсіз жүзеге аспайды. Қазақтың «Құдайсыз қурай да сынбайды» деуі де осы ислами таза түсініктен туған.

Қазіргі таңда кейбір ырымдар мен негізсіз тыйымдарға бәзбір танымы таяз жандардың құлай беріліп, оған қатты сенгендігі соншалық – оны Құранның үкімдері мен пайғамбарымыздың тыйымдарынан да жоғары қояды. Мысалы, жаңа түскен келіннің жүзіне ұн жағылмай қалса, «жаман боладыға» салып, сол ырымды орындатпай қоймайды. Ал бірақ сол үйлену тойда арақ ішіліп, небір харам нәрселер істеліп жатса да, оған жаны ауырып, көңілі құлазымайды. Сонда ешбір негізі жоқ ырымның Алланың шариғатынан да жоғары болғаны ма? Адамға пәлекет пен кесір келсе, мұндай негізсіз ырымдардың орындалмай қалуынан емес, әлгіндей харам нәрселердің кесірінен  болатыны сөзсіз.

Ырым дегенде тағы бір ескере кететін жайт – белгілі бір заманның тұрмыс жағдайына байланысты ескерілген кейбір гигиеналық тыйымдардың қазіргі таңда ырымға айналуы. Мысалы, «түнде тырнағыңды алма, жаман болады!» деп жатады. Шын мәнінде, бұл ырым емес. Бұл – қазіргідей жарық шамы жоқ әрі ыдыс-аяғы мен жатын орны жақын орналасқан кішігірім қазақы үйде ғұмыр кешкен халықтың гигиеналық сақтануынан туындаған ұстаным. Себебі, қараңғыда алынған тырнақтың ыршып ыдыс-аяққа түсіп, одан әрі адамның ішіне кету қаупі бар. Сондай-ақ, бұрынғы кезде тырнақты қазіргідей оңай алатын құралдар болмағандықтан, қараңғыда тырнақ алған кісі  тырнағымен бірге саусағын кесіп алуы  ықтимал. Ал енді қазіргідей жарығы мол, ыдыс-аяғы бөлек тұратын бірнеше бөлмелі үйде мұндай тыйымға қажеттіліктің жоқ екені рас. Ендеше, мұны түсініксіз ырымға айналдырудың қажеті де жоқ.

Тағы бір мысал, қазақта: «Үйге қарай жүгірме, немесе, атпен шаппа, жаман болады!» деп жатады. Бұл сөз де әсілінде ырым емес, үлкен этикадан туындаған тәлімі терең тыйым болмақ. Олай дейтініміз, көбіне жау шапқанда, немесе басқа да суық хабарды жеткізерде хабаршы жай жүріске салмай шауып келеді. Міне сондықтан тыныштық уақытта үйге қарай шауып келу – елдің жүрегіне үрей салу болғандықтан, бабаларымыз «үйге қарай жүгірме, яки, атпен шаппа» деп этикалық астары қалың тыйымдарды айтып отырған. Әйтпесе, үйге қарай жүгіру мен шабудың нәтижесінде жаманшылық болмайтыны ақиқат.

Көз тимесін деген ырыммен сәбидің омырауына тағылатын көз моншақ та негізінде ырым емес, сақтанудан туындаған ғылыми ақиқат болуы мүмкін. Себебі, көз тию деген нәрсенің бар екені рас. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Көз тию – ақиқат»[3] деген. Ал енді көз тию дегеніміз не өзі?  Бұл – өз алдына жеке ғылыми зерттеуді қажет ететін үлкен тақырып. Дегенмен көз тиюді адам жанарындағы жағымсыз энергиялардың теріс әсері деп түсінсек, онда көз моншақтың осы энергиядан сақтануға оң әсері  болуы мүмкін. Ол былай, жағымсыз энергиясы бар адам сәбиге қараған кезде алғашқы жанары бірден сәбидің көзіне емес, жылтыраған көз моншаққа түсіп, сол моншақта  әлгі энергияның шағылып, күші жоғалуы мүмкін. Яғни, жағымсыз энергияға толы алғашқы жанар әуелі баланың көзіне емес, жылтыраған көз  моншаққа түсу арқылы оның залалының азаюы, яки жоғалуы үшін жасалған сақтық шара болуы ықтимал. Ал бұл нәзік ақиқатты түсінбеген кейбір адамдар көз моншаққа әлдебір рухани қасиет таңып, жәрдемді Алладан емес, сол моншақтан күтіп жатады. Әрине, бұл дұрыс емес. Сондықтан жалпы көзмоншақ тағуды ширк деп асығыс үкім беру де қате. Себебі, оқтан сақтану үшін кеудесіне оққағар таққан адамның бұл ісіне ешкім ширк демесі анық. Сондықтан екі түсініктің ара-жігін ажыратып, көзмоншақты әлгіндей энергиядан сақтану үшін таққан жағдайда ширк еместігін, ал оны Алладан басқа дербес күш, жеке рухани құдірет деген түсінікпен тақса, Жаратқанға серік қосу екенін ажыратып түсіндіру қажет. Бірақ көз тиюден бұлай сақтану ширк болмағанымен сүннет те емес. Алла елшісі (с.а.у.) көз тиюден қорғанудың жолы ретінде  бірқатар дұғаларды үйретіп кеткен.

