
Шынында, байыппен қарап отырсақ барлық бәле біздің өзімізден басталады екен. Бұл әлдеқашан дәлелденген шындық. Егер басымызға бір іс түссе онда оның Алланың қалауымен жүзеге асқаны.
Алайда кейде біздің өзіміз түсінбейтін мінездеріміз бен іс-әрекеттеріміз бар. Мәселен, өзіне керек жерде адамдарды пайдалану. Кейін пайдасына жарағаннан кейін қарым-қатынасты үзіп кету, соңынан сөз ертіп, өсек тарату. Тіпті біз адамдарды пайдаланып жүрген жоқпыз деген күннің өзінде "Соны пайдаланып ана ісімді бітіріп алайын, соған көрсетіп алайын оның пайдасы тиеді" дейтін ойларың әркімнің басында болатыны анық.
Әркімнің ақ сүттен ақ, судан таза шыққысы бар. Бірақ әркім әр ісінде өзіне есеп беруі тиіс.
Қазір біздің жақсы істер жасауда жарыспайтынымыз, керісінше бірімізді-бірімізден асырмау, аяқтан шалу, дүние жинауда бәсекелесетініміз өкінішті. Мұқтаждарға көмектесуге, жәбір көргенге қол ұшын созуға, адамдарға қайырымдылық жасауға неге асықпайтынымыз түсініксіз. Есесіне жақсы лауазым, жайлы кабинет, ай соңында жоғары жалақы алуға асығамыз. Бәріне әмірімізді жүргізіп, айдағанымызға көндіру арман-ақ. "Генерал болуды армандамайтын сарбаз жаман, сарбаз бола алмайтын генерал жаман" демей ме? Баспалдаққа аяқ баспай жатып жоғары көтерілуді ойлаймыз. Оңайлықпен ешқашан ештеңе келген емес және олай болмайды да!
Қазір бай-бақуатты, қол ұзын біреуге "кенеше жабысып алып, соңынан қалмай жүріп, сонымен бірге байлыққа кенеліп қалу" деген түсінік те бар.
Ал Мұхаммед Пайғамбарымыз неге ұмтылып еді? Ол Алланың ең сүйікті құлы емес пе еді? Бірақ дүние-мүлікке емес Алланың разылығына ұмтылмады ма? Алланың бергенін қанағат тұтты. Ал тәкәппарлық, дүниеқоңыздық, екіджүзділік Алланың разылығына жеткізе ме?
Біз өзіміздің нәпсімізді тыймасақ ешбір кабинет, ешқандай лауазым бізді Алланың разылығына жеткізбейді. Ал ешбір қызметкер, ешбір әкім Алланың ажалынан қашып құтылмайды емес пе? Сонда біз атқарып жүрген қызметтердің айырмасы неде? Құны қанша? Ең бастысы Алланың разылығы үшін, қоғам мүддесі үшін жұмыс істеу емес пе?
Әр адам өзі ұнатқан іспен шұғылдануы тиіс. Шындап келгенде басшылық жасай білу де үлкен іс, біз ойлағандай бұйрық беріп отыра беретін алтын тақ емес. Айналаңдағылардың бәрінің көңілінен де шығу мүмкін емес.
Алла елшісі: «
Алладан шынайы ұялыңдар»-деген. Сахабалары: «
О Алланың елшісі, Аллаға шүкір біз ұяламыз»-дейді. Сонда Пайғамбарымыз: «
Мен мұны меңзегенім жоқ! Алладан шынайы ұялу – бұл адамның өз басын қорғауы мен қарынын тыюы және өлім мен сынақтарды есінде ұстауы. Кім болашақ өмірді қаласа, сол адам бұл өмірдің қызығын қалдырады, кім солай істесе сол Алладан шынайы ұялған адам»-деген екен.
Адамның өзінен бұрын өзгелерге баға беруі оңай. Өзгенің кемшілігін, мінін тез көреді, ал өзіне қарамайды. Әр адамның өз-өзіне есеп беріп, өз кемішліктерімен күресе білгенінің өзі үлкен жетістік, үлкен жақсылық. Күнде басшылық қызметті армандап, біреуді пайдаланып, біреуді аяқтан шалып, біреуді өсектегеннен гөрі күніне тым болмаса бір рет адам өзінің не істеп жүргені туралы ойлануы тиіс. Түзелуді өзімізден бастасақ, қоғамда түзеледі. Бізге бұны кемелдіктің үлгісі болған Алла елшісі үйретпеді ме?
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер