Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бейнетсіз зейнет жоқ
08 қаңтар, 2015 жыл 261 Басып шығару нұсқасы
Ешқандай еңбексіз рақым мен шапағатқа қол жеткізуге бола ма? Күш салу міндетті ме? Рақым мен қиындықтың байланысын қалай түсінеміз?

blaga_2Алланың атымен бастайық. Алла Тағала үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Себебі он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла Тағала. Егер Алланың қалауы сол болса еш еңбектенбеген пендесін де шапағатқа бөлейді. Бірақ дүние-ғаламда кез-келген нәтиже мен салдардың себебі бар, кез-келген жетістік еңбекпен келеді. Күн түннің келетінін білдірсе, қараңғылық келер жарықтан хабар береді, ал қиындық пен еңбек жақсылыққа жеткізіп, рақымға бөлейді. Әр жақсылықтың өз қиындығы, әр нәрсенің өтемі болады. Алла Тағаланың өзі жіберген Пайғамбарларына адамдарды ешқандай қиындықсыз, сынақсыз-ақ дінге келтіруіне көмектесетіндей күші бар. Бірақ барлық Пайғамбарлар тар жол, тайғақ кешуден өткен. Бәріне бірдей белгілі бір қиындықтармен күресуге тура келді. Әсіресе сынақтың ең үлкені Мұхаммед Пайғамбарға түскен еді. Ол қайғы жеді, қан жұтты, жақындарын жоғалтты. Өзі: «Алла жолында мен маған дейін ешкім басынан өткермеген сынақтарға тап болдым»-деген. Қағбада намаз уақытында мүшіріктер Пайғамбардың үстіне түйенің ішек-қарнын ақтарып, Таифте таспен де атқан. Жеті баласының алтауы өзінен бұрын бақилық болды. Бұлардың өзі ол басынан өткерген көп сынақтың жартысы ғана. Осылай бола тұра Пағамбарымыз барлық сынаққа сабырлылық танытып, Аллаға бойұсынудан танбаған. Өзінің үмметі үшін үлгі болған.

Егер жаратушы Алла қаласа  бидайдың дәнін дайын асқа бірден айналдырар еді. Бірақ Алла жалғанды жақсылық пен рақымның еңбексіз, қиындықсыз келмейтіндей етіп жаратқан. Сол себепті де кішкентай ғана дән алдымен  қара топырақта жатады, одан кейін бүршік жарып шығады. Оны әбден күтіп-баптағаннан кейін ғана оруға дайын болады. Мұның өзінде тұтас бір жүйелі жұмыс жатқан жоқ па? «Алма піс, аузыма түс» дейтін заман болған емес.  Сол сияқты адамның ішкі жан дүниесі де еңбек, іздену, оқу арқылы тазарады, кемелдікке жетеді. Кемелдікке жету жолында нәпсімен күресеміз, талай мәрте ар алдында сыналамыз. Міне мұның өзі үлкен еңбек емес пе? Бұған да күш, қажыр-қайрат керек.

Сонымен қатар Құранда Аллаға жүрегімен сеніп, қиындықтарға сабырлылық танытқандарға тыныштық бар екені айтылады. «Шынында ауыртпалықтың жеңілдігі, шынында ауыртпалықтың жеңілдігі  бар» (әл-инширах сүресі) - дейді. Сүредегі сөздің екі рет қайталануы кез-келген қиындық соңынан жеңілдік болатынын сөзсіз дәлелдесе керек. Бұл сүре де тегін түспеген. Алла елшісінің Пайғамбарлық жолының екінші жылында түскен. Бұл кезде  Алла елшісі мен аз ғана сахаба мүшіріктерден жәбір көріп жүрген болатын. Алла Тағала  осы сүре арқылы Пайғамбарымызға сабыр мен төзімнің сауабы, қиындықтың жеңілдігі болатынын сездірген. Осы сүре түскеннен кейін Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір қиындық екі жеңілдіктен үстем бола алмайды» -деген екен. Жеңілдік төзім мен сабырлылық танытудың арқасында ғана келетінін ескерген жөн.

Үлкен жетістік үлкен еңбекпен келеді. Бұл талас тудырмайды. Осыған орай сахабалардың бірі Әбдурахман бин-Авф: «Ислам нәпсіге жақпайтын заңдарды әкелді. Ең үлкен жақсылықтарды біз осы заңдардан таптық. Мысал үшін Мұхаммед Пайғамбармен бірге Меккені тастап, хижраға бардық.  Хижрада үстемдікке ие болып, жеңіске жеттік. Кейінірек Алла елшісімен бірге Бадр соғысына аттандық. Діндарлардың көпшілігі мүшіріктерге қарсы соғысуға қарсы болды. Бірақ бұл соғыста да Алла бізге жеңіске жетуді нәсіп етті. Біз үлкен жақсылықтардың бәріне бастапқыда қиын болып көрінген бұйрық пен заңдардың арқасында қол жеткіздік»-деген.  (Хайсами, VII, 26-27 ).

Сондай-ақ ешқандай еңбексіз жақсылыққа кенеле қалуға құмарту жалқаулықтың ғана белгісі. Ал жалқаулық өз кезегінде бітпейтін басы артық жұмысты туындатады. Әл-Инширах сүресінде: «Босаған сәтіңде жаратушы Аллаға жалбарын, дұға ет»-делінген. Адам өмірі қамшының сабындай-ақ. Бірақ дем алған әр минут адамның ақыретте алар орны үшін маңызды болмақ. Сол себепті де әр минутты құр өткізбеуге тырысқан жөн. Не дүниеде, не ақыретте өзіне еш пайда әкелмейтін істермен айналысу сол адамның соқырлығын, ақымақтығын ғана көрсетеді. Алла Тағала Құранда: «Шынында шаттыққа бөленетіндер пендешіліктен алыс болып, құлшылықта бойұсынғыш келетіндер»-дейді. Тек дүниенің қызыған беріліп кеткендердің де көрер күні қараң: «Сол күні біреулер күйінген, жүдеген, қиналған күйде болады». Имам Джафар Садық былай дейді: «Алла Тағала дүниеге: «Ей, дүние! Маған қызмет еткенге игілік көрсет! Саған қызмет еткенді азапта»-деген. Міне сондықтан да екі дүниенің жақсылығы үшін өміріміздің әр күнін құлшылықпен өткізуден асқан абзал іс жоқ.

Әмина Омарова

Қарағанды облыстық орталық мешіті

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары