Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адамдар туралы жаман ойладыңыз ба?
07 наурыз, 2015 жыл 5423 Басып шығару нұсқасы

71e707a4-5b4f-418e-a6c0-d87028e5c239-avatar


Құран мен сүннеттен бастау алатын бір ереже бар. Бұл ережені сақтау нәтижесі – жанның тыныштығы, сізге жақын адамдар жүрегіндегі қуаныш, адамдар арасындағы сүйспеншілік. Егер әр мұсылман осы ережені ұстанса мұсылман қауымының ортасын ешкім бұза алмас еді.


Бұл «хусну-занн» ережесі – «адамдар туралы жақсы ойлау». Мұсылман - мұсылманға бауыр. Әр бауырымызды көрген сайын оған күле қарап, мейірім танытып, ол туралы жаман ойлауға емес, жақсы ойлауға тиіспіз.


Ең алдымен әр мұсылман Алла туралы жақсы ойлауға міндетті. Алланың Пайғамбарымыз(с.ғ.с) жеткізген сөзін еске түсірейік: «Мен туралы құлым қандай ойда болса, Мен сондаймын және Мен туралы қалағанын ойласын»-дейді емес пе?


Саид ибн Джабир: «О Алла, маған шынайы тәубе бер және Сен туралы жақсы ой бер»-деп құлшылық қылатын болған. Алланың мейірімділігін, кеңдігін, жомарттығын әрдайым есте ұстау қажет. Ол тәубеге келгендерді жақсы көреді. Тәубені қабыл етеді. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) : «Алла туралы жақсы ойламастан араларыңнан ешкім о дүниеге аттанбасын»-дейді.Алла туралы жақсы ойда болу адамды жақсы істер жасауға итермелейді. Хасан әл-Басри: «Шынында діндар өзінің Жаратушысы туралы жақсы ойлайды және жақсы істерге ұмтылады, ал күнәһар Жаратушы туралы жаман ойлайды және жаман істерге бой алдырады»-дейді. Ахмад ибн Ханбал мынадай хадисті жеткізеді: «Алла туралы жақсы ой жақсы істерден бастау алады».


Сондай-ақ айналасындағы адамдар туралы жақсы ойлау мұсылманның міндеті болып табылады. Біреудің кемшілігін емес, жақсылығын көруге асығатын, басына іс түссе шын қайғыратын, ешкімді сөкпейтін адамдық қасиетті бойына сіңірген адамның дәрежесі биік. Алла Тағала Құранда: «О мұсылмандар! Әр түрлі болжамдардан алыс болыңдар, болжамдардың бірқатары күнә болып табылады»-деген. Алла тағала неше түрлі болжамдардан, ойлардан аулақ болуды бұйырады. Еш дәлелі болмастан адам туралы жаман ойлау мұсылманды күнәһар, екіжүзді деп есептеу болып табылады. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) : «Жаман пікір бұрыс шешімдер қабылдауға себеп болады»-деп ескертеді.


Басқа бір хадисте: «Басқа адамдар туралы болжамдардан алыс болыңдар (айқын дәлел болмаса да өз ойларыңда ол адамды айыптау) мұндай болжамдар – ең өтірік нәрсе»-делінеді. Жаман ой адамдарды басқа күнәларға бастайды, осылай жауластық пайда болады. Өкінішке қарай біздің көбіміз бас салып біреуді айыптап шыға келуге, жақсынан бұрын мінін көруге бейім тұрамыз. Қате ойдың жетегінде ашуға бой алдырып адамдарды ренжітеміз.


Шайтан әр кез біздің жаман ойда болуымыз үшін күш салады. Алайда көкейде туындаған ойларға жүрек сеніп, санада бекігенше күнә болып есептелмейді. Ал санамызды ондай жаман ойлардан тазарту – біздің міндет.


Жақсы ойлаудың пайдасы


1. Адамдар туралы жақсы ойлау – бұл жүректегі сенімнің толықтығы.


2. Жақсы ой шайтаннан келетін ашу мен лаңнан сақтайды. Адамдар туралы жаман ойлайтын адамды шайтан одан әрі сөйлете береді, сөйлете береді, ол адамның өзімшілдігін арттырып, басқаларды сөгуге бейім етеді.


3. Адамдар арасындағы сыйластық пен сүйіспеншілікті арттырады.


4. Әдепсіздік пен басқалардың құқының бұзылуына жол бермейді.


5. Адамдар туралы жақсы ойлау мұсылман жүрегінің тазалығын көрсетеді.


Дұға – бұл жақсылық есігі, Пайғамбарымыз(с.ғ.с) өзінің құлшылықтарында таза жүрек беруді сұраған. Ендеше біз де ешкімді сөкпеу үшін Алладан жәрдем сұрайық. Жаман ойлаудың зияны бар екенін үнемі естен шығармау қажет. Басқалар туралы жаман ойлайтын адам өзінің шайтанның ықпалына қалай түскенін байқамай қалады. Мұндай қасиеттерге ие болу үшін нәпсімен күресу керек. Біздің нәпсіміз кінәні өзіңнен іздеуді емес, күнәліні табуға, әлдекімді сөгуге, сыртынан сөз таратуға бейім-ақ. Ешкім Періштедей пәк емес. Біреуді сөкпес бұрын әр адам өзіне қарауы, өзінің кемшілігін дұрыстауы, өзін тәрбиелеуі қажет. Өйткені мінсіз адам жоқ. Тіпті өзін пендешілікпен мінсізбін деп ойлаған күннің өзінде, өзгелер туралы жамай ойлау, жаман сөз айту жақсылыққа жеткізбейтінін есте ұстаған абзал.


Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова


 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары