Күллі ғалам жаратылғалы адамзаттың басты ұстанымы, діні болмаса дәрменсіз пенде нәпсінің құлы болып, дүние қуумен ғана шектеліп, адамның түздегі айуаннан айырмасы болмай қалар еді. Адамзат тарихы пенделердің иманын ұмытып, ұрлық-қарлық, кедейлер мен әлсіздерді қорлау, қыз бен әйел бостандығы қудаланған небір сұрапыл кезеңдерге куә болған. Арақ-шарап судай сіміріліп, қыз балаларды тірідей көміп, зина жасау белең алған тұста Алланың раһымымен адамзатқа жанашыр пайғамбар жіберілген.
Түн қараңғылығын сыпырып тастап дүйсенбінің таңында ғаламға өзімен бірге Жаратушының адамзатқа деген мейірімі мен раһымын алып келген пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүние есігін ашты. Надандықтың шырмауында қалған көңілдерді иман нұрымен сусындатып, елге бейбітшілік ала келген Ислам дінінің шарттарын адамзаттың миына сіңіріп, рухани қазынасын қалдыра білген пайғамбарымызды (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қанша дәріптесек те аз. Әз пайғамбар өз заманындағы әділетсіздікті жойып, жауыздық орнына мейірім мен қайырымдылық ұялатып, арам нәрселерден тыйып, Аллаға құлшылық етіп, шынайы мұсылман болып өмір сүрудің үлгісін көрсете білді. Артында адамның пайдасына жарар рухани білімге толы мектеп қалдырған пайғамбарымыз өз үмметін бәрінен жоғары қойған. Қиямет күнінде Алланың ашуынан қорқып әркім өзін ойлап, «мен, өзім» деп бас сауғалауға орын таппай жүргенде, Пайғамбарымыз ғана «Үмметім, үмметім!» деп мұсылмандарға жанашырлық етіп, Аллаға дұға етеді.
Сондай ұлық пайғамбарымыздың үмметі болу бізге үлкен бақыт. Дәл қазір бізге екі дүние сардары туған қасиетті айды көруге Алла бізге нәсіп етті. Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген ай «мәуліт айы» деп аталып, мұсылмандар ерекше қадір тұтып, атап өтетін қасиетті ай деп білеміз. Себебі, мәуліт Пайғамбарға (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген сүйіспеншілік пен қуаныштың айрықша көрінісі. Ал пайғамбарды (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсы көру – иман негіздерінің бірі. Бұл мерекені атап өтудегі негізгі мақсат – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың ғибратты ғұмырын насихаттау, жастарға имандылыққа тәрбиелеу, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру.
Ислам ғұламасы Жәләлуддин Суюти (р.а.): «Шамайлдың» шархы болған «Уасайл» атты кітабында айтады: «Бір үйде немесе мешітте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәуліті оқылса, сол үйдің немесе мешіттің адамдарын періштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рақымы жауады және олар нұрға бөленеді. Себебі, періштелер ол адамның Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) мәуліт оқығаны үшін салауат айтып тұрады»,-деген.
Ендеше, барша Қаражал қаласының мұсылман жұртын осы қасиетті Мәуліт айының мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Мәуліт мейрамының аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай!
Қаражал қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы Советов Талғат
ihsan.kz
Пікірлер