Күндердің күнінде бір патша жас баласының сауатын ашайын деп медресеге береді. Медресе табалдырығын алғаш аттаған бала еркелікке салып сабақ оқымай ұстаздың ығырын шығарады. Патшаның баласы болғасын ұстаз балаға тіл қата алмай біраз әбігерге түседі. Неде болса аманат қой деген ұстаз шыдамы таусылып патшаның алдына барып мән жайды түсіндіреді. Сол сәтте патша біршама ойланып, өзінің шешімін ұстазға айтады. Ұстаз мұндай шешімді күтпегендіктен, шошына қарап, амалсыздан патшаның шешіміне көнеді.
Келесі күні сабақ үстінде әлгі патшаның баласы ұстазды тыңдамай келемеждеп тағы да бұзақылыққа салады. Дәл сол сәтте есік қағылып арғы жағынан патшаның өзі кіріп келеді. Алдын ала келісіп алғандай ұстаз патшаға дүрсе қойып, айқайға басады:
-Шық бұл жерден, көрмейсің бе, дәріс өтіп жатырмыз,-дейді. Патша болса мүләйімсіп, басы салбыраған күйде кешірім сұрап шығып кетеді. Мұны көрген патшаның баласы аузы ашылып, тіл қаталмай көзі бақырайып тұрып қалады.
Сол күннен бастап әлгі бала ұстаздың сөзін екі етпей, еркелігін жиыстырып, үлгілі шәкіртке айналыпты. Осылайша, баласының тәрбиесін, ұстаздың абыройын өзінің баласынан да жоғары қойған патша дегеніне жетіпті.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы
https://kazislam.kz
Пікірлер