Бүгінгі таңда патриотизмді қалыптастыру мәселесін зерттеу, қазіргі қоғамның дамуы үшін, теориялық және тәжірибелік маңызды екеніне күмән жоқ. Өйткені ол қоғамның бүгінгісі мен келешегін анықтайтын қозғаушы және біріктіруші факторлар қатарына жатады. Патриотизм мәселесімен терең тамырлас, құрамдас болып, байланысты дамитын ұғымдар Отан, ана тіл, жер, ұлттық мәдениет, ұлттық идея, ар-намыс, ұлттық мүдделер және т. б. жатады. Қазіргі таңдағы қоғамдық, саяси-экономикалық ахуалдың адам факторынан, рухани дамуымыздың маңыздылыққа ие болып отырған өзекті мәселелердің бірі — қоғамда патриотизмді қалыптастыру.
Азаматтарды отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеу, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде кең көлемде дамуына, ана тілімізді арындай сақтауға, ел бірлігін нығайтуға атсалысу негізгі мәселелердің қатарына жатады. Елдің рухын көтеру, ұлттық мақтаныш сезімін оята білу, отансүйгіштік, ұлтжандылық, елжандылық сынды қасиет қалыптастыру — тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы үшін айрықша маңызды мәселе болып отыр. Патриотизм түсінігі кез келген саяси, әлеуметтік, этникалық топтың ғасырлар бойына тұтастығын қамтитын құбылыс екендігінде дау жоқ. Осы себептерге байланысты еліміздің қоғам мүшелерін біріктірