- Мен, некелескенге дейін Махараджаға көрінбеуім керек, сол себепті бөлмемде оқимын,-деп Алтынай кришнаға дұға ететін мінажат орнына бармай, бөлмесінде қалуды ниет етіп, жанындағы бір-екі қыздарды сыртқа шығарды. Елдің бәрі мантраларына беріліп, сиқырланып жатқанда, Алтынай аяғын ақырын баса, тынысынң терең ала, дыбыс шығармай шығып кетті. Үстіне киген қызыл көйлегінің етегін түріп беліне байлай, иығына матадан тігілген кішкене қоржыншаға Жалғастың Құраны мен Аша әжейдің күнделігін салып, кертең баса ауладағы дарбаза есігіне келді. Есігі құлыптаулы екен. Кілті әрине Мирошта. Ал Мирош бұны көрсе қайта ұстап алуы әбден мүмкін. Алтынай еш ойланбастан, өз бойынан асатын дуалға өрмелемек болды. Бір асылды, қолы жетпей қайта құлады. Екінші асылып, бір қолын әрең іліктіріп, сол аяғын көтере бергенде, ағашқа қағылған шегеге сырылып, қайта құлап түсті. Жырылған жері удай ашытып, қаны сорғалаған күйде, еш қайтпастан бойжеткен бар күшін жия, дарбазаға асылды. Екі қолымен мықтап асылған Алтынай, ауырған аяғына қарамастан, оң аяғын көтере дуал үстіне жеткізді. Көтеріле келе, сол аяғын көтерді. Енді міне дуал үстіне мініп алған Алтынай секірсе болғаны. Кенет арттан «Қашты» деген бір ұйым мүшесінің шаңқ еткен дауысы естілді. Селк еткен қыз жапа-тармағай секіре кетті. Бар салмағымен аяғын қайтара, жерге домалай түскен қыз, етек жеңін түре сала, басы ауған жаққа қаша берді, қаша берді.
Жүгіріп келеді, қашып келеді. Қап-қара қаны ұйып, жырылғанмен қоса қайырып алған аяғы сыздатып әрең жүргізіп келеді. Артына қарайласып қояды, артта қалған саяжайда апыр-топыр адамдар алысып-керісіп жатыр. Онда не болып жатқанында шаруасы жок, тек қуғыншылап шықпаса болғаны деп ойлап болмай, Алтынайға қарай зуылдап келе жатқан жеңіл көлік көрінді. Әп сәтте жетіп келеді-ау деп қорыққан қыз, күш жігерін аямаған күйі қашып келеді. Кенет көзіне өзі жастайынан арман еткен, сол маңның таза ауасымен тыныстап, асыр салып ойнасам деген, ағаштары жайқала өскен, құстары әсем сайраған тоғайы көрінді. Дереу сол маңға қарай жүгірді. Тоғай ішіне гүп етіп кіріп кетсе, көлік жүре алмайды. Тоғайдың бір қуысына кіріп жасырынып алғаным жөн деп ойлады қыз. Сынған бұтақтар, күз келмесе де бірде екілі сарғайып жерге түскен жапырақтарды сыбдырлата баса өкпесі өшіп, демі шаршаған қыз талып ауырған аяғын әзер баса жүріп келеді. Сайраған құстар, қай жерден екені белгісіз, бірақ жақын маңнан шыққан өзеннің шулап аққан сылдыры құлаққа жағымды естіліп, бұны бір серпітіп жібергендей болды. Әп-сәтте тоғайдың бір шетінен шыққан дауыс Мирош пен өзге ұйым мүшелерінің бұған қарай жақындап қалғаны сезгендей болды. Не істерін білмей тұрып қалған қыз жан-жағына алақ-жұлақ қарай, тыпыршып қалды. Дауыстар да жақындап келеді. Көзді ашып жұмғанша осы маңда табылары хақ. Көзіне мөлдіреп жас келген қыз, тізерлей отыра қалып, ын-шынысымен, жүрек