Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Біз неге өтірік айтамыз?
06 ақпан, 2015 жыл 488 Басып шығару нұсқасы
90949-INNERRESIZED600-600-1

Шынайылыққа жанаспайтын және басқа адамдарды жаңылыстыру үшін айтылатын нәрсенің бәрі өтірік болып табылады. Өтірік -  бұл негізсіз, бұрыс, ойдан шығарылған дүние. Өтірік – көп күнәлардың бастауы, ол күнделікті өмірде көп жасайтын  күнәларымыздың бірі. Біреулер үшін өтірік қанына сіңген әдет болып кеткен. Өтірік айтудан неғұрлым аулақ болу керектігін естен шығарып алғандай көрінеді кейде. Құранда: «Шынында Алла ынсапсыз бен өтірікшіні тура жолға салмайды»-делінген.


Біз күнделікті ұсақ-түйектің бәрінде өтірік айтамыз, жұмысқа кешіккенде, телефонға жауап бермегенде, жұмысқа немесе сабаққа барғымыз келмегенде, бір нәрсені жасауға ерінгенде және т.б. Әрі ең бастысы осындай күнделікті өтіріктерді көпшілігіміз өтірік деп қабылдамайтын  күйге жеттік. Өтірік адамды рұқсат етілмеген істерді жасауға итермелейді, күнәларын өтірік айту арқылы жуып-шаюға жеткізеді.


Хадисте: «Адал болыңдар, себебі адалдық шындыққа, шындық Жұмаққа жеткізеді. Өтіріктен сақтаныңдар, өйткені ол адамгершіліктің жоғалуына әкеледі, ал ол Тозаққа жеткізеді»-дейді.


        Адамдар көп істе басы артық мәселеден өзін арашалап алу, пайда табу үшін өтірік айтады. Бұл кезде өтіріктің ауыр күнәлардың бірі екенін оңай ұмытып кетеді. Себебі өтіріктің салдарынан адамдар жаңылысуы, күнәлі істер жасап қоюы мүмкін.


        Бірақ өтіріктің жақсылық үшін, басқа күнәдан сақтау үшін айтылатын кезі болады. Пайғамбар хадисінде: «Үш жағдайда ғана өтірік айтуға болады: ерлі-зайыптыларды татуластыру үшін, соғыс уақытында және адамдарды татуластыру үшін»-деген.


        Өтірік екіжүзділікпен бірдей. Адам болмысына бөтен сөздерді айтады, жанына жат істерді істейді, өзін басқа адам ретінде көрсетпек болады. Ақыр соңында өтірік пен шынның аражігін ажырата алмай қалады. Бірақ адам қанша адамды жаңылыстырса да жаратушы Алланы жаңылыстыра алмайтынын ұмытып кетеді.


        Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Шындық адалдыққа, адалдық Жұмаққа жеткізеді. Алла адамды шыншыл етіп жаратты және адам шыншылдық жолынан таймауы керек. Өтірік күнәға, ал күнә Тозақ отына түсіреді. Алла оны шектен шыққан өтірікші ретінде жазғанға дейін, адам өтірік айтуды жалғастыра береді» - дейді.


Ал екіжүзділер туралы Алла елшісі: «Екіжүзділерді төрт белгісі бойынша оңай тануға болады: өзіне сенгенді сатып кетеді, сөйлеген сайын өтірік айтады, дау шығарып жасалған келісімді бұзады, өтірік айту арқылы шектен шығады»-деген.


Өтіріктің барлық зиянын тізіп жазу мүмкін емес. Өтірікші адам бара-бара айналасындағы адамдардың сенімін жоғалтады. Өтірік айтып туысқандарымен қарым-қатынасына сызат түсіреді, сол арқылы ислам дінінің міндеттерін бұзады.


Құранда: «О сенім келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншыл болыңдар»-делінеді. Шыншылдық адам өмірін баянды етеді, айналасындағы адамдар мен Алла алдында дәрежесін көтереді. Адам басқалармен қарым-қатынаста үш нәрсеге берік болуы тиіс: сөйлескенде шыншыл болу, өзіне сенім білдіргенде сатып кетпеу, ал өзі уәде бергенде уәдесінде тұруы қажет.


Сенім мен иманның берік болуы шыншыл жүректен бастау алады, ал тілі өтірік айтатын адамның жүрегі таза болуы мүмкін емес:


«Құл жүрегі шыншыл болғанда, сенімі шын болады. Ал, жүрек, адам тілі өтіріктен босағанда шыншыл болады. Ал, көршісі оның кесірінен зардап шегетін адам Жұмаққа бармайды» (Хадис)


Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары