Адамда бар ең құнды дүние – оның уақыты. Ойын-сауық, көңіл көтеру орындарының көбеюі – уақытты ысырып қылудың белгісіндей. Қазір миилиондаған адамдар бір ғана тірлікке күш салуда. Ол тірліктері – уақытты өлтіру амалы. Теледидар, құмар ойындары, компьютерлік ойындар, түнгі клубтар, сол сияқты тағысын тағылар. Бұның бәрі – бізде бар ең құнды ресурс – уақытты жою құралы ғана.
Дүниеміз кеми бастаса, ақшамыз кете бастаса біз оны бірден байқаймыз, желге шашпауға қам жасаймыз. Ал тегін уақытымыздың күн санап өтіп жатқанын осылай байқаймыз ба? Жоқ. Байқасақ та күнделікті пайдасы шамалы тірліктерімізді жалғастыра береміз. Неге? Себебі, дүние мен ақшаны еңбекпен, күш жұмсап алатындықтан, қызғыштай қоримыз. Ал, уақыт бізге тегін берілген. Сол тегін берілген сыйдың қадірін білмейміз. Ал, уақытты жоғалту ақшамен дүниені жоғалтудан әлдеқайда өкінішті.
Қолдан шыққан ақша мен дүниені қайта еңбектеніп қйтаруға болады, ал уақыт қайтпайды. Және Қиямет күнінде ысырап еткен уақытымыз үшін де жауап береміз. Шайтанның бір жақсы құралы: «Әлі алда қаншама уақыт бар, олқының орнын толтырып, жақсыны жасап үлгеремін» деген ойды сіңіреді. Біз осылай құлшылықты кейінге қалдыра береміз. Осылайша шайтан өз дегеніне жетеді. Өмірдегі ең басты парызымызды кәрілік келгенге дейін немесе ажал жеткенге дейін кейінге шегере береміз. Ал біз текке құртқан әр күн – біздің жақсылығымыз бен жамандығымыздың куәгері емес пе? Ол да бізге жақсы істер жасау үшін берілді емес пе? Пайғамбарымыздың хадисінде, адам Қиямет күнінде өмірі, жастығы, мүлкі мен білімін қайда жұмсағанына жауап беретінін айтпай ма? Жастық, иә жастық шақтың әр күніне есеп береміз демек.
Біз кейде бар саналы ғұмырымызды бір саланы зерттеуге арнаймыз. Бір жыл, екі жыл емес, бар ғұмырымызды! Сонда, әлемнің сол бір саласын, мәселен жануарлар әлемін зерттеуге бар ғұмырын арнаған адам өзінің не үшін жаратылғанын түсінбей ме? Ажалы жеткенде қайда аттанатынын білмей ме?
Бізді жаратқан Алла және бізге ненің жақсы, ненің қайырлы екенін Алладан артық ешкім білмейді! Тіпті біздің өзіміз, өзімізге шын мәнінде не қайырлы екенін білмеуіміз мүмкін.
Аллаға құлшылық қылу – адам өмірінің басты мұраты. Құлшылыққа қатысы жоқ іс - дүниелік. Құлшылық жолын таңдаған адам екі өмірде де бақытты.
Құлшылыққа ден қойған құлының жүрегін Алла нұрға толтырады. Құлшылықтан алған рахат, ойын-сауықтан алған рахаттан мың есе артық.
Кім, жоқ дегенде, күніне бір сағат уақытын білім алуға жұмсайды? Күніне демейік, аптасына бір сағат уақыт білім іздейтіндер кем. Аз-Зухри: «Білім алғаннан артық Аллаға құлшылық жоқ» деген. Уақыттың бағасы туралы Құранда аз айтылмаған. Уақыт ұғымының өзі бірнеше рет аталады. Төрт ай, оның ішінде рамазан айы, Қадір түні, жұма ерекше аталады. Мұның бәрі уақыттың қадірін білуді меңзейтін дәлелдер ғой.
Алла елшісі: «Алланың ең сүйікті құлдары – күн мен айды бақылайтындар»-дейді. Яғни, күні мен түнінде құлшылық қылуға, білім алуға тырысатындар.
Біз баймыз ба, кедейміз бе, күніне бәрімізге бірдей 24 сағат уақыт берілген. Осы 24 сағатты білім алуға, құлшылық қылуға емес, күнде қалай құртудың амалына екенбіз. Ұйқыға жатар алдында ертеңгі күнді білімсіз, пайдасыз ысырап етудің жоспарын жасаймыз. Күнделікті өмірде біз әр түрлі нәрсеге жоспар құрамыз. Саудамен айналысатын болсақ, әр аптаны, әр айды есептеп, шығын мен кіріске талдау жасаймыз. Жұмыс істейтін болсақ, әр күнде нешеде тұратынымызды, жұмыстан кейін нешеде келіп, не істейтінімізді жоспарлаймыз. Шындап, үңіліп қарасаңыз, түкке тұрғысыз, ұсақ-түйек тірлік. Ал неге осынша жоспар құрғанда, сол жоспарымызға құлшылық қылуды, аз да болса білім алуды енгізбейміз?
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер