Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Қош келдің, Мәуліт айы
26 қазан, 2020 жыл 929 Басып шығару нұсқасы

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады. Бұл – дінде  әу баста болмаған, кейіннен енгізілген нәрсе. Әйтсе де, көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, яғни құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар.Бұл мереке Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны белгілі. 

Мәуліт мейрамы Раббиғул әууал айында кіреді. Биыл бұл ай 18 қазан кірді. Ал Мәуліт мерекесі 29-қазанға тура келіп тұр. Адамзат тарихында ең ұлы – сүйікті пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед (ﷺ)  дүниеге келген мәуліт күні жөнінде Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ей, адамдар! Сендерге өз араларыңнан бір пайғамбар келеді. Сендер тауқыметке ұшырасаңдар – Оған ауыр тиеді. Ол сендердің тура жолда болғандарыңды қалайды, мүміндерге құштар, өте жанашыр» («Тәубе» сүресі, 128-аят), - деген. Сондай-ақ, «Ахзаб» сүресі, 56-аятында: «Расында Алла, Пайғамбарға рахмет етеді. Және періштелер салауат айтады. Әй Мүміндер! Оған салауат және ықыласпен сәлем келтіріңдер», - деп айтқан.

Алла Елшісінің (ﷺ) дүниеге келуі туралы қысқаша айтсақ, Ол Құрайыш тайпасынан, оның ішіндегі Бани һашим әулетінен шыққан. Туылған жері дініміз үшін ең қасиетті орын саналатын һәм Алла Тағаланың рахметі жауып тұратын Мекке қаласы. Әкесінің аты Абдуллах, оның әкесі Әбдүлмүттәліп, оның әкесі Һашим, оның әкесі Абдулманап. Анасының есімі – Әмина. Пайғамбарымыз ата-анадан жалғыз. Өйткені, әкесі перзенті өмірге келмей тұрғанда дүние салған, анасынан да пайғамбарымыз 6 жасында айырылған. Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) Исадан (ғ.с.) милади жыл санауы бойынша, 571 жыл кейін, 20 сәуірде, 9 һижри санауы бойынша Раббғиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні дүниеге келген. Ана құрсағында 6 айлық болғанда: «Құдайдың досы, соңғы пайғамбарға жүкті болдың, бұл бала туылғанда есімі Мұхаммед болсын», - деп Әминаға аян етіледі. Ол дүниеге келген таңда ғажап оқиғалар болды. Дүние нұрға толды. Әмина туғанда әйелдер әдеті бойынша толғақ қысу, қан кетуге ұқсас қиыншылықтарды көрмеді. Пайғамбарымыз туылғанда үстінен жұпар иіс аңқып тұрды. Келінінің нұрлы пір перзент көргендігін естіп атасы Әбдүлмүттәліп үлкен той жасады. Құрайыш руының ұлықтарын шақырды. Сүйікті немересіне Мұхаммед деп есімін қойды.

Мәулiттiң атап өтілуіне кезінде ислам ғұламалары жоғары баға берді. Имам Науауи: «Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнiне сәйкес келетiн осы күндерде iстелетiн  садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрiнетiн көркем мiнездiлiк пен қуанышты iстер – осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы»,– деген.

Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз. Ал, қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.ғ.с.) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда Мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі, басқаны қойғанда мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс. Пайғамбардың (с.ғ.с.) аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Сондықтан Мәуліт мейрамының аясында біз Пайғамбар (с.ғ.с.) туралы, Оның алдындағы міндеттеріміз, сүннетін сақтау жайында мешіттерімізде, іс-шараларымызда, жиындарымызда жалпы халыққа молырақ мағлұмат беріп, дініміздің тағылымдары жайлы  үгіт-насихат жүргіземіз. Осындай зор мүмкіндікті бос жібермей, орнымен пайдалануға тырысамыз. Расында, бұл – дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың орайлы бір сәті.

Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай бірлік берсін! Екі дүниеде де жүзімізді жарқын, дұғамызды қабыл қылғай!

 

Төлтаев Ербол Мұқанұлы

Балқаш қаласы мешітінің  имамы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары