Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әкем намаз оқуыма қарсы...
02 желтоқсан, 2020 жыл 1379 Басып шығару нұсқасы

Ассаламу алайкум уа рахматуллахи уа баракатух, құрметті мұсылман бауырлар. Алла Тағалаға мадақтар болсын, Пайғамбарымыз (ﷺ) салауат болсын, сонымен бірге Аллаһ Тағала барлық мұсылмандардың жүректеріне иман беріп, тура жолға бастасын!

 

Көп жастар «намазға келе алмай жүрмін, ата-анам қарсы» деп жатады. Әсілінде әке-шеше перзентінің намазға келуіне емес, тура жолдан адасып кетуінен қорықса керек. Өздерінде діни ілім терең болмағандықтан баласын да қорғаштағысы келеді. Адасқан ағымнан қорғаймын деп, кейде тура жолдан тайдырып алатындары бар. Перзент көркем түрде дінді насихаттап жатса да жүрекпен, ақылмен тыңдай қоймайтын ата-аналардың барын да мойындау керек...

Бұл жағдайда не істейміз?

Әкеңіз тіліңізді алмаса, дінді мойындамай немесе Сізді шектесе не істеу керек? Бұл сұраққа жауапты Алла Тағала Құран Кәрімді айтып қойған: «...Әкемді де кешір! Өйткені ол расында жолынан жаңылғандар қатарында. Құлдарыңды тірілтетін күні мені ұялтпа!» («Шұғара» сүресі, 83-90). Яғни, әкені тура жолға салу үшін осы аятты айтып, дұға ету қажет. Аллаға шын ықыласпен дұға етіп, истиғфар айтып, жалбарыну арқылы адасқан ата-анамызды тура жолға сала алады екенбіз.

Осы сәтте ескеретін бір жай – ол қандай болмасын ата-анаға құрмет көрсету! Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ): «Үмбетімнің қарияларына құрмет көрсеткендер, маған да құрмет көрсеткені», - деген.  

Ата-анасы Алланың бар және бір екеніне сенетін, жүрегімен иман келтірген, бірақ харам амалдарды (ішімдікке салыну, зина жасау, харам астармен қоректену және т.с.с.) тоқтатпаған жағдайда, Жаратушы Иемізден келесі Құран аяттарын оқып, дұға етулері абзал:

Жаратушы ие «Мүминун» сүресінде: «Маған дұға етіңдер, дұғаларыңды қабыл алайын», - дейді. 

«Раббымыз! Есеп берілетін күні мені, ата-анамды және сенетіндерді кешіре гөр!» (Ибраһим сүресі, 41).

«Раббым! Мені кішкентай кезімде қорғап өсіргеніңдей Сен оларға аяушылықпен қарай гөр!» (Исра сүресі, 24).

«Уа, Раббым! Мені, маған және ата-анама берген нығметтерге шүкір етуге және разы болатын ізгі амалдар істеуге ынталандыр әрі мені рақымыңмен ізгі құлдарыңның арасына қос» (Нәміл сүресі, 27/19).

«Уа, Раббым! Мені, ата-анамды, иман етіп үйіме кіргендерді, иман еткен ер кісілерді, иман еткен әйел кісілерді кешір» (Нұһ сүресі, 28).

Перзенттің ата-анаға көрсетер тағы бір жақсылығы арғы дүниеде берілмек.  «Өлген адамның Жәннатта дәрежесі көтеріледі. Сонда ол: «Бұл не үшін, Раббым?», - деп сұрайды. Сонда оған: «Перзентің сен үшін кешірім сұрады»,- делінеді (Бухари). Алладан жалбарына отырып, әрбір бала мынаны білуі тиіс: дұғаларға жауап міндетті түрде қайтарылады, осы дүниеде болмаса келесі дүниеде. Сондықтан, әкеге жақсылық жасауды кемінде дұғамызбен істеп қалайық!

 «Әкеге қарап ұл өсер» деп ата-бабамыз орынды айтып кеткен.  Сын түзелмей, мін түзелмейді. Сондықтан, дәл қазір біздің қоғамда орын алып жатқан кейбір мәселелерге тура қарауымыз қажет. Жастар дін туралы ілім алып, ата-анасын, дос-жаранын туралыққа, мейірімділік пен адалдыққа бейімдеп келеді. Бүгінде кейбір отбасыларда діни сауат алған перзентінен шошитын ата-аналар бар. Олардың шошуына да негіз жоқ емес,  олар перзенті жат ағымның етегінде кетпесе екен деп алаңдайды. Бірақ, саналы түрде баласының тура жолда жүргенін сезінетін, түсінетін, бірақ өзі тура жолға түскісі келмей жүргендер де баршылық. Әсересе, әкелер жағы осы дертке шалдыққаны көңіл күйзелтеді. Бұлай деуімізге себеп - қызы ашық-шашық киініп, ұлы харам дүниелермен (темекі, спиртті ішімдік, зина) шұғылданып жүрген қоғам.  Сол қоғамды құрайтын біздер, яғни әрбір жеке адам қоғамның бір мұшесі. Әке отбасының иесі болғандықтан, ол қайда бастаса артынан ерген ұрпағы да сол жолмен журеді. Отбасының ұйытқысы болған әке тура жолда болса, перзенті де салиқалы болмақ. 

Алла барша мұсылманның ғибадаттарын қабыл етіп, мол сауаптан жазсын!

 

                                      Балқаш қаласы «Теміржолшылар» мешітінің

 

                                                                      имамы  Алимқұлов Медет

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары