Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Имам бол, Иван!
02 ақпан, 2014 жыл 266 Басып шығару нұсқасы

Имам бол, Иван!Имам бол, Иван!Анасы – православ, әкесі – католик. Өзі... Өзі, әлхәмдулиллә, МҰСЫЛМАН! Лисс Иван Андреевич. 1986 жылы наурыздың 3-і күні Қарқаралы өңірінде дүниеге келген. Жалпы, мұндай жағдай сирек кездесетін құбылыс. Және де мұндай жандардың Алланың хақ дінімен қауышуы кімді болсын қызықтырады. Бізді де қызықтырғаны рас... Сол себепті Иван Андреевичтің өзімен әңгімелескіміз келді.


Иван, өзіңіз жайында аз-кем әңгімелеп өтсеңіз...


Аты-жөнім – Лисс Иван Андреевич. 1986 жылы наурыздың 3-і күні Қарқаралы өңірінде дүниеге келдім. Сол жерде өстім. 2003 жылы Қарағандыға көшіп келдім. Анам – православ. Әкем – католик. Ал өзім ешқандай дінге сенбедім, ешқайсысын қабылдамадым. Не әкемнің, не шешемнің ұстанған сенімдеріме жүрегім де, бүйрегім де бұрған емес. Бірақ, жүрегім әрдайын бір ақиқатты іздейтін еді. Жаным жай таппайтын. Көңілім барлығына жауап таба алатын дінді іздейтін.


Іздегеніңізді енді тапқан секілдісіз, солай ма?


Жүрек тыныштығын сыйлайтын, дертіме шипа болатын дінді іздедім. Әлемдегі діндерді зерттеумен болдым. Көп оқыдым, көп іздендім. Аллаға шүкір, Жаратушымыз маған Тұңғышбеков Мадияр Санатұлын жолықтырды. Мадиярды Алла Тағаланың маған жіберген сыйы деп білемін. Ислам жайлы көптеген мағлұматтарды сол кісіден естіп, сол кісіден алатынмын. Мадиярдың себебінен Исламның хақ, ақиқат дін екенін түсіндім. Ислам көкейімдегі барлық сұрақтың жауабын берді.


Көкейіңіздегі сұрақтарды ата-анаңызға қойып көрмедіңіз бе?


Оларға да ішкі сезімімді білдірдім. Көкейдегі сұрағымды қойдым. Әкем мен анам өз діндері жайлы мәліметтер берді. Барынша өздерінің сенімдерін насихаттады. Бірақ, менің қойған сұрақтарыма мардымды жауап бере алмайтын. Жаным қалағанындай қанағаттана алмадым. Ақыры, бұл сұрақтардың жауабын Исламнан таптым. Алла тура жолды көрсетті. Толассыз ізденістердің арқасында ақиқатқа көз жеткізіп, Исламды өз еркіммен қабылдадым.


Исламды қабылдағанан кейін өміріңізде қандай да бір өзгерістер болды ма?


Өмірімде көп нәрсе өзгерді. Мәселен, 2011 жылы дәрігерлер маған «айықпас дертке душар болдың» деп айтқан еді. Бірақ, меңдеген дерттің тамырын дөп басып айта алмады. Қандай ауру, қайдан пайда болды, оны да біле алмадық. Әр үш ай сайын ауруханада жататын болдым. «Белсізсің, бала болмайды, жазылмайсың» деп кесіп айтқандар да болды. Тіпті, «үш жылдық қана өмірің қалды» деп болжап қойғандар да кездесті. Сол жылдары Исламмен танысып, дінді қабылдадым. Мешітке барып, ілімімді жетілдіріп жүре бердім. Бір күні кезекті медициналық тексеруден өтті. Сонда таңғалғаным, дәрігерлерім «бойыңда ешқандай ауру қалмапты дегенде сене алмадым. Расымен де, Алланың құдіреті-ау дедім. Барлық аурудың шипасын жаратқан Аллаға сансыз шүкірлер айттым. Бір қызығы, «белсізсің» деген дәрігерлердің де айтқаны емес, Алланың бұйырғаны болды, әйелім бала көтерді. Жуық арада перзентті боламыз, Алла қаласа. Осылардан кейін Алланың құдіреті шексіз екеніне қалай сенбейсің?!.


Ислам қабылдағаныңызға әке-шешеңіз, туыстарыңыз қалай қарады?


Әрине, бастапқыда әке-шешем, туыстарым оң қабылдамады. «Қалай?», «Неге?», «Не үшін?», «Бұл біздің дін емес!» дегендей көптеген сұрақтың астына алды. Мен оларға «өз діндерің жайлы егжей-тегжейін түсіндіріп, дәлелдеп беріңдер» дегенде, әрдайым үнсіз қалатын. Оларға керісінше мен Ислам діні мен солардың діні жайлы айырмашылықтарды айтып, Исламның соңғы әрі хақ дін екенін түсіндірумен болатынмын. Аллаға шүкір, қазір кейбір туыстарым Ислам дінін қабылдағысы келіп, ниет білдіруде.


Рас, өзге ұлт өкілдерінің мұсылман болып жатқаны кейде қазақтарға қызық көрініп қалып жатады. Алғаш мешітке келіп жүргеніңізде сондай жағдайлармен ұшырастыңыз ба?


Алғаш ислам қабылдап, мешітке келіп жүргенімде барлығы маған «мынау басқа ұлттың өкілі ғой» деп жақтыртпай қарайтындай сезінетінмін. Бірақ, ол сезімімді «мен оларға емес, Алланың үйіне келіп отырмын ғой» деп жеңдіретінмін.


Рахмет, Иван!


Иванның әйелі де қазақ. Есімі – Рахима. Баласы Шыңғыс. Ханафий мазһабын ұстанады. Алла қаласа, білімге деген ниеті зор. Алла сол ниетіне жеткізсін дейміз! Имам бол, Иван!


Сұхбаттасқан:


Қарағанды облыстық орталық мешітінің


Баспасөз хатшысы: Райымбекова Ақерке


Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары