Бұл жағдай Кенияның астанасы Найроби қаласында болған. Бұл баланы кім көрсе де ұрлықшы, көшенің қайыршысы деп ойлайды. Иә, ол көшеде жол бойы өткен машиналардан қайыр тілейтін бала. Ата-анасы жоқ. Баланың есімі - Жон. Бір күні жолдағы кептелісте машиналардан қайыр тілеп жүрген Жон машинада отырған Глэдис Каманде есімді әйелге жолығып қалады. Әлгі әйел өкпе ауруының ауыр түріне шалдыққан екен. Оттегі беретін шағын қосымша аппаратпен отырғанын көрген Жон оның не екенін қызықтайды. Глэдис өзінің ауру тарихын балаға айтып бергенде ол үнсіз жылай беріпті.
Ол өзінің көшедегі өмірінің ең қиын, ең ауыр өмір емес екенін, өзінің жағдайынан мына әйелдің жағдайы тым ауыр екенін түсінген еді. Көз жасын тоқтата алмаған бала ауру әйелдің қолын ұстап, құдайдан оның жазылуын тілейді. Кейін өзінің қайыр тілеп жинаған барлық ақшасын әйелдің қолына ұстатады. Осы жағдайды кездейсоқ суретке түсірген адам осы оқиға туралы әлеуметтік желіге жариялайды. Нәтижесінде әлеуметтік желіде мыңдаған адамның жүрегіндегі сезімді оятады. Небары 4 күннің ішінде 3 млн шиллинг немесе 30 мың доллар жиналады. Осы ақшаға Глэдис Үндістанға барып емделіп келгесін, көшеде қайыр тілеп жүрген Жонды асырап алады. Кейін мектепке қабылданған Жонның өмірі түбегейлі өзгереді. Қазір оның үйі де, анасы да бар.
Қайыршы болса да бұл баланың әрекеті адамзат үшін ақша мен байлықтан да жоғары шын пейіл мен ақ көңілдік бәрінен де қымбат екенін айқындаған еді. Сонда деймін, бұл қаршадай баланың әлгі әйелдің жай-күйін естіп, жаны сыздағанын айтам да. Басқа ойын баласы болса, жай ғана тыңдап, артынша ойнап кетер ме еді? Ғажап дерсің.+
Моңғол тілінен аударған - Нұрбол Ханағат
Пікірлер