Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мәулітті тойлау дұрыс па?
16 қараша, 2018 жыл 1105 Басып шығару нұсқасы

Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны белгілі. 

Адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (ﷺ)  дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128-аят), - деген. Сондай-ақ, «Ахзаб» сүресі, 56-аятында: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», - деп айтқан.

Сол себепті де, барша мұсылман халқы Пайғамбарымызға  (ﷺ) құрмет ретінде Мәуліт мерекесінде жер-жерлердегі мешіттерде Құран оқып, көптеген уағыздар айтып, салауаттар оқиды. Мәулітті тойлату турасында атақты ғұламалар көптеген пікірлер қалдырған. Көпшілікке танымал, беделді ғұлама Имам Суютый: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (ﷺ) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Алла елшісіне (ﷺ) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш», – деген. Әбу Шама бұл мейрамға анықтама беріп: «Біздің дәуіріміздегі жақсы амалдың бірі – мәулітті садақа берумен, уағыз айтумен және өзара жайдары болумен өткізу. Осының бәрі Пайғамбарымызға (ﷺ) деген сүйіспеншілік пен құрметтің әрі Алла Тағалаға болған шүкіршіліктің белгісі» деген.

Алла Елшісінің (ﷺ) дүниеге келуі туралы қысқаша айтсақ, Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері дініміз үшін ең қасиетті орын саналатын һәм Алла Тағаланың рахметі жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі – Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, 9 һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген. Ана құрсағында 6 айлық болғанда: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, бұл бала туылғанда есімі Мұхаммед болсын», - деп Әминаға аян етіледі. Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз туылғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келінінің нұрлы пір перзент көргендігін естіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасады. Құрайыш руының ұлықтарын шақырды. Сүйікті немересіне Мұхаммед деп есімін қойды.

Мәулiттiң атап өтілуіне кезінде ислам ғұламалары жоғары баға берді. Имам Науауи: «Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнiне сәйкес келетiн осы күндерде iстелетiн  садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрiнетiн көркем мiнездiлiк пен қуанышты iстер – осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы»,– деген.

Барша мұсылманның сүйіктісі болған Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла елшісінің (ﷺ) өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Мәуліт мерекесі кіргенде ғибадаттарымыз арттырып, Алланың разылығына бөленуге мүмкіндік зор.

Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм»,– деген.

Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай бірлік берсін! Екі дүниеде де жүзімізді жарқын, дұғамызды қабыл қылғай!

 

Абдрахманов Ысқақ Рахымбекұлы

Теміртау қалалық орталық мешіттің бас имамы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары