Құрбандыққа таңдап алынған малдың сау, мінсіз болуы талап етіледі. Біріншіден, бұл пенденің Жаратушы Иесіне деген жоғары деңгейдегі әдептілік қарым-қатынасын көрсетеді. Құрбандықтың еті де, қаны да Алла Тағалаға қажет еместігі, Оған тек пенденің тақуалығы ғана жетіп баратыны белгілі. Осы орайда пенде құрбандық үшін сау, айыпсыз малды іздеп табу арқылы тақуалыққа әрекет етеді.
Екіншіден, осы арқылы кедейлердің жабырқаңқы көңілдері көтеріледі. Оларға жарамсыз, кемшілігі бар малдың етін емес, ең әдемі малдың етін сыйға тарту жақсы іс саналады. Олар өздерін құрметті адам ретінде сезіне бастайды.
Сондықтан, құрбандық дұрыс болу үшін бауыздалатын малға қатысты шариғатымызда мынадай талаптар қойылады:
Қой мен ешкі бір адамның атынан бауыздалады. Бір адам екі қой бауыздаса, екеуі де құрбандық болады және екі құрбандықтың сауабын алады. Ал, түйе мен ірі қараны бір адамнан жеті адамға дейін шалуға болады. Бұған Жабирдің (одан Алла разы болсын) «Алла елшісімен бірге Худайбияда бір түйені жеті адамның атынан және бір қарамалды жеті адамның атынан бауыздадық»[1] деп айтқан сөзі дәлел. Мұнда жеті адамның да ниеті құрбандық шалу немесе етін садақа ету болу керек.
Мүйізі жоқ немесе мүйізі сынған, құлағы жарылған немесе тесілген малды құрбандыққа шалуға болады. Сонымен қатар, піштірілген малды да құрбандыққа шалады. Ондай малдың еті мол әрі дәмі тәтті болады және ол айып болып есептелмейді[3].
Сатып алған құрбандық малы айыпты болып қалса, оны сау малға ауыстырады. Малды бауыздайтын кезде не бауыздау себебімен көзін шұқып алса немесе союға апара жатып аяғын сындырып алса, оның оқасы жоқ.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мусиннадан басқасын соймаңдар. Сендерге қиындық туғанда ғана қойдың жазағасын сойыңдар», – деген[5]. «Мусинна» деп бес жасар түйеге, екі жасар ірі қараға, бір жасар қойға айтылады. Әбу Ханифа, қойдың жазағасы оның алты айлығы, деп түсіндіреді.
Хасан АМАНҚҰЛ,
Шариғат және пәтуа бөлімі
меңгерушісінің орынбасары
[1] Әбу Дәуіт, Муслим, Тирмизи риуаят еткен.
[2] Әбу Дәуіт, Нәсаи, Тирмизи риуаят еткен.
[3] «Фәтауа Һиндия», 5/344.
[4] «Раддул-мұхтар», 2/321.
[5] Муслим, Әбу Дәуіт, Нәсаи риуаят еткен.
muftyat.kz
Пікірлер