Садақа сөзін әркім әртүрлі түсініді. Көпшілік қауым тек ақашалай біреуге көмек беру деп ұғатын сияқты. Кез-келген жақсылық садақа болып саналса керек. Өйткені: «Садақа ретінде берілген бір үзім нан Алла Тағаланың алдында Ухуд тауындай үлкейеді» (Табарани) дегенін оқығанмын. Яғни, садақа тек ақшамен өлшенбесе керек. Осы ретте басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін.
Өткен жылы жолдасым автобуста радиодан айтып жатқан жарнаманы құлағы шалыпты. Радиода «ораза айында кайырымдылық үшін әлеуметтік жағдайы аз қамтылған отбасыларға көмек бергіңіз келсе, мешітке келіңіз» деген дауыс естіледі. Үйге келе сала перзентімнің кіші болып қалған киім-кешегін жинап, жаңасы бар, киюге жарамды ескілері бар, барлығын мешітке тапсырдық. Бар ойымыз осы киімдерді біреу болса да игілігіне жаратса екен. «Әрбір жақсылық – садақа» депті Тирмизи. Алладан сауабын тілеп, садақа ретінде тағы да бірлі-жарымды жаңа киімдерді де сөмкеге сала салдым. Рамазан айы бітті. Жолдасым аузын ашып, шәууәл айының оразасын ұстауға ниет етті. Мен қуана сәресін беріп жүрдім. Уақыт өтіп, күзде жетті. Жолдасым әркез «Алла бізге бір қыз сыйласа екен я» деп айтып қоятын. Бұл сөздерге мән бермейтінмін. Арадан үш ай өткенде қуанышты жаңалық болды. Бала-шаға қамымен жүріп, құрсақ көтергенімді сезбей қалыппын. Бірақ, ащы да болса шындық, маған дәрігерлер босануға тыйым салды. Баланы алдырып тастауымды талап етті. Осыған дейінгі босанған кезімде ота жасалған болатын. Өз өміріме қауіп бар деп, қысқаша айтқанда аборт жаса деді. Жолдасым екеуміз көп ойланып, баланы қалдыруды шештік. Алланың басқа жазғанын көреміз, мүмкін барлығы да сәтті болып, өмірге дені сап-сау нәресте әкелермін деген үміт мені алға жетеледі. Тоғыз ай өтіп, мен қара домалақ шарананы өмірге әкелдім. Жасырмаймын, ота жасалып, қиналғаным бар. Дегенмен, дені сау перзентті көріп, Аллаға сансыз мадақ айтып, дене ауыртпалығын сезбей де қалдым. Алла бізге қыз сыйлапты! Осы сәт ойыма жазғы ораза уақытында берген садақаларым есіме түсті. Алланың садақамызға берген сыйы екен!..
Бұлай дейтін себебім, кейіннен есептеп қарасам құрсағыма біткен сәби тура рамазан айында екен. Қандай сәйкестік, әлде бұл сәйкестік емес, еткен амалымызға берілген сый ма?! Бұлай дейтін себебім, «Жасырын не ашық түрде көп садақа беріңдер, ризықтарың көбейеді, көмекке ашық болыңдар, дұғаларың қабыл болады» депті Ибн Мажә.
Қызымызды жұмақтағы «Кәусар» бұлақтай жүрегі таза, көңілі мөлдір, иманы берік болсын деген ниетпен «Кәусар» деп атадық. Жолдасым еркелетеп, «Кәусар бұлақтың жанындағы хор қыздарынан болсын» деп дұға етіп қояды. Бүгін қызымыздың қылығы да шығып қалды, тілі де күбірлеп «ана», «әке» деп айта бастады...
Міне, осы оқиғадан кейін, садақаның қайтарымы мол екеніне көзім жетті. Қазір оразаның соңғы он күні. Қадір түні осы онкүндікте жасырынған. Сол себепті әрбір түнді бос өткізбеуге тырысып, бағудамын. Күндіз садақа беруге тырысамын. Өйткені, Қадір түні істелген амал, соның ішінде садақа, намаз, оқылған сүрелер 83 жыл бойына ораза тұтып, құлшылық еткенмен бірдей екен.
Кеше қалтамда ақшам болмай, қалай садақа берсем деген ой мазалады. Көп ойланып, шешімін де таптым. Аср намазынан соң перзенттерімді ертіп алып, балалар алаңына бардық. Қолымда үйде қалған нанның кесімдері бар. Балама ұсатып бердім де құстарға шаштық. Ал, бүгін жолдасыма жылы лебізімді білдіріп, рахметімді жаудырдым. «Жұбайыңа қызмет ету – садақа» (Дәйләми).
Қадірменді оқырман, садақаны кімге беремін, бүгінгі қоғамда садақаға зәру жан жоқ демеңіз. Әрбір адамға істеген жақсы амалыңыз садақа болады. Аиша, оған Алланың ризашылығы болсын, ол былай дейді: «Бірде мен: «Иә, Алланың елшісі, менің екі көршім бар, олардың қайсысына сый беруім керек?» - дедім. Ол: «Қайсысының есігі жақын болса, соған» - деді (Аль-Бухари). Сіз де, көршімен жақын болыңыз, сый сыйлаңыз, жылы лебіз танытыңыз, қайырымды болыңыз! Сөзсіз, Алланың шапағаты мол!
Осы ретте тоқталмай өтпейтін өзекті тақырып, ол ата-анаға құрмет. Тіршілік қамымен жүріп, алыстағы аке-шешемізді ұмытып кететініміз рас. Әркез қоңырау шалып, сәлем беріп қойсаңыз Алланың рахметі жауар хақ. «Жылы сөзбен сәлем беру – садақа» дейді Байхаки. Анас, оған Алланың ризашылығы болсын, ол Алла елшісінің, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, былай деп айтқанын жеткізді: «Кімде-кім ризығының көбеюін және өмірінің ұзаруын қаласа, туған туысқандарымен қарым-қатынасын үзбесін» (Аль-Бухари). Яғни, қарым-қатынаста болу да садақа.
Алланың мол ризығынан құр қалмаңыз, жамағат!
Гүлмира Сабырқызы
Пікірлер