Әбу Хұрайра Алла елшісінің келесі айтқандарын жеткізген: «(Бір заманда) Алла Тағала Исраил ұлдарының үшеуін сынамақшы болады: алапеспен ауыратын науқасты, соқыр мен тазды. Сөйтіп оларға періште жібереді. Әлгі періште алдымен алапеспен ауырған науқастан: “Ең бірінші не қалайсың?”-деп сұрайды. Науқас: “Жақсы өң мен жақсы тері. Адамдар менен қашпаса екен деймін (менің ауруым себепті)”-депті. Сонда періште оны сипайды. Әлгі науқастың өңі жақсарып, терісі түзеліпті. Содан кейін періште: “Ал саған бәрінен бұрын қандай мүлік ұнайды?”-деп сұрайды. Ол: “Түйе»-деп жауап беріпті. Оған буаз түйе беріліпті. Содан кейін перішті: “Алла оны сен үшін қайырлы етсін!”-деп кете барыпты.
Содан кейін періште тазға келіп: “Ең бірінші не қалайсың?”-деп сұрапты. Таз: “Жақсы шашым болғанын және адамдардың менен қашпағанын қалаймын”-депті. Сонда періште оны сипап, оған жақсы шаш беріліпті. Содан кейін періште: “Ал саған бәрінен бұрын қандай мүлік ұнайды?”-деп сұрапты. Таз: “Сиыр”-деп жауап беріпті. Сонда періште оған сиыр беріп: “Алла оны сен үшін қайырлы етсін!”-депті.
Содан кейін періште соқырға келіп: “Ең бірінші не қалайсың?”-деп сұрапты. Соқыр: “Мен Алланың көз жанарымды қайтарғанын қалаймын және адамдарды көргім келеді”-депті. Сонда перішті бір сипағанда, Алла оған жанар беріпті. Содан кейін періште: “Ал саған бәрінен бұрын қандай мүлік ұнайды?”-деп сұрапты. Соқыр: «Қой»-деп жауап беріпті. Сонда періште оған буаз қой беріпті.
Біраз уақыт өткеннен кейін түйе, сиыр мен қой төлі көбейіп, бірінің түйесі, бірінің сиыры табынға, ал бірінің қойы өрісті қойға айналыпты. Содан кейін сол періште бұрынғы алапеспен ауырған науқасқа сондай алапес науқастың кейпіне еніп келіп: “Мен кедей адаммын. Жолда бар қаражатымнан айырылдым. Және бүгін бірінші Алладан, екінші сенен басқа көмек сұрарым жоқ. Саған жақсы өң мен тері, көп түйе берген Жаратушының атымен сұраймын, сапарымды аяқтау үшін бір түйе бер!”-деп сұрапты. Әлгі адам: “Шынында, менің қарызым өте көп”- деп жауап қатыпты. Сонда періште: “Мен сені білетін сияқтымын. Бұрын адамдар қашатын алапеспен ауырған сен емес пе едің? Алла байлық берген кедей де сен емес пе едің?»-дейді. Сол кезде бұрынғы науқас: “Бұл байлық маған бабаларымнан мұраға қалған”-дейді. Сонда періште: “Егер сен өтірік айтсаң, Алла саған бұрынғы кейпіңді берсін!”-дейді.
Содан кейін періште таздың кейпіне еніп, бұрынғы тазға келіп дәл сондай сұрақтар қояды. Бұрынғы таз да әлгі науқас сияқты жауап бергенде, періште: “Егер сен өтірік айтсаң, Алла саған бұрынғы кейпіңді берсін!”-дейді.
Содан кейін соқырдың кейпіне еніп, бұрынғы соқырға келіп: “Мен кедей адаммын. Жолда бар қаражатымнан айырылдым. Және бүгін бірінші Алладан, екінші сенен басқа көмек сұрарым жоқ. Саған жанарыңды қайтарған Жаратушының атымен сұраймын, маған бір қой бер, сапарымды аяқтайын!”-дейді. Бұрынғы соқыр: “Мен шынында соқыр болдым, Алла маған жанар берді. Кедей болдым, Алла маған байлық берді. Қалағаныңды ал. Алланың атымен ант етейін, не алсаңда мен саған салмақ салмаймын!”-деп жауап беріпті. Сонда періште: “Өз мүлкіңді өзіңе қалдыр. Шынында сендерді сынаққа салған-ды. Және Алла саған разы болып, екі серігіңе ашуланды”-деген екен.
Хадис түйіні
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер