Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Саңырау мен сырқат
03 тамыз, 2015 жыл 188 Басып шығару нұсқасы
 

 

         Ертеде  бір адам көршісінің қатты ауырып қалғанын естіп, қал-жайын сұрап қайтпақшы болады. Бірақ өзінің есту қабілетінің төмен екені  есіне түсіп, сырқаттанған көршісінің әлсіз дауысын қалай естимін деп ойланып қалады. Біраз ойланып, әдеттегі  жиі айтылатын сөздерді айтып шығуға бел байлайды.  «Егер  «Қалың қалай?»-деп сұрасам, әлгі науқастың міндетті түрде «Біраз жақсы болып қалдым»-деп айтатыны анық. Мен сонда  «Аллаға шүкір»-деп айтамын. Содан кейін "Қандай тамақтар ішіп жатырсың?»-деп сұрау керек. Көршімнің жауабы қандай болса да, «Бұл тамақ саған пайдалы болсын»-деп айтуым керек. Сондай-ақ, «Сені қай дәрігер емдем жүр?»-деп те сұраған артық болмайды. Сосын ол дәрігерді мақтаған дұрыс» - деп шешеді.


           Өзін осылайша дайындап, саңырау сырқат көршісіне келеді. Дертті көршісінің үйіне кіріп келгенде «Қалың  қалай?»-деп сұрайды.   Көршісі әлсіз дауыспен: «Достым-ау, ажал маған таянып қалды»-дейді. Оның жауабын естімеген саңырау алдын-ала өзі дайындағандай «Аллаға шүкір»-дейді. Сырқат көршісі  оның бұл сөздерін естіп: «Менің қас дұшпаным ғана менің ажалыма шүкірлік етер еді»-деп ойланып қалады. Ал, саңырау болса сөзін әрі қарай жалғастырып: «Бауырым, немен тамақтанып жатырсың?» – дейді. «Менің асым – ас емес, тозақ!» - деп тіл қатады көршісі. Саңырау болса оның сөздерін естімей, өзі дайындаған жауабын айта жөнеледі: «Алла Тағала бұл асты саған пайдалы етсін»-дейді. Сырқат көршісі оның бұл жауабына таң қалып, ойын жинап үлгермей жатқанда, саңырау: «Сені емдеп жүрген дәрігер кім?»-деп келесі сұрағын қояды.  Сырқат көзіне жас алып: «Ажал періштесі шығар»-дейді. Саңырау сонда: «Бұл дәрігердің өнері баршаға аян және ол әрдайым бастағанын соңына дейін жеткізеді. Сенің дертіңе де оның шамасы келер деп ойлаймын»-дейді.


Осы сөздерді айтып саңырау бір қарызын өтегендей сезіммен үйіне қайтады. Ал, ол уақытта оның дертті көршісі: «Неше жыл көрші тұрған көршім маған осындай тілейді деп кім ойлаған. Әлсіздігімнің кесірінен мен оған жауап бере алмаймын, бірақ Алланың оны жазалауын сұраймын. Біреудің қиналғанына, ауырғанына қуану – бұл үлкен күнәһардың ісі»-деген ой үстінде жатты.


Бұл мысал. Кейде жақсылық жасаймыз деп қалай қиянат жасап қойғанымыздың, ойланбастан артық сөйлеп, өзгенің жанын жаралайтынымыздың мысалы.


Қарағанды облыстық орталық мешіті

Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары