Баласынан тірідей айырылған ана
* Балам-ау, осы бір қара жәшіктің ішінде қандай маңызды заттар бар екен. Ана келінге бір уақыт қамқор болсаңшы, екі баласымен еш нәрсеге үлгермей жүр. Менің де әлім бұрынғыдай емес, тез шаршап қаламын. Тек намаз оқып шектелмей, бір уақыт, мешіттен сабақ алып келсеңші. Ертең балаларыңа не үйретесің?-деді Айғаным, осы компьтерді алғалы бері, ғаламтор деген бәлеге еніп кеткен баласын түртіп.
* Ой, сонау ауыл шетіндегі мешіттен білім алып уақытым құр кетеді. Міне білім деген, мына ғаламторды ашып қалсаң болды, білім беруші азаматтар көп. Сонау шетелдік ғалымдар дінді түсіндіріп, Құран аяттарын тәпсірлеп береді. Осы үйде отырып –ақ білім ала беремін,-деді Бақдаулет, манадан бері шетелдік ұстаздың сөйлеген бейнекөрінісін көріп.
Кейінгі кезде баласының өзгеріп, әр нәрсеге сескене қарап, біртүрлі ойға батып жүргенін Айғаным сезіп, байқап та жүр. Тек мына кішкене балалары мен келінінің көңілдеріне қаяу түспесін деп, іштей тынған кейіп танытты.
* Апа, білмеймін тіпті не ойларымды. Отағасының кейінгі кезде жүріс-тұрысы тым өзгеше, бір жамандықтын шеті шықпаса игі еді. Ана екі балаға да қисынсыз нәрселерді үйретіп жүр. Менің исламда нақты білімім болмаса да, намазымды оқып, отағасының разылығын алу үшін аянбай жүрмін. Кейінгі кездегі Бакең де ана жұмысындағы Нағашбекпен бірге жүріп, бірге түстеніп, бірге бір істі талқылаумен әлек болып жүр. Сол Нағашбекке сенімім жоқ. Намаз оқимын дейді, бірақ жүріс тұрысы күдік тудыратындай. Екеуінің бір әңгімесін ойда жоқта естіп қалдым, Нағашыбек үйге келіп, Бакең мен сыртта тұрып, қолдарына бірді екілі қағаздарды жасыра ұстап, тезірек бітсе болар еді, ертерек аттанғанымыз жақсы, деп айтып жатты. Кенет мені көре қала, сөздерін басқа жаққа бұрып ала кетті. Мен қатты қорқып жүрмін,-деді бағанадан бері бұлардың сөзін құлағы шалған Күнәй келін ас үйге кірген енесіне.
* Сол бір жұмысқа тұрғызбауым керек пе еді. Әттең пара алғыш бастығына еріп, менде сол жолға бұрылып едім. Енді міне сол алдымнан шығып, сол жұмысының кесірі тимесе игі еді. Адал жолмен кірмей, арам жолмен кірген жұмыста береке болмайтынын ол кезде ұмытқам ғой. Баламды арам жолға өзім итергенім ба?,-деп Айғаным да көзіне іркіліп келіп қалған бір тамшы жасты сүрте отырды. Келінінің сөздерінен бір қобалжу байқаған ол, іштей жақсылық болғай деп тіленіп жатты... баласының киім киісі мен әйеліне, бала шағасына тіпті анасына деген қарым қатынасының ендігі тіпті өзгеріп бара жатқанын көрген Айғаным баласын шақырып ап, тағы сөзге тартты.
* Балам, айтшы анаңды тыңдайсың ба?
* Иә, әрине,-деді Бақдаулет.
* Онда маған мынаны айтшы, сенің қалауың не? Сенің тәрбиеңде мүлт кеткен жерім болса оны да айт. Білем намаз оқисың, бірақ сенің көптеген тірліктерің біздің дінімізден алшақ секілді ғой. Мен сені өсіп, өніп, осы елге
білдей азамат болсын деп едім. Ал сен тек ғаламтордан белгісіз жандардың уағызын тыңдап, солардың артынан еріп, ол туралы жаман пікірді құлағыңа де ілмей жүрсің. Бұл не жүріс. Анау елде бірлік жоқтан небір соғыс болып жатыр. Анау Сирия деген елді қарашы, үлкен бір мемлекет қайдағы бір азғын елдің уысында қалып қойды. Исламды таратамыз деп жүрген олар, сол исламды да түсінбей жүр-ау. Ал, сенің мына күйің сондай бір азғындаушы елге қолшоқпар болып тұрғандай көрінеді,-деді Айғаным ауыр күрсіне. Анасының сөзінен сескеніп қалған Бақдаулет, сөзді басқа арнаға бұра, жалтақтай, еркелей кетті.
* Ой, анашым, сізде бір қайдағыны айтып. Мен не істеп жүргенімді білем ғой. Маған сенбейсіз бе? Мен бақытты болғым келеді. Жәннаттық болғым келеді. Жарайды, жақсы менің кетуім керек. Жұмыстағы Нағашбек күтіп қалды,-деп Бақдаулет анасының сөзін аяқтатпастан алға шығып, кете барды.
* Нағашбекке жоламашы, балам-деген анасы жылай артта қалып қойды. Екі күннен бері жауған найзағайлы жауынның арты ақ жауынға айналып, жер әлемді батпаққа көміп, құстар да, иттер мен мысықтар да, үрпиіп, бір орындарынан тапжылмай жаураған күйі өз індеріне кіріп кеткен. Даланы тыныштық жайлаған. Ұясына батқан күннің көзі ақ жауыннан көрінбей, дала қара қоюланып, торланған қара бұлтардан аспандағы түн айы мен жұлдыздары да көрінбейді. Таң атқаннан бері Бақдаулеттің жүрісі күмән туғызып, үйге келмей, жұмысындағы Нағашбекпен бірге ары-бері сандалып жүргенін байқаған Айғаным іштей қобалжып, баласынан айрылатындай жүрегі аласұрды. Сағат тілі түнгі екілер шамасын көрсетіп тұр. Ұйқысын ала алмай, тыпыршып ары бері аунап жатқан Айғаным баласының бөлмесіндегі у-шудан селк ете түсіп, төсегінен аударыла кетті.
* Баке, отағасы, олай етпеңізші, жалынып сұрайын, балаларыңызды, мені аяңызшы. Мен ешқайда да барғым келмейді, апамның қасында қаламын, өтінем мен қинамаңызшы,-деп Күнай келіннің ыңырана жылап, сөйлегенін естіді. Төсегінен атып тұра, есік аузына барды. Арғы жақтан естілген дауыс ары қарай жалғасып жатты.
* Тоқтат, кетеміз. Алла жолында соғысамыз. Ислам мемлекетін құруға ат салысамыз. Бұл ел – кәпірлердің елі. Мен тек ислам еліне баруым керек. Тез балаларды оят та, жиналыңдыр. Қазір Нағашбек келеді. Тезірек ұшуымыз керек.
* Жалынамын, бала шағамды да мені қинамаңыз, отағасы, мен Сирияға кеткім келмейді,-дегенде ғана бағанадан бері ерегістің мәнісін түсінбей тұрған Айғанымның жүрегі зыр ете қалды. Баласының әп-сәтте өзгеріп, Сирияға кетем деп отырғанын бұны қан тамырларын сыздатып жіберді.
* Балам, балам, не, қайда кетем дейсің, неге, неге?-деп Айғаным бөлмесінен шыға, Бақдаулетке тап берді.
* Сириясы несі, ислам мемлекеті несі. Сенің Отаның да ислам дінін ұстанған таза ел ғой. Кәпір деуің қалай?,-деп егілді.
* Ой, жетер, енді. Таза ел, жақсы ел дейсіңдер. Бәрі шеттерінен парақор, күнәһарлар. Намаз оқымайтын пенделер. Сіз де қанша намазға жығыл дегеніме қарамастан, әлі жығылмай, кәпір болып жүрсіз. Сізді анам деп
айтуға ұялам. Сіздер мұсылман емессіздер,-деді Бақдаулет ашуланған көздерін анасына қадап.
* Не, не дейсің балам-ау, мені кәпір дегенің бе, ақ сүтімді беріп, сендер үшін, аянбай еңбек етіп, сендерді жетімдік көрмесін деп, бар жанымды сала, баққаным үшін де кәпір болдым ба? Алланың парызын орындай алмай жүргенімді білемін, бірақ бұл сенің мені сол үшін де кәпір деуің жарамайды ғой. Намазым үшін Алла алдында өзім жауап беремін. Ал сен Алла разылығын менің арқамда аласың. Мені жылатып тастап кетпексің бе?
* Күнәй, тез қимылда дедім ғой саған,-деп Бақдаулет анасының сөзін құлағына ілместен, әйеліне дүрсе қоя берді. Түн тыныштығын бұзған бұл шуды естіп оянып кеткен балалар, зар жылап кетті. Аналап, әкелеп, әжелеп жылаған балалардың көз жасын елемеген әкелері көзі қызарып, күтіп тұрған Нағашбектің көлігіне бірді екілі заттарын тыға, екі баласын да отырғызды. Зар илеген Күнәйды қанша шегіншектеп талпынғанмен қолынан жетектей, оны да отырғызды. Өзі де отыра бергенде, аяғынан жабысқан анасын байқады.
* Балам, құлдығың болайын, кетпеші, кете көрмеші, алтыным, қарағым, Бақонтайым, кетпеші, Сирияға. Жат жер саған Жәннат бола қоймас. Адаспашы, балам,-деп егіле жылады. Ақ жауын да толастамай, есік ауласын балшыққа бөлеп, аяқ аттатпас халге түсірген. Анасының сөзін естігісі келмеген Бақдаулет, еңкейе келе анасын көтеріп тұрғызды да, ары итерді. Көлікке отыра, есігін қатты жаба зуылдай жөнелді. Көлік ішіндегі еңіреген балалар мен келінін көрген Айғаным, зар жылай көлік артынан жүгіре кетті. Көліктің артынан шашыраған лай суға малшынып, «балам, балам» деп жылаған Айғаным біразға дейін жалаң аяқ, жауынның астында көлік артынан жүгіріп барды. Көлік көз ұзатып, алысқа кетті де қалды. Ойда жоқта баласы мен келін, немерелерімен айырылған Айғанымның көзі қарауытып, жүрек тұсы шым етіп, жерге құлап бара жатты... Жауын да қояр емес, тек таң қылаң бере, күн көзі көтеріле, тіршілік қамына кіріскен жұрттар, жол үстінде батпаққа белшесінен батып, етпетінен түсіп жатқан бір қараны байқады. Елдер жинала, жабылып жатып, батпақтан арылтып көргені Айғанымның демсіз денесі еді. Тек аз ғана ыңырсып, «балам, балам» деп аузын жыбырлатқанынан, оның әлі де тірі екенін біліп, дәрігерлер шақырып, ауруханаға жеткізді.
Арада бірнеше күн өткен соң, Айғаным көзін ашты. Жалт қарай, Бақдаулетті іздей бастады. Болған жағдай түсім болса екен деп тіленген ол, жан жағына қарай келе, түс емес, өңі екеніне налыды.
* Анашым, амансыз ба?,-деген қызы Сұлушашта анасының осындай жағдайға ұшырағаннан бері көрші ауылдан келіп, осында тапжыламай отырған-ды.
* Анашым, шошыттыңыз ғой. Сізге не болды, неге бұндай жағдайға түстіңіз. Ағам, жеңгелерім қайда. Сіз неге далада қалғансыз,-деп өксік атып жылады.
* Қызым, қызым, кетті, кетті ғой, балам, мені тастап кетті. Кетті Сирияға, соғысам дейді. Алла жолында соғысамыз дейді. Елін, жерін тастап кетті бейбақ. Кім үшін, не үшін соғысатынын біле ме екен?,-деп боздады Айғаным.
* Демек, ана Нағашбекке қосылып кеткен екен ғой. Кеше Нағашбектің ағайындары да інілерін сол жаққа кетті деп, ішкі істер органдарына хабар беріпті. Оларда көтеріліп отырған сияқты.
* Иә, сол Нағашбек алып кетті баламды. Келінім мен немерелерімнің көз жастарына қарамай, сүйреп кетті ғой. Қайттім енді, баламнан тірідей айырылдым ғой.
Айғаным жылай -жылай ауруханадан бірақ шықты. Балам есін жиып қайта оралар деумен тек көше жаққа басын соза қарай берді, қарай берді. Сұлушаш та қасынан ажырамай, анасына демеу болып жүр. Үнсіз отырған екеуінің жүректерін селт еткізген телефон даусы безілдеп қояр емес. Аяғын әлсін баса, Айғаным тұтқаны көтерді. Ар жақтан шыққан алыс дауыстан Қарашашым ба деп ойлап қалған ол, сәл езу тартқандай болды. Бірақ ол қызы емес, қызының оқытушысы екенін білгенде төбесіне тас түскендей соққы алды.
* Қарашаштың анасы боласыз ба? Қызыңыз бір аптадан бері жоқ. Ағасы келіп жатақханасынан ертіп кетіпті. Ізім ғайым жоқ болғаннан кейін сізге хабарласып жатыр едік. Көрші ел Сирияға өтіп кетіпті деген сыбыс бар. Нақты ештеңеге көз жеткізе алмай жатырмыз,-деген ар жақтағы дауыс аяқталмастан, Айғаным қайта талып, көзі қарауытып жерге лық ете құлады. Алда жалда аурухана есігінен бірақ шыққан ол, енді мүгедек болып оралды. Жүрегінен қатты соққы алған Айғаным, жарты денесінен жансыз болып, ешнәрсеге әлі келмеген күйі сұлқ түсіп отыра берді.
Қызым, Қарашашымның мені тастап, менің ақ сүтімді аттап кететініне сенбеймін,әрине, мына күйдіргі баланың істеген ісі болса керек. Енді сор маңдай қызыма не болмақ. Қыршыннан кетті ғой, боздақтарым,-деп Айғаным ауруханадан шыққалы бері көзі жастан құрғамай, бір нүктеге қараумен болған.
Арада екі ай өткенде міне сағынышы болған Қарашашы келіп тұр еді. Қызының адам шошырлық кейпін көріп шошып кеткен ол, бар жан тәнімен қызын құшақтай, еңірей жылап, бір мауқын басқан еді. Ана үшін баласынан тірідей айырылып, не өлі не тірі екенін білмеу сондай қасірет. Қарашаштың келіп, ағасының қаза тапқанын естіртіп келген беті осы. Міне жұрттар да жиналып, Қарашашқа біреуі жақтырмай қараса, біреуі жанашырлық танытып, бірді-екілі адамдар Бақдаулеттің ажал құшқанына қайыр айтып келіп отырған тұсы. Сұлушаш та келіп сіңілісінің аман есен екеніне көзі жеткендіктен, Қарашаштың «менің ағам болған емес, ондай аға болғаннан болмағаны жақсы» деген сөздерін есітігенде, мән жайды түсіндіруін талап етті.
* Мына қыз, әлгі жақта болып кепті, бұл да бір жанкештілердің бірі шығар, ол жақтан оралмайды деуші еді. Мұнда бір гәп бар-ау.
* Еее, қойшы, сау деймісің бұл қыз. Көп қыздар кетіп жатыр ғой, сол жаққа барып байға тиеміз, деп бұл да солардың бірі шығар.
* Қай бетімді ұстаймын, бұны енді кім алады дейсің. Сор маңдай сорлы қыз, соғыс не теңі бұның?,-деп еміс-еміс күбірлеген дауыстар шыққан жаққа қап-қара мұңлы шер басқан көздерімен бір қараған Қарашаш, ауыр күрсіне сөзін бастады.
* Иә, мені жаман етіңдер. Сорлаған сорлы етіңдер. Елдің аузына қақпақ қоя алмаймын. бірақ менің басыма түскенді ешбіріңнің қыздарыңа тілемеймін. Мен ол жаққа өз еркіммен барып, өз еркіммен әр еркекке әйел болған жоқпын. Мені алдап соққан ағам. Бір құрсақтан шығып, әкемдей көріп еркелеп өскен бауырым. Қалай дейсіздер ме? Онда мені мұқият тыңдаңыздар, сосын кейін ғана мені табалап соғасыңдар ма, жоқ тас атып өлтіресіңдер ме өз еркілерің. Онызда бір ажалдан анамды бір мәрте көру үшін келдім. Енді жанымды Аллаға тапсырсам еш арманым жоқ...
* Білесіздер, мен мектепті үздік бітіріп, осы Түрік еліне оқуға аттандым. Ол жерде оңды солымды танып, оқуымды да озат оқып жүрдім. Сұлушаштың үйретуімен мен де Алланың қалауымен әрине, иман дәмін сезіп, бес уақыт намазымды қаза етпеске бел бұғам. Жүрегім тек Алла деп соқты. Елімді, жерімді сағынғанда тек сабырлық танытып, анамның алдында мақтанатын қызы болғым келді. Күндердің күнінде жатақханама Бақдаулет ағам келді. Екінтінің уақыты еді. Намазымды оқып болған соң, «ағаң келіпті» деген соң, қуанышым қойныма сыймай, есік алдына жүгіріп шықтым. Ағам жалғыз өзі тұр екен. Сағынып қалған ағайынды боп, амандық саулық сұрасқаннан кейін, ол маған тосын сыйы бар екенін айтты. Ол үшін бұл қаладан басқа қалаға бару керек болатынымызды білдірді. Бірақ мен қарсы болдым. Өйткені кезекті сабағымыздың қорытындылау уақыты еді. Бірақ ағам қоярға қоймай, сол қалада бүкіл отбасымыз бар екенін айтты. Мен әрине қуанып кеттім. Анам бар деп ойладым. Бір күннің арысы не берісі не. Ағам сонау алыстан келгенде ренжітпейін дедім. Сөйтіп жатақханадағы дос қызыма бір ауыз айтып, бірді-екілі киімімді алып ағаммен ілесіп кеттім. Тосын сый. Иа ағамның тосын сыйын кейін білдім,-деп Қарашаш еңіреп жылап жіберді. Көздерінен аққан жасы бетін жуып, мұрны бітеліп, тыныс ала алмай қалды. Айналасында отырған жұртта үн жоқ. Сөзіңді жалғастыр дегендей, бір бірлеріне қарап, ымдап қояды. Тек Сұлушаш қана сіңілісінің маңдайынан сүйіп, жұбатты. Қарашаш қайта көздерін сүрте, терең тыныс ала, сөзін сабақтай кетті:
Пікірлер