Иә, көңілге келген әлдебір нахош нәрсені жаманшылыққа жору, кесірді кесіп ырымдау исламда жоқ. Өйткені ешбір негізсіз жаманшылықты ырымдап, оған сенуде жүрекке үрей салып, болашаққа күмәнмен қарау жатыр. Нәтижесінде жүрекке Жаратқанға деген сенімсіздік пен жаман ой ұялайды. Кісі  еш негізі жоқ нәрсемен өз жігер-қайратын байлап, жалқаулыққа жол береді. Мұнымен қоса өз жүйкесін өзі жұқартып, айналасына жағымсыз жағдай қалыптастырады. Нәтижесінде өзінің де, өзгенің де құтын қашырады.

Бірақ кездескен әлдебір хош, көңілге жағымды нәрсені жақсылыққа жоруға, құлағың шалған қандай да бір жақсы сөзді игілікке ырымдауға ислам рұқсат етеді. Бұл жерде басты назар аударатын нәрсе ұшырасқан көңілге ұнамды нәрсені жақсылыққа негізгі себеп деп емес, жақсылықтың белгісі деп қабылдауда, соны үміт етуде жатыр. Бірақ кесіп айтпастан «Алла қаласа жақсылығы боп қалар» деп үміттену керек. Себебі,  жақсылық күтіп, жақсы ойлау, қуанышты үміт ету – мұсылманның ісі. Аллаға деген жақсы ойдың нәтижесі болмақ. Жақсы ой, жақсылыққа үміттену кісіні алға ынталандырады, жігер-қайратын қамшылайды. Қазақтың: «жақсы сөз – жарым ырыс» деуі де осыған саймай ма?  Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Жаман ырымдау исламда жоқ. Бірақ маған «әл-фәл», жақсы ырым, жақсы сөз ұнайды»[4] делінген. Мұсылмандар мен мүшріктер арасындағы «Худайбия» келісім-шартын жасасуға мүшріктер тарапынан келе жатқан Суһайл атты кісіні алыстан көзі шалған Алла елшісі (с.а.у.) сахабаларына: «Істерің алға басып, жеңілдейтін болды. Олардың бұл адамды жібергені келісімді қалағаны ғой»[5] деп Суһайлдің келуін жақсылыққа жорыған. Себебі, «Суһайл» дегеннің мағынасы «жеңілдік» дегенге саятын.

Ендеше, малдың бас сүйегін немесе аттың тағасын босағаға іліп қойып, оларды түрлі бәле-жаладан сақтайды дегендей нанымдар мен өмірде кездесетін көңілге жағымсыз нәрселерді негізге алып, оны жаманшылыққа жору исламда мүлде жоқ. Ал кейбір көңілге хош көрінген нәрселер мен жағымды сөздерді жақсылыққа жорудың да оқасы жоқ. Бірақ әлгіндей  «жақсылық болсын» деген ниетпен жаңа түскен келіннің жүзіне ұн жағу секілді негізсіз ырымдардан да арылғанымыз абзал.

[1] Ахмад ибну Али ибни Хажарил-­Асқалани, Фатхул-­Бәри ли шархил-­Бухари, Китабул­истисқа, 11-том, ­374-бет. Дәрул­-Фикр, Бәйрут. 2000 ж.

[2] әл-Мустадрак алас-сахихайн, 1-том, 64-бет. Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-ші басылым. 1990 ж.

[3] Сахихул-Бухари, 5-том, 2167-бет, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж. Сахих Муслим, 4-том, 1719-бет, «Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы», Бәйрут.

[4] Сахих Муслим, 4-том, 1746-бет, «Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы», Бәйрут.

[5] Сафиюр-Рахман әл-Мүбәракфури, әр-Рахиқул-махтум, 384-бет. «Дәру ихиаул-кутубул-арабия, 1991 ж.

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары