* Қызын қайтеміз? Анасын іздеп жыласа не істейміз?
* Анасын Кришна құдайға тарту еттік, ол Кришнаның сүйіктісі болып кетті дейміз. Енді бұл қызды көзден таса қылмай, бойжеткенше өз назарымызда ұстаймыз. Өсе келе, өз Құдайымыздың сүйіктісіне айналдырып, дегенімізді істетеміз!
Қабырғаның ойылған бір тесігінен сығалап, екі ер адамның сыбырлай сөйлесіп тұрғанын көріп тұрған сегіз жасар қыз бұл сөздердің мәнісін түсінбей, аядай ғана бөлменің сол жақ қапталындағы бір кісілік қана болатын ескі, тозығы жетіп жыртылған көрпешесі бар кереуетке құлай кетті.
* Анам, анам қашан келеді екен,-деп ойлап отыр.
* Енді біз жаңа өмір бастаймыз, сен ештеңеден тарықпай бойжетесің. Маған сенесің ғой иә? Біз болашақта сонааау шет елде өмір сүретін боламыз ,ал, әзірше осы бөлмеде күте тұр. Мен Құдайға жалбарынып, екеуімізді бақытты етсін деп тілеп келейін,-деп кеткен анасын үш күннен бері күтуде. Еш хабар жоқ. Тек бөлмеге күніне бір- екі рет қана қалған- құтқан тамақтан әкеп беріп, бұны қадағалап жүрген бір кейуана ғана бар. Қыз одан анам қайда деп сұрауға батылы бармай тұрса да, ол кейуана бұның жыламсыраған көзінен байқап қалды.
* Қызым, анаң ендігі Құдайының жанында. Сен енді осы қоғамның бір мүшесісің. Сен енді осы бөлмеде өмір сүресің,-дегендей болды.
Он жыл. Сол бір жағдайдан кейін бақандай он жыл өтті. Әлгі қыз сұлулығында мін жоқ айдай көркем ару болып өсті. Тұла бойында міні жоқ, келбетті, қара шаштары белінен төгілген, аппақ беттеріне қызыл алма жабысқандай, қызыл шиедей үрпиген еріндері мен қарлығаштың қос қанатындай қиылған қап-қара қастары бар ұзын бойлы, он сегізге жаңа толып толықсыған қыздың көріктісі. Қазақтың қызы. Жетім. Діні, діні деймін-ау, сенімі, сенетін құдайы – Кришна. Азан шақырып қойған атын білмейді. Бірақ ес білгелі бері оның аты – Сурья Гупта Деви. Бұл есімнің мағынасы өздерінің сенімі бойынша – «Кришна сүйіктісі» деген сөз. Өзін Құдайы Кришнаның махаббаты, ғашығы санап, күн түн демей сүйікті әрі осы маңға келгелі бері ажырамас досы мен сырласына айналған сиырының астын тазалап, жем шөбін уақытылы беріп, сауып, сүтін ішіп жүр. Кришнаның айтуы бойынша, ең бақытты қыз осы Сурья екен. Өйткені бұған Құдай дәрежесіне жеткен сиырдың құлы болу міндеті бұйырыпты.
Бүгін ол бақытты. Анасы осында алып келгелі бері, осы бөлмеден шықпай, тек сиырдың жапасына иленіп, кейуананың әкелген тамақтарымен қоректеніп, күн көзін тек осы ұйымның ауласында ғана көріп жүрген еді. Оның өзі бұл ұйым сонау қала шетіндегі бір елсіз айдалада орналасқан. Саяжайды қоршап тұрған үлкен дуалдың көз өтер тесігінен ғана сығалап, ат шаптырым жерде зуылдап көліктер өтіп жатқанын байқап, қызығып қарайтын. Осы дуалдың сыртында не бар екен деп арман еткен қыздың сол арманы бүгін орындалайын деп отыр. Оған себеп, осы ұйымның гуруы бұған келіп:
* Сен енді бойжеткенсің Гупта Деви. Сені енді үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бұдан былай сиырға шөп салып, тазалаумен ғана шектелмей, қоғамдық жұмыстарға араласатын боласың. Сен Кришнаның ең сүйіктісісің. Ол сен енді
өзің сияқты сұлу бозбала мен бойжеткендерді шақырып, Кришнаға тарту қылғаныңды қалап маған білдірді. Сен сүйікті Құдайыңның тілегін орындайсың ғой, Сурья,-деген болатын. Күндіз-түні тек құдайын мадақтап, «Харе Кришна, харе, харе, кришна, харе» деп қайталай айтып, досы болған сиырына жалбарынып жүргенде арманын орындады деп отыр бұл қыз. Осы Кришна құдайы ғана тілекті орындайды деп сенеді. Демек, бүгін ол қиялының шыңына айналған дуал сыртындағы әлемді көреді. Айына бір мәрте ғана толығымен жуына алатын қыз бүгінде бір рет жуынып алуға су сұрап алды. Өскенше ескі құсқы киімдерді киіп келген бұған гуру көгілдір түсті, киілген әсте жаңалау киімді ұсынды. Ұзын, жиегіне алтын түстес жылтырмен оюланған белдемше мен кеудеше. Дене бітіміне сәл кеңдеу болып, үрпиіп қалса да, осында жүріп көрген ең әдемі киім осы болған соң, белі мен жеңін бір екі қайтара киіп алды.
* Дайынсың ба?,-деген дауысқа қараған қыз, алдында тұрған өзінен екі-үш жас үлкен Жансаяны көзі шалды. Оның Кришна қойған аты – Сурья Мони-мыс. Жансая дуал сыртына жиі шығып жүрген, өзімен бірге көп қандастарын тартып, Құдайына табындырып, Кришна патшалығының нағыз ізбасары болып жүр. Осы Жансаяға қызыға да қызғана қарайтын Сурья Гупта Деви бүгін онымен сыртқа шығып, тәжірибе алмақшы. Мен де, Сурья Мони сияқты болам, мен де патшалыққа барғым келеді деп ойлады бойжеткен.
* Дайын болсаң, сыртқа шық, гуру бізді қалаға апарып тастайды. Тездетіп, шық,-деді Жансая. Бас бармаққа іле салатын, ескі сүйретпені кие сала қыз қуанышты жүзбен жердегі сиырға беретін шөп пен оның иленген жапасын таптай сыртқа атып шықты. Кең көйлекті қайтара киген бұған ұйым қызметкері бастан аяқ бір қарап, миығынан күліп, бір таңданды.
* Мына қыз да бойжетіп қапты, өзі сұлу екен, -деп ішінен ішіп-жеп барады. Бұл осы ұйымның бас қызметкері, Кришна мантрасын толық тоқтаусыз айтып, қасиетті болған кітабы Бхагавад Гитаны жаттап алған прабху Мирош. Ұлты – орыс. Шын аты –Андрей. Қырыққа таяп қалған орта жастағы еркек. Көптеген іс-шаралар мен садақаларды ұйымдастырып, әртүрлі кітаптар мен кітапшаларды тізгіндеп, ел-елге тарату істерімен айналысады. Қатқыл мінезді. Бір ашуланса, ешкімді де аяп отырмайды. Жуан қара жүн басқан қолдарымен шап беріп, қыз-еркек демей ұра кететін әдеті бар. Девидің де қорқатыны осы адам. Сегіз жасынан бұл қыз да осы адамның бір екі тоқпағын көрген. Оның өзінде таң қылаң бере күнмен жарысып тұратын сегіз-тоғыз жасар қыз, күн батып, адамдар толық ұйқыға кетпейінше өзі де ұйқы көрмейтін. Сөйтіп жүргенде, қорадағы сиырдың шөбіне жайғаса қалғып кеткен қызды, осы Андрей көріп қалып, қасиетті малын тағамсыз қалдырғаны үшін біраз тоқпақтың астына алған –тын. Сол себепті бойжеткен осы адамнан әзірейілді көргендей зәресі қалмай қорқақтап қалатыны бар. Бірақ,бүгін ешкімнен қорықпастан, Сурья Гупта Жансаямен бірге алыс сапарға аттанбақшы. Арман еткен даланың ауасымен тыныстап, адамдарды өз дініме тартып, Кришнаға жағып, уәзір атанып, мына сиыр қорадан шығамын деген ойда болды. Көлікке мінгескен Жансая мен Сурья Гуптаны, Мирош зуылдатып айдай жөнелді. Көлік айнасынан арт жағындағы қызға қарап, көзін алмай отырған Мирош «Мына қыз да ер жетіп қапты, бұл қызды өзіме қалдырсам ба екен, әлде құрбандық етсем бе екен?» деп
ойлап келеді. Сұмақайланып қарап, сыртынан ішіп-жеп келе жатқан Мирошқа көз қиығында салмаған қыз, көлік терезесін ашып, сырттан ескен самал желмен тыныстап, бостандықтың ауасымен демала ерекше сезімге бөленіп келе жатыр. Ойында сан-түрлі қиял. Көз алдына өзінің әдемі бойжеткен-бозбалаларды шақырып, оларға Құдайы туралы әсерлі әңгімелеп, олармен достасып, күліп, бірге ойнап жүргенін елестетті.
Көлік пен адамдардың ығы-жығы ортасына тап болған Сурья гупта сонша адамдардың арасында біраз абдырап қалды. Бірін-бірі қағып –соғып өтіп жатқан адамдар, зу-зу етіп ары-бері өтіп жатқан көліктер. Ешкім бір-біріне қарап, жай тауып жүрген жоқ. Әркім өз ойымен, өз ісімен әлек. Жансая мен Гупта Девидің қолына бір құшақ кітаптарды ұстата, Жансаяға азын-аулақ тиын тебенді берген Мирош тірліктеріңді із қалдырмай ертерек бітіріңдер дегендей, бір миығымен қарап ымдады да, өз жұмысымен кете барды. Өз ісінің шебері Жансая іле –шала іске кірісуге аяқ басты.
* Бұл жерден емес, қазір баратын жеріміз,-бар деп, – Сен қасымнан қалмай, мұқият тыңдап жүр,-деген емеурін білдірді. Қыз да тек басын изеумен шектеліп, Жансаяның жанынан бір елі ажырамай, бар ын-шынысымен еш нәрсені қалт жібермей, жаттап алуға тырысты. Бұлар жай басып келе, адамдар топ-тобымен жүретін, адамдардың дем алуға балаларын ала шығатын жер саябаққа келді.
* Кешіріңіз, бақытты болғыңыз келе ме? Сіздің көзіңізден мұң байқалады. Сіз Құдайға көп құлшылық етсеңіз, бақытқа кенеліп, жүрегіңіз нұрланады,-деп бастаған Жансая бақ ішіндегі адамдар жайғасатын орындықтардың бірінде отырған жас қызға. Мұның сөзіне таңырқай қарап, өз ойының жетегінде қиял кешіп отырған қыз үндемеген күйі отыра берді.
* Сізге бір нәрсе жетіспейді екен. Ол сізді бақыт құшағына кіргізетін дін. Ал біздің дінде ешкім мұңға батпайды. Оған тіпті де жол жоқ. Қаласаңыз сізге біраз мағлұмат берейін,-деп Жансаяда қояр емес. Біраз үнсіз отырған қыз, «бақытты болғың келсе» деген сөзді естісімен көзі жайнап сала берді. Кімнің бақытты болғысы келмейді. Бақыт іздеген әрбір жан қайдан келседе, сол бір өздері білмейтін бақыттың келуін күтеді.
* Бақытты болғым келеді. Мына жалғанда бақыттан басқа не керек. Бақыттымын деп жүрген отағасы балам екеуімізді тастап, өзге қызбен қол ұстасып кете барды. Ал, маған керек бақыт бұл емес қой. Сонда бақыт қайда,-деп жыламсыраған күйі бұл қыз бұларға сұрлана қарап, тіл қатты.
* Әрине, бақыт дегенді өзің іздеп таппасаң, ол өздігінен келе қоймайды. Ал бақыт, ол Құдайға жалбарынып, содан тілеу. Ол үшін көп құрбандық жасап, үнемі мантра оқып отыру керек
* Мантра? Ол не?
* Мантра ол дұға. Біз Кришнаға арнап көп мантра оқысақ, ол біздің құрбандығымызды қабыл етіп, арманымызды орындайды. Бақытқа кенелтеді. Өзінің сүйіктісіне айналдырады. Өз патшалығының құзырына кіргізеді. Бізге одан басқа не керек? Ақша ма? Ақшаны Кришна береді? Қалай? Әрине егер бізге ерсеңіз?,-деп аузы-аузына тимей тұрған Жансаяның бұл әңгімелерін отырған қыз да ұйып тыңдап тұр.
* Кришна ол кім?-деді қыз.
Кришна ол – Құдай. Бізді жаратқан құдайға сенесіз ғой?-деп төтесінен өзіне сұрақ қойды. Басын изеген қыздың енді Жансая жанына жайғаса, мөлдіреп үзілейін деп тұрған жасын қолдарымен сүрте, құшақтағандай болды. Өз күйігіңе уланып, жаның ауырып қоярға жер таппай отырғанда жаныңды түсінетін адамның жаныңнан табылып, демеу көрсетуі жаңағы қыз үшін таптырмас ауа болып тұр еді. Қолындағы кітаптарын көрсете, Кришна жайлы, оның ізбасарлары жайлы әсерлендіріп айтып отырған Жансаяның сөзіне иланған қыз өзін Гүлмира деп таныстыра, біраз шерін тарқата жайдарланғандай болып отыр. Өз ұйымдарының мекен жайын беріп, сол жерден өзің іздеген бақытты табасың деп сендірген Жансая серігін ертіп тағы да жол тартты. Егер, адамды шақырғың келсе, олардың көздеріне назар сал. Қатты мұңлы, қайғылы, тым ойшыл болып отырса, міне солар бізге керек. Олардың жан жарасын тауып, демеу бола білсең, өздері ақ артыңнан еріп кетеді. Әне тағы бір мұңлы жан,-деп Жансая жолай серігіне бар білгенін үйретіп бағуда. Жол жиегінде әлдекімді күтіп, тыпыршып тұрған бойжеткенге аяңдап барды.
* Күткеніңіз келе қоймай жатыр-ау сірәсі? Ол келгенше, өзіңізге жаңа көзқарас тапқыңыз келмейді ме? Сөздің мәнісін ұқпаған қыз, бұларға жақтырмаған күйде бір қарады.
* Күткенім, кеткенімде ешкімнің шаруасы болмаушы еді. Өзіме өзім жақсы көзқарастамын.
* Алайда, сізді мазалаған бір жайт бары анық. Әйтпесе, әдемі ботадай көздеріңіз мұңайып тұрмасы анық. Бұндай жанарға бір тамшы жаста жараспайды. Бақыт таба алмай жүрсіз ғой?,-деді Жансая. Бұлардың сөздеріне ашу берген бойжеткен, сөмкесінен бір қорап темекіні ала сала, сөмкесіне тағы қайта қол жүгіртіп ішін апыл-ғұпыл ақтара кетті. Сол сәтті пайдаланған Жансая қалтасынан әп-сәтте оттық ала сала, бұл қызға тосты. Өзі де күлімдеп қолына темекі ұстай құшырлана сора кетті. Шылым түтініне тұтығып кеткен Сурья Гупта екі қадам артқа шегініп, айналаны шола бастады. Темекісін қайта қайта сорып, түтініне мастанып отырған Жансая мен әлгі қыз әңгімелері жараса, тіл табысып тұр. Бұл қызға да бар кітаптарын беріп, мекен- жайды жазып, бақытқа келіңіз деп әдемі қоштасып кетті. Жаңағы екі қызға да өздерінің тұтынып жүрген иіс шығарып, бас айналдыратын, иіскеген адам тағы бір иіскегісі келіп тұратын жағдайға жеткзетін, өздері күнде иіскеп жүрген дәрісін иіскетті. Осылай бес алты адамның басын айналдырған Жансая мен Сурья Гупта Девиды Мирош келіп қайта өз ұйымдарына қарай алып кетті.
* Иа, Сурья Гупта, бір нәрсе үйрендің бе. Енді сен де осылай адам тартатын болсаң, біздің санымыз өсіп, ертеңгі күні ашық өз дінімізді тарататын боламыз. Харе Кришна бізге разы болады. Құдай дәрежесіне көтерілген прабху да разы болады,-деп Мирош Алтынайға уағызын айтып келеді. Мұндағы прабху өзін құдай дәрежесіне дейін көтеріп, осы ұйымды жарыққа шығарған адам. Олардың есебі бойынша осыдан бес жүз жыл бұрын Құдаймен тікелей сөйлесіп сол дәрежеге дейін жеткен адам Кришна-мыс.
Бұлар осыған табынады. Оның шығарған заңдарын пір тұтып, өздерін соның ізбасары етіп көріп жүр.
Қаланың күйбең тірлігін көріп, бой жазып келген қыз қуанышты жүзбен өзіне ерекше мейірім төгетін кейуанаға келді. Бұл кейуана осы жердің күңі десе де болады. Ұлты – ингуш. Ұйымның қойған аты – Аша Мони.Бұл ұйымға қалай кіргенін бір өзі ғана біледі. Бала-шаға, туған туыстарын тастап, басы байлы болып осы жерден шыға алмай қалғаны бар. Кейіннен ойға келіп, өкінгенмен, еш амал таппай, бұл жерден кете алмады. Отбасы ошақ қасынан айырылған бұны тағдыр езгісіне тастап кеткен туыстары қабыл алмай, амалы таусылған ол қайтадан Кришнасына басы ұрып, келеді. Ұйықтар алдында ескіріп, мұқабасы мүжілген бір қойын дәптеріне сыр шертіп, оны көзінің қарашығындай, ешкімнің көзіне түсірмей сақтайды. Бұл жердің көптеген сырларын жасырып, осы қойын дәптеріне тарқатқан.
* Аша әжей, мен бүгін жаңа іске кірістім. Мен енді өз достарымды шақыратын болам. Кришна жасасын,-деді қыз жүзі нұрлана. – Дала өмірі қызық екен. Әркімнің өз тіршіліктерімен қарбаласып, ешкім кришна туралы білмейді. Қызық, хақ дін болса, неге оны өзге адамдар ұстанбайды,-деп тағы да ерні-ерніне тимей сөйлей кетті.
* Қызым-ау. Бұл тас қапастан шыққаныңа мәзсің, ертең бостандықтың дәмін сезсең, қайтер екенсің. Тағдыр сені қай арнаға апарып, кіммен тоғыстырар екен,-деді, ауыр күрсіне, бұған жанашырлық кейіппен қараған әжей. Бұл сөздерінің мәнісін түсінбеген Сурья әжейді қайта құшақтай, бетінен сүйді.
* Мен көп бауырлас адамдар жинап алған соң, сүйікті атанған соң, сізді де өзімнің қасымнан тастамаймын. Біз екеуміз Кришнаның ең сұлу да сүйкімді, сүйікті ізбасары боламыз,
Қызым, амалың тапса қар жанар. Сенде амалың келсе, бұл жерден ат тоныңды алып қаш. Саған бұл жер тең емес. Есің барда еліңді тап,-деп сыбырлай сөйлеген әжейдің сөзін естір-естіместен қыз тәтті ұйқыға беріліп, талқысып кетті.
Пікірлер