Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Өсектің өртінен дерті жаман
26 қазан, 2020 жыл 684 Басып шығару нұсқасы

         «Басқа пәле – тілден» деп дана ата-бабаларымыз бекер айтпаған. Ауыздан шық- қан әр сөзді ойланып айту адамның естілігін білдіреді. Сөз сондай құдіретті нәрсе, алты алаштың арасын алалап, сөйлеушіні дауға қалдыра алады және сөйлеушінің мерейін тасытып, төрден орын алуына себепші бола алады. «Сөйлегенше – сөзіңе өзің қожа, сөйлеген соң - өзіңе сөзің қожа» демекші әр сөзімізді екі иығымыздағы періштелер жазып отырғанын, әр сөздің сұрауы барын түсінсек, аз сөйлеп, көп тыңдауға тырысар ма едік?!

            Адамның осы өмірінің берекесін кетіріп, ақыретте де құтын қашыратын сөз – өсек. Өсек сөздің діндегі атауы – ғайбат. Пайғамбарымыздан  (Оған Алланың  игілігі мен сәлемі болсын) ғайбаттың не екені сұралғанда: «Араларыңыздағы біреуіңіздің ұнамайтын сөздермен өз бауыры жайлы сыртынан айтуы» деп  жауап  берген. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегендей үлкен күнә болып саналады. Қоғамда  - адамның құқықтары бірінші орында болса, адамның сыртынан өсек айту, жамандығын айтып, келемеждеу – оның құқығына қол сұққанмен тең. Сондықтан да адамдар арасына іріткі салып, араздастыратын өсектің зияны туралы Алла Тағала Қасиетті Құранда былай дейді:  «Бір-бірлеріңді ғайбаттамаңдар. Сендердің араларыңнан біреу өлген бауырының етін жегенді ұната ма? Иә, бұдан тіксіндіңдер. Олай болса, Алладан қорқыңдар...».  Өсек айтуды «өлген бауырының  етін жеуге» теңеу арқылы ғайбаттың қаншалықты үлкен әрі жиіркенішті күнә екендігін ұқтырады.

          « Сөз сүйектен өтеді» демекші сырттан айтылған сөз адам жанын жаралап, реніш тудырады.. Ел арасына іріткі салатын өсектен тиюдағы басты мақсат – ел тыныштығы мен ағайынның татулығы.

                                       « Өсек, өтірік, мақтаншақ,

                                        Еріншек, бекер мал шашпақ –

                                        Бес дұшпаның, білсеңіз.» - деп қазақтың кемеңгер ойшылы, дана Абай атамыз да өсек айтуды бес дұшпанның қатарына қосып, тіл апатының бірі екенін әшкерелейді.  

        Қамшының сабындай қысқа ғана ғұмырда құлшылық етіп, Алланың раһымынан үміт еткен әр мұсылманның арманы, мақсаты – жәннәт екені белгілі. Осы орайда ардақты пайғамбарымыздың Хуфайзадан жеткен мына бір хадисі ойға оралады: «Жәннатқа өсекші кірмейді».  Ниеті шынайы жұмақ болған пенделерге  бұл хадис ой салары һақ.    Кім Аллаға және киямет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін». (хадис)

       Сынақ үшін берілген аз ғана өмірде өлшеулі уақытымызды тиімді пайдаланып, тілімізді тек жақсы сөз бен зікір айтуға қолдансақ осы өмірдегі дәрежеміздің де, Алла алдындағы дәрежеміз де жоғары болары сөзсіз. Алла баршамызға салиқалы құлдар қатарынан болуды нәсіп еткей.

 

Пайдаланылған әдебиеттер: Құран кәрім: «Хужурат» сүресі 12-аят

 Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат.

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары