Мұсылмандардың бойынан көрінетін көркем мінездің бірі – еңбек сүигіштігі. Алла Тағала адам баласын өзіне ғибадат етуі үшін жаратқан. Сондай-ақ, осы бес күндік өмірде маңдай терін төгіп еңбек ету де ғибадат болып саналады. Тіпті жиһат еткенмен тең деп келген хадистер бар. Құран Кәрімде Аллаһ Тағала: «Әй мүминдер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға ұмтылыңдар және сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, сендер үшін жақсы. Намаз өтелген кезде, жер жүзіне таралыңдар да, Алланың мәрхәмәтінен несібе іздеңдер. Әрине, құтыласыңдар» («Жұма» сүресі, 10-аяты) – деген.
Бұл аятта алдымен Алла Тағала жұма күні жұма намазын орындауға, одан соң еңбек етуге шақырып жатыр. Кейбір ғұламалар: «Кімде –кім жұма намазынан кейін халал ризық табу мақсатымен еңбек етсе, жетпіс есе еңбегінің берекетін табады», - дейді. Иә, адал жолмен нан табу, отбасын қамтамасыз ету – ол да бір құлшылық. Өйткені бұл асыл дініміздің бұйрығы. Адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) – ның бойында осы қасиеттер тұнып тұратын. Негізі Пайғамбарлардың барлығы кәсіппен айналысқан. Мысалы, Адам (ғ.с) егінші болған. Нұх (ғ.с) пайғамбар кеме жасауды үйретсе, Идрис (ғ.с.) тігінші, Мұса (ғ.с) –шопан, Дәуіт(ғ.с) темір өнер кәсібінің , ал Иса (ғ.с) медицина ғылымының шоқтығы болған. Ал адамзаттың асыл тәжі хазіреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қойшы, саудагер болған. Сахабалар Айша (р.а.) анамыздан: «Алла Елшісі (с.ғ.с) бос уақытында немен айналысатын?» - деп сұрағанда, Айша (р.а) анамыз былай деген: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бос уақытында киімін тігеді, қойларды суарады, өз жұмыстарын жасайтын еді».Тағы бір риуаятта: «Ол (с.ғ.с) үйде сендер сияқты аяқ киімін тігіп, киімін жамайтын»-деген.Пайғамбарымыз (с.ғ.с) : «Адамның отбасы үшін жұмсаған қаражаты – садақа» деген.Тағы бірде: кімде - кім кісіге мұқтаж болмастан бала-шағасын асырау үшін, көршісімен жақсы қарым – қатынаста болып, дүниені халал жолмен тапса, Алла тағаланың алдына барғанда жүзі толған айдай жарық болады деген». Басқа да хадистерінде : Адал кәсіппен айналысып , содан шаршап ұйқтаған адам күнәләрі кешірілген хәлде түнейді» деген .Міне біз жоғарыда айтылған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистермен, сүннеттерінен алатын өнегеміз жетерлік. Алла елшісі өзінің іс - әрекетімен үмметіне (барша мүмин –мұсылмандарға) үлгі болған. Яғни мұсылмандарды адал кәсіппен
айналысуға,жалқау болмауға шақырған.
Абай аудандық орталық мешітінің найб имамы : Смағұлов Жасұан Манапұлы
Пікірлер