сөздерін айтып жалбарына бастады. «Иа, мені Жаратқан Құдірет. Өзімнің бір Жаратушым бар екенін білемін. Әсте адасып жүрмін ба, тура жолдамын ба оны бір Өзің білесің. Мені тура жолға сала көр. Мына азғын пенделерден құтқара көр. Жалғастың айтқаны хақ екенін енді түсініп келемін. Өзіңнің пайғамбарыңды жауларынан сақтағаныңдай, мені де осы жолы жауларымнан сақташы. Мені кешір. Өзіңе қайдағы бір мүсінді серік еткенім үшін, кешір. Мен иман келтірдім!»деп қыз жылап қоя берді. Жалғастың елші жайында айтқан хикаялары есіне түсіп, үңгірге тығылған Пайғамбарды Алла Тағала үңгірдің бетіне құс ұясын салып, өрмекшінің торын тұрғызып сақтағанын білген қыз, мені де осылай сақташы деп жалбарынған еді. Кенет көзі, бір аттам жерде тұрған, түбінен құрап, жапырақтары солып, опырылып қалған ағашқа түсті. Дереу жанына барды. Ағаштың діңгегінен шіріп, іші қурап, ойық болып шіріп кеткен еккен. Бір көзбен қарасаң сап-сау ағаш, желге шыдамай құлап қалған секілді көрінеді. Ішіне үңілсең, іш өзегі жоқ, қураған ағаш. Алтынай жақындап қалған дауыстан сескене, киімін жинай, аяқ жағымен ағаш қуысына лып беріп кіріп кетті. Терең кірді. Жапырағы түсе қоймаған ағаш бұталарымен бас жағын көлегейлеп қойды. Таныс дауыстар енді жетіп келді.
- Осы маңнан сыбдыр естіген сияқты едім, мына опасыз қайда кетті а?
- Осы маңнан ары кете қоймаған болуы керек, жиырма аттам жерден кейін жол көрінеді. Егер жолға шығып кеткен болса, көлікпен дереу жетіп тауып аламыз.
- Иә, мүмкін. Бұл тоғай сонау нудай емес, осы жерден шықса, ана қазақтардың ауылы бар. Сонда барып көру керек. Болса сонда шығар,- десіп Мирош пен оның нөкерлері өзара әңгімелесіп, кері қайтуға ниеттенді. Демін әзер ала, үнін шығармай отырған Алтынай ағаш қуысынан олардың кетіп бара жатқанын байқап жатты. Көз жетпес қашықтыққа кетіп, көзден ғайып болғанда ақырын ағаш ойығынан шығып, терең тыныс алды. «Шүкір, Жаратқан» деді. Үсті басын қағып, көзі ауған жаққа жол тарта кете барды. Сылдырлаған бұлақ суының жанына келіп, аузы кеуіп, шөліңкіреп қалғанын сезген қыз, еңкейе сала судан қылғыта, сіміріп алды. Жерден шыққан мұздай мөлдір суға шөлі қанып, бойына қан жүгірген Алтынай енді өз-өзіне келе, жан жағына қарайлады. Бір екі шақырым жерде ауыл көрінді. Кәдімгі қарапайым ауыл. Қала іргесінде орналасқан ауыл деп айтпайсың. Ауласына бақшасы егілген, бірді-екілі үйдің ауласынан түтін шығып, бірді екілі адамдары су тасып, бірді екеулері көлікпен кетіп барады. Алтынайдың көзіне оттай басылған бұл ауыл, өзінің туған жеріндей әсер етті. Осы маңда шауып, балалармен көбелек қуып жүрген кездер болған сияқты көз алдына сағымдар елестеп кетті. Аңдап басып, ауыл шетіне келді. Ойнақтаған балалар, есік алдында отырып гу-гу әңгіме айтқан ата-әжелер, күліп қалта телефондарына үңілген қыз келіншектер. Алтынайдың үнді көйлегін киіп, аяғын зорға басып келе жатқанын көргендер бұған таңқала, жақтырмаған кейпінде, бір миығынан күліп қарап жатты. Өзара әңгімелерінде осы қызды ғайбат қылғандай ауыл адамдары селқос қарап, ауыз ауыздарына жиналмай күбірлесіп жатты. Ешкімнен жақсылық күте алмаспын деген ойға шомған қыз, алға қарай жүре берді. Ойнап жүрген балалар бұны көре сала, «зуби, зуби» «агайа агайа» деп әндетіп артынан шулап жүріп келеді. Балалардың әндеткеніне біресе күле, біресе ашуы келген Алтынай ауыл ортасына қалай жеткенін де білмей қалды. Оның алдында енді әдемі сәнденіп салынған, қарапайым, бір мұнаралы, бір қабатты мешіт тұрды. «Мешіт» деді қыз аузын сәл жыбырлата. «Маған көмекші табылатын орын осы болса керек». Кенет анадай жақта, көлігімен келе жатқан Мирош көрінді. Көзі шарасынан шыға жаздаған қыз, балалардың арасымен жүре, мешіт ішіне қарай кіріп кетті. «Мешітке қарай кіре алмайды, олар мешіттен қорқады» деп ойлады қыз. Артта қалған жұрт кришнаға табынатын қыздың мешітке кіріп кеткеніне таң қалысып жатты. Мирош көлігінен түсе, көпшілікке Алтынайдың сүретін көрсетіп, іздеп жатқанын білдірді. Жұрт та келісіп алғандай бір ауыздан бастарын шайқап, иықтарын өтеріп жатты. Тек балалардың «зубилатып» шырқап жүргендерінен сезіктенген Мирош Мешіт ауласына келіп, ары-бері жүре, аяғын мешіт ауласына қарай аттай алмай, жан жағына қарай қарай кері кете барды.
Терезеден сығалап, Мироштардың кері қарай кетіп бара жатқанын көрген Алтынай «уһ» деп демін ала, ішке қарай беттеді. Бір топ еркектер отырған жерге ескертусіз кіріп келген қызға, таңқала қараған ер адамдар, қыздар жақты нұсқап, басыңды жап дегендей емеурін білдіріп жатты. Мешіттің кіре берісінде ілулі тұрған қыздарға арналған шапанды үстіне іле, қыздар құлшылық ететін бөлмеге қарай аттанды. Кішкене ғана бөлменің ішінде екі-үш қыз отыр екен. Бірі еңкейіп, қайта тұрып, басын жерге қойып жатыр, бірі Құран кітап алып, зуылдатып оқып отыр екен. Бұлардың бәрінің етек жеңі жабылып, шаштары көрінбейтіндей орамал салынған. Қыздардың не істеп отырғандарына таңырқай қараған Алтынай ақырын келіп жандарына отырды. Қастарына келіп жайғасқан қызды көрген бұл қыздар күлімсіреп, «Ассаламуалейкум» деп бір ауыздан тіл қатты. Не деп жауып берерін білмей қалған Алтынай, басын изей, «сәлем» деді. Қыздар өз тірліктерімен жайғасып өзара әңгімелесіп отырды. Тек Алтынайда үн жоқ. Оның іші алай дүлей. Жүрегі сыздап, кеудесі қарс айырылғандай, өз өзінен жиіркеніп, беймаз күйде отыр. Көзінен мөлт-мөлт жас тамып, өз өзіне келе алмай, еңкілдеп жылап жіберді. Бұның жылап қалғанын көрген қыздар дереу қасына жайғаса, басын сипай жұбатқандай кейіп танытып жатты. Ешкім ешнәрсе сұрамады. Десе де, бұл қыздың бір қайғысы болуы керек деп шешкен қыздар, үндемеген күйі, Алтынайды қолпаштап, құшақтап, әпке-сіңлілік кейіп танытып, жұбатып жатты. Кенет мешіт жаңғырып, азан айтыла кетті. Алтынай жұлып алғандай, басын көтере, селк етті.
- Мынау, мынау таныс дауыс қой,-деді ол көзіндегі жасын сүрте, азан айтылған жаққа құлақ түре, - Мен мына дауысты бір жерден естіген сияқтымын, бұл дауыс таныс, деп айтып ауыз жиғанша қыздардың бірі сөзін ала кетті
- Бұл біздің ұстазымыздың дауысы. Жалғас деген ұстаз. Өте мейірімді, тамаша жан. Осы ауылдың білімді де ұлағатты ұстазы, әрі имамы. Бұл кісіні танитын ба едіңіз?
- Жалғас, Жалғас аға. Осында екен ғой, мен ол кісіні таба алмай жүрсем,-деп Алтынай қуанышты жүзімен, еңкілдеп жылап жіберді.
- Мен ол кісіге жолығуым керек. Ол кісіні көруім керек,-деді.
- Көресіз, әрине, қазір намаз уақыты біткен соң, ол кісіден сабақ аламыз, сол кезде
жолығарсыз. Ал әзірше, осында сабырға келіп, дұға жасай отырыңыз,-деді екінші қыз.
Жақсы деп басын изеген қыз, кішкене күте тұрсам болды деп шыдамдылық танытқандай болды. Әдемі дауыспен намаз басталды. Қыздар сапқа қатарлай, қолдарын кеуде тұсына қойып тұра кетті. «Фатиха» сүресі оқылып жатқанда, Алтынайдың тынып таппай тұрған көңілі бір сергіп, ерекше күйге енді. «Жалғастың даусы қандай әсем еді»деді ол ішінен, «ал мына сүре сондай тебірентерлік». Намаз бітісімен, Жалғасты көруге асыққан қыз тағатсыздана қабырғадағы сағатқа қарай берді. Қазір келеді дегендей, сабақтарына дайындалып отырған қыздардың қасына сырттан келген тағы бір қыз қосылды.
- Алла жар болсын!,-деді кіре сала – түу намазға да үлгере алмай қалдым-ау, әрең жеттім. Сабаққа үлгермей қаламын ба деп едім, сыртта тұрған ұстазды көріп, сәл сабырға келдім. Жалғас ұстаз, сыртта бәз біреулермен сөйлесіп тұр екен,-деді.
- Қандай, кім екен,-деді бәзбіреулер дегеннен сезіктеніп қалған Алтынай жапа-тармағай сөзге араласып.
- Білмедім, біздің ауылдың адамдарына ұқсамайды, киім киісі де, сөздері де қисынға келмейді. Анау саяжайдағы кришна нөкерлеріне ұқсайды. Иа, раббым, бір жамандықтан сақтай көр,-деді қыз дәптерлерін алып жатып. Бұл қыздың сөздеріне шошып кеткен Алтынай, бір жамандықты Жалғасқа істеп қоймаса игі еді дегендей, жүрегі зу ете қалды. «Жалғаспен жолыққанымды көріп қойған болса ше, онда осы Жалғастың менің иманымды басқа арнаға бұрғанын біледі, жо-жоқ, бұлай болмау керек, Жалғасқа бір нәрсе болғанша, мен құрбан болайын» деп ойлады да, сыртқа қарай жүгіре кетті. Есік алдына атып шыққан бойда, көзіне Мирош пен екі нөкері және олардың ортасында тұрған Жалғас түсті. Алтынайдың жүгіріп шыққанын көріп қалған нөкерлер
- Міне, міне ол. Таптық, Сурьяны,-деді. Алтынай жаққа жалт қараған Мирош пен Жалғас бұдан көздерін ала алмай қарап қалды.
- Міне біздің сұлуымыз, ал сіз мұнда ондай қыз жоқ деп тайсалмай тұр едіңіз. Бізге өтірік айтып тұр екенсіз. Әттең мына ауылдың бір азаматы болмағаныңызда, Кришна үшін сізді құрбан етер едім-деді Мирош қатқыл үнмен Жалғасқа қарап. Бұл көрініске аң-таң болған Жалғас бір көргенде қарындасындай көрінген Алтынайдың бұл мешітке келгенін білмеген де еді. Тек Мироштың біздің бір қызымыз осы мешітке кіріп, ислам дінін қабылдаймын деп қашып кеткенін айтып, дереу тауып беруін өтінгенде, ондай қыздың көзіне түспегенін айтқан еді. Енді міне сол қашып кеткен қыз, өзі таныс Алтынай екенін білді. Қазір қызды қорғап, ұстап қалайын десе, арты неге ұласарын болжаған Жалғас үнсіз тұрып қалғанда, екі нөкер дереу, Алтынайдың қолынан шап беріп ұстап,көлікке қарай тықты. Ештеңені түсінбей қалған Жалғастың көздері мөлдіреп жасаураған Алтынайдың көздеріне түскенде ғана дереу есін жинай:
- Жіберіңдер қызды, жіберіңдер,-деді. Мирош Жалғасты итере, көлігіне зып беріп кіріп, отыра кетті. Жалғастың құлағына тек «Ағатай, көмектес. » деген қыздың дауысы ғана естіліп жатты. Қолындағы кішкене сөмкесі мен аяқ киімінің біреуі жерге шашылған күйде, көлік зымырап кете барды. Жалғас қас пен көздің арасында болған оқиғаға таң қала, кібіртіктеп не істерін білмей дал болды да қалды. Өз анасы мен қарындасынан да қапыда айырылып қалған ол, ендігі өзінің қарындасын есіне салған осы бойжеткенді өзге ұлттың қармағына іліндіріп, өзге дінсымақ секталардың құрсауында кеткенін қаламады. Жалғас көліктің артынан қарай-қарай, өзі де жеңіл көлігіне отырып, жолға шығып жаңағылардың артынан зымырай жөнелді. Сырттағы у-шуды естіп сыртқа шыққан жұрт, не болғанын түсіне алмастан,бір біріне сұраулы жүздермен қарасып қала берді. Ауыл сыртына зуылдап шықққан Жалғастың көлігі, жол бойымен сәйгүліктей шауып келеді. Алтынай мініп кеткен көлік көзге түсер емес. Тек жотаға шыға бере, алдында шаңды аспанға көтеріп кетіп бара жатқан олардың көлігі көрінді. Ендігі артқа шегінер жол жоқ деп, Жалғас бар жылдамдықты асыра, көлікке жақындап келеді. Артқы жағында бұларды қуып келе жатқан мешіт қызметкерінің көлігін көрген кезде, Мирош та бар жылдамдықты асыра, ұша жөнелді. Екі жағында еңгезердей екі еркек қоршап отырған Алтынай артқы жағына Жалғастың келе жатқанын байқап, қуанып кеткендей болды. Кенет, қуанышы су сепкендей басылып, ойға беріліп кетті. «Жалғасқа бірдеңе болса қайтем. Жоқ,ол аман есен болу керек. Жалғас аға, өтінем қайтып кетші өз жағыңа» деп іштей жалбарынып, еріндері күбірлеп отырды да, лезде көлік жүргізіп келе жатқан Мироштың мойынынан мықтап ұстап, жібермей қойды. Екі жағындағы екі еркек те қанша ажыратқысы келмегенмен, ашу кернеген Алтынай қолын жіберер емес. Тамағы қысылып, тұншығып бара жатқан Мирош бір кезде рөлге ие бола алмай, еңселіп-теңселіп, көлікті әзер жүргізіп келеді. Әп сәтте көліктің жоғарыға қарай ұшып бара жатқанын сезген Алтынай, көзін тарс жұма «қош бол, Жалғас» деді...
Жалғасы бар
Пікірлер