Жауын сіркіреп тұр. Менің көзімнен аққан ыстық жас бетімді жуып барады. Тоқтата алар емеспін. Бұл шын жүректен шыққан қуаныш жасы еді. Жаратушы Иеме деген ризашылығымды жеткізе алмай, көкірегім қарс айырылып, жүрегімдегіні сезе қойшы, ризашылығымды қабыл алшы деген көз жасы еді. Арасында қолымдағы күлшеден тістеп қоямын. Өз еңбек теріңмен тапқан нан қандай дәмді десеңізші. Иісі мұрын жарып барады. Алғашқы еңбек ақыма ыстық күлше алып, балаларымды бір қуантайын дегенмін. Сол күлшенің ыстығы жүрегімді елжіретіп жіберді ма қалай?!
Бәрін басынан бастайын...
Соңғы уақытта тым ашушаң болып кеттім. Қазір елде жаппай тоқырау болып жатыр. Жолдасымның жұмысы да тоқтап қалғанына екі айдың жүзі болды. Әр жерден нәпақа тауып, күнкөрістың қамын жасаудамыз. Осы жағдай мені күйзеліске ұшыратты. Сәл нәрсеге ашуланып, бар ашуымды бала-шағамнан аламын. Соңынан, ешкімге көрсетпей жылап аламын. Жолдасыма да көрсеткім келмейді. Уақыт жылжып, көптен күткен қасиетті Рамазан айы да келді. Бойымдағы ашуды оразамен жеңейін деп ауыз бекіттім. Алла разылығы үшін аузымнан шыққан сөзге, ойыма ие болайын деп ниет қылдым. Алладан аманат боп берілген төрт перзентіміз бар. Төртеуінің мінезі төрт түрлі. Арқайсысының тілін табамын деп қатты қиналып, кейде ашуға бой алдырамын. Ашуымды жеңу үшін, кейде Құранды қолыма алатынмын. Кітап бетін парақтап отырып мына жолдарға көзім түсті: «Әй мүминдер! Әр нәрсеге сабырлы, жауға шыдамды және қорғанысқа дайын болыңдар. Сондай-ақ, Алладан қорқыңдар әрине құтыласыңдар.» («Аль-Имран» сүресі, 200 аят). Содан ауыз бекітіп, ораза ұстап бастадым.
Енді ғажапты қараңыз! Ораза ұстаған алғашқы күнімде маған уйде отырып ақша табатын жұмыс ұсынылды. Әрине қабыл алдым. Іштей қобалжығанмен жұмысты мінсіз атқарып шығатыныма сенімді болдым. Өйткені, бұны Алланың берген сыйы деп қабылдадым. Кішкентайымның емізулі болғаны менің ауыз бекітуіме кедергі болған. Жанымдағы құрбы-құрдастың барлығы да ауыз бекітуіме қарсы болды. Тіпті күнә боп табылады, деп кесе көлденең жолыма тұрғандар да кездескен еді. Осыған қарамастан, шыдай алмаспын деген күдікті жеңіп, «ауыз бекітпе» деп айтылған көпшіліктің ақылын тыңдамай, жүрек қалауыммен, аса қатты ынтамен сәресіге тұратынмын. Алла соның сыйын ұсынды. Бұл қуанышымды ағайын, туыс, бауырмен бөлісіп үлгермей жатқанымда туысқан қарт апамыз өз үйін менің тұңғышыма сыйлайтынын айтып, қатты қуантты. Пәтер жалдап тұратын біздер үшін бұл әрине күтпеген сый еді. Таңға дейін көз жұма алмадым. Түнгі намазымды, ташаххуд намазын оқи беріппін. Таңның атқанын да байқамай қалыппын. Аллаға рахметімді айтып, тәубемді жасап, дұға еттім. «Бақара» сүресіндегі 153 аят ойыма орала берді: «Әй мүминдер! Сабыр және намазбен (Алладан) жәрдем тілеңдер, күдіксіз Алла сабыр етушілермен бірге».
Осы қуаныштың лебімен бір күнде бірнеше мақала жазып тастадым. Жұмысым, электронды сайтқа материал жазып отыру болатын. Міне, ораза да бітті. Әр күнгі амалымның сауабын Алладан тілеп жүрген мен оразам бітпей жатып, сый, құрметке ие болдым.
Алланың мейірімі шексіз, сабырлы болайық, ағайын!
Гүлмира Сабырқызы
Пікірлер