Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Б.Мансұров: «Жаназада ысырапшылдыққа жол берілмеуі керек»
28 наурыз, 2018 жыл 509 Басып шығару нұсқасы

Қабірдің үстіне зәулім күмбез тұрғызу міндетті іс емес. Одан гөрі марқұмға дұға бағыштап, оның артынан сауапты іс жасаған абзалырақ. Қайтыс болған жанның атынан берілетін садақа дастарханын жасауда да ысырапшылдыққа жол бермеу керек»,-дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров.

Жаназа мәселелері күнделікті өмірде көп сауал тудыратын күрделі де ауқымды тақырыптардың бірі болып отыр. Мүфтият тарапынан «Жаназа және жерлеу рәсімдері» кітабының жарық көруі де, бұл сөзімізді қуаттай түседі. Оқырман қауымның сұрауына орай, облыстың бас имамымен арада жүргізілген сұхбат жаназа тақырыбындағы өзекті мәселелерге арналды.

– Мүфтияттың садақа мәзірін бекітіп шығарғанынан хабардармыз. Сірә, бұл жағдайға «садақа мен тойдың дастарханын ажырата алмайтын деңгейге жеттік» деген қоғамдық пікірдің қалыптасуы да әсер етсе керек. Жалпы, қаралы үйден ас ішудің белгілі бір тәртібі бар ма?

– Шариғат бойынша қаралы үйден ас әзірлеу, дастархан жаю міндет емес. Мұндай жағдайда қаралы үйдің иелеріне туыстары немесе көршілері сырттан ас әзірлеп, көмектесу керек. Хадисте «…қазалы үйдің иелерін әурелемеңдер, олар онсызда қайғыға ұшырап отыр, оларға ас әзірлеуде көмектесіңдер» деген. Яғни, қазалы үй иелерін аспен әбігерге салмай, тіпті ол үй иелеріне біз әзірлеп, апарып беруіміз керек. Ал, ұзақтан келген қонақтар болса, туыстары мен көршілері қонақ ету қажет.

Ал, қазіргі күнімізде бұл жоралғы қалай орындалып жатыр? Өзіңіз ойлаңыз, бір шаңырақта кісі қайтса, әуелі дереу мейрамхана немесе құрбандыққа шалатын мал іздеп кетеміз. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамымен жүріп аламыз. Бұл мүлде дұрыс емес. Мәйіттің өзі бір күннен артық жатпауы керек. Кісі қайтқанда ең әуелі кірісетін ісіміз – мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу. Міне, артында қалған мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет осы. Айта кетерлігі, «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, тағы басқа күні мәйіт қатты қиналады» деген жаңсақ түсініктер де бар. Осыған байланысты еліміздің кей аймақтарында бейсенбілік, елу екілік асын беру дәстүрге айналған. Ақиқатында, дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіне жетпей жатқан қаржыны жұмсап, өлі атынан садақа бер деген үкім жоқ. Марқұмның үшін, жетісін, қырқын, жүзін, жылын беру сияқты астар дәстүрден туындаған. Оның өзі жағдайға қарай іске асатын болған. Ондағы мақсат — марқұмның жаназасына қатыса алмаған алыстағы ағайынның көңіл айтып, дұға оқуына, көрісуіне мүмкіндік туғызу.

Тағы бір мәселе, садақа-астардағы жарыс сөзді тоқтату керек. Мұндайда кәдеге келген кісінің ниеті, дұғаға қатысуы жеткілікті. Сөз сөйлеп, тілек айтуы міндет емес. Әсіресе, әйел адамдардың ер кісілердің, үлкендердің алдына түсіп сөйлеуі дұрыс емес. Мұндайда дұға оқылса, сол дастарханның сауапқа ұласуы үшін имамның оқыған Құраны, уағызы жеткілікті. Жұрттың уақытын алып, бірнеше есе сағатқа созылып, сөз сөйлей берудің мүлде қажеті жоқ. Бұл басқа облыстарда тәжірибеде іске асырылып жүр.

– Зират басындағы марқұмның бейнесіне, яғни құлпытасқа сурет салу немесе фотосуретті табытпен бірге алып жүру мәселелеріне шариғаттың үкімі қандай?

– Құлпытасқа мәйіттің аты-жөнін, туылған және дүниеден өткен күнін, датасын жазуға, сондай-ақ ай белгісін қоюға рұқсат. Бірақ, аяқасты болып кетпесі үшін Құран аяттарын жазбаған жөн. Ал, құлпытастарға марқұмның бейнесін салу, мүсінін қашап қою, табыттың алдында өлген кісінің суретін алып жүру немесе кішкентай суреттерін жағаға қыстырып жүруге рұқсат етілмейді. Мұндай әдеттер мәйіттің қабірде қиналуына себеп болады. Дінімізге кейіннен енген аталған жат, кірме әдеттерден арылу қажет.

Зиярат ету мақсатында қабір басына барған уақытта шүберек байлау, тиын-тебен тастаудың да қажеті жоқ. Рас, ертеректе қабірстан жанынан өткен жолаушылар марқұмдарға Құран бағыштап, садақа ниетімен қалдырған ақшаны сапардағы адам ретінде алатын болған. Бірақ, қазір қабір басындағы садақаны маскүнемдер пайдаланып жүр. Демек, садақаны қабір басында қалдырғаннан гөрі, тұрмыста қиналып жүрген мұқтаж жандарға таратып беру әлдеқайда абзал, әрі сауап.

– Қаралы үйде жыртыс беру немесе ақша тарату үрдістері де байқалып жатады. Бұған не дейсіз?

– Рас, кейбір жерлерде қаралы үйде жыртыс беру, ақша тарату жоралғыларын кездестіреміз. Десе де, мұндай амал шариғат талап еткен іс емес. Екіншіден, жыртыс таратқаннан гөрі, оған жұмсалған қаржыны жетім-жесірге, жоқ-жітіктерге тарату әлдеқайда сауап. Үшіншіден, ақша тарату да шариғатта бұйырылмаған амал. Демек, мұндай ысырапшылдыққа бармағанымыз жөн.

– Марқұмға сауабы тиетін қандай істерді атқаруға болады?

– Шариғат бойынша, тірі адамның марқұм болған ата-анасы, бауыры, ағайын-туысы және өзге де мұсылман бауырлары үшін дұға етуіне, рухына Құран бағыштауына, садақа беруіне, құрбандық шалуына, сол кісінің атынан қажылық өтеуге болады. Осы амалдардың сауабы марқұмға жетеді. Мұсылманның діни танымы саласындағы мәшһүр еңбектің бірі «Тахауи ақидасы» кітабында «Тірілердің дұға-тілектері мен садақалары өлгендерге пайда береді» делінген.

Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісі қайтқанда оның үш нәрсесінен: «садақасынан, пайда келтіретін білімінен, артынан дұға жасайтын ізгі баласынан» басқа барлық іс-амалы тоқтайды» деген.

– Ал, марқұмның рухына пайда бермейтін нәрселер қандай?

– Кейбір адамдар жақыны қайтыс болған уақытта шектен тыс қайғырып, мұсылмандық танымға теріс әрекеттер жасап жатады. Ондай әрекеттер марқұмға ауыр тиеді. Сондықтан, ажалы таяған адамның алдында көз жасын төгу, әйелдердің бетін тырнап, киімін жыртып, түрлі күпірлік сөздер айтып, жоқтауы, жаназа кезінде ән-күй қою, өлген кісіні балағаттау сынды әрекеттерден аулақ болғанымыз жөн.

Кейде мәйіттің жаназасын шығарған соң сүйек жатқан бөлмеге күріш, бидай шашып, қырық күнге дейін сол бөлменің жарығын сөндірмей, бір бұрышқа шеге қағатын сәттерге де куә болып жатамыз. Шындығында, бұл әрекеттердің ешқайсысының шариғи негізі жоқ. Кейіннен қолданысқа енген мұндай пайдасыз ырымдардан аулақ болғанымыз дұрыс.

– Соңғы сауал. Оқырман тарапынан мазарды жаңартуға байланысты сұрақтар көптеп түсіп жатады. Осы мәселеге дін қызметшісі ретінде түсінік берсеңіз…

– Түрлі табиғат құбылысынан кірпіші құлап немесе қабырғалары ішіне түсіп кеткен жағдайда, сондай-ақ мазардың кей тұстарын қауіпсіздік үшін дұрыстап қоюдың еш оқасы жоқ. Алайда, бейіт басын бүтіндей қайта жаңартуға тыйым салынады.

Біреулер марқұмның киімін үлестіргенде жаңа киім алып таратуды міндет етіп жатады. Одан қалды, мәйіттің мал-мүлкін бөліске салады. Рас, ертеректе қайтыс болған кісінің киімін «тәбәрік» ниетімен елге тарататын. Бүгінде бұл әдет жағымсыз сипат алуда. Кейбіреулер кісінің күнделікті киімін емес, керісінше, жаңадан сатылып алынған киімді таратуды шариғат қағидасы секілді талап етіп жатады. Мұның соңы неғұрлым қымбат киім алуға тырысу, бақталастыққа, ысырапшылдыққа алып келеді. Бұл сауап амалға жатпайды. Ал, марқұмның артында қалған мал-мүлкі кебіндеуге, жерлеуге, қарызы болса оны өтеуге жұмсалады. Одан артылған жағдайда, мүлік өсиет етілген адамға беріледі. Қалған мүлік шариғат бойынша мұрагер саналатын жақындарына дінде көрсетілген есеп бойынша бөлініп беріледі.

muftyat.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары