Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бақытым – Ислам, бақытым – Тәуелсіздік!
29 қаңтар, 2018 жыл 672 Басып шығару нұсқасы

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдарында рухани дамып, халықтың діни санасы кеңейіп, білімі молайды. Жер-жерлерде көптеген мешіттер ашылып, дін саласында қызмет ететін азаматтардың да қатары артып келеді. Егемендіктің арқасында ұлты мен діни сенімге қарамастан барлығымызды біріктіретін 18-қазан күні – «Тұрақтылық пен келісім күні» деп арнайы күнтізбеде мерекелік күн бекітілді. Сондықтан да бұл күні, бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен гүлдену мерекесі болып табылады. Бұл мерекенің арнайы аталып өтуі елімізде бірлік пен қайырымдылық, жақсылық пен сенімділік, ауызбіршілік пен сыйластық орнату.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген жақсы сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді. Жалпы алғанда, ішкі саяси тұрақтылықты – әртарапты қоғамдық құбылыс ретінде тануға болады  және  оған  әртүрлі: саяси, экономикалық, әлеуметтік, діни, этникалық, тілдік тағы басқа да факторлар әсер етеді.

Ислам дінінің табиғаты сондай, сенімі күшті діндар адам өзінің туыстары  мен  ұлтына, еліне көп алаң болмай, рухани бірліктегі өзінің діндес бауырларын  жақын  тұтып, соларға  жәрдем  етуге бейім болады және қажет болған кезде солардан қолдау күтіп, көмек сұрауға да дайын тұрады. Бүгінде тәуелсіз мемлекет атанып, ел-халық болып қалыптасудың күрделі үдерістерін бастан кешіріп жатқан кезеңде ұлттық келісімді, дінаралық татулықты қамтамасыз ету бүгінгі күннің өзекті міндеті болуы да сондықтан. Бұл жөнінде Ел Президенті  Н.Ә.Назарбаев: «Біз өзіміздің жатсынбас тұрпатымызбен, этносаралық, конфессияаралық татулығымызбен және өзара үндесуімізбен күллі әлемге танымалмыз», – деген.

Соңғы жылдары дінге бетбұрушылар қатары едәуір көбейіп келеді. Мұның өзі егемен еліміздің бұл күрделі мәселеге үлкен маңыз беріп отырғанының жарқын көрінісі. Біздің еліміз сияқты көпұлтты қоғамда ислам дінінің әртүрлі ұлттардан құралған халықтың бірлігі мен татулығын сақтауда ерекше рөл атқаратынын, оның адамдарды мейірімділікке, ізгілікке баулитын имандылық мәнін ешкім де жоққа шығара алмайды.

Ислам діні татулық мен мейірімділікке шақырады. Адамдарға мейіріммен қарау, дауласқанды татуластыру, көршімен қарым-қатынаста болу мұсылманды нұрландыратын әрекеттер. Көршімен-көрші, ел мен ел тату болса, әлемде бейбітшілік орнайды. Ағайын-туысты татуластыру да үлкен сауапты амал. Сәһл ибн Сағдтан (р.а.) жеткен хадисте Құба тұрғындары төбелесіп қалып, тіпті бір-біріне тас лақтырған. Бұл туралы Алла елшісіне (ﷺ) айтылғанда, ол сахабаларына: «Жүріңдер, оларды татуластырайық», - деген (Бұхари). Бұл хадис кез-келген дау үстіндегі адамдарды бір-бірімен ортақ тіл табыстыруға күш жұмсаудың қажеттігін меңзейді.

Алла Тағала былай деді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят). Осы аятта айтылғандай көршіге жақсылық жасау бұйырылған. Яғни, ел болып, шетелдермен тату-тәтті тұру, көршің мұсылман болмаса да онымен тату болуы барша мұсылманға парыз.

Ибн Омар (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (ﷺ): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», - деген (Бухари, Муслим).

Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (ﷺ): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» - деп сұрағанда, Алла Елшісі (ﷺ): «Есігі ең жақын орналасқанына», - деп жауап берген (Бухари). Бұл хадис, өзге ұлт өкілі немесе өзге дін өкілі болғанына қарамастан көршімен тату болуға, мейіріммен қарауға, қайырымдылық жасауға шақырады.

Бұл мысалдармен айтқымыз келгені, ағайын-туыс, бауырмен, сондай-ақ еліміз үшін көрші мемлекетпен тату болу, тіпті алыстағы шекарамыз түйіспейтін елдермен тату болуы қазақ халқы үшін, барша мұсылман үшін өте қажет нәрсе. Өйткені, көршімен жақсы қарым-қатынаста болғанда ғана біз Аллһтың разылығына бөленеміз, елімізде тыныштық орнап, бейбіт өмір сүреміз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде өзімізге тән тамаша дәстүрлер қалыптасты. Біз жыл сайын Рухани келісім күнін, Құрбан айт секілді діни мерекеліріміз бен өзге де дін өкілдерінің ұлттық, діни мерекелерін бірлесіп атап өтеміз. Бұл халық пен елдің, өзге діндер мен ұлттардың бөлінбей, керісінше бірге, тату болып отырғандығының көрінісі.

Рухани келісім – біздің ұлттымызға тән  үлкенді сыйлау, отбасына құр­мет, балаларға  қамқорлық, қонақжайлылық, татулық, достық, ауызбіршілік тәрізді ізгі ортақ құндылықтар берік орнықты. Халқымыздың татулығы мен бірлігі – еліміздің өркендеп, алға басуына себеп болады. Осы байлығымызды қадірлей білу, оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі болмақ.

 

 Түкетаев Ардақ Әділханұлы

Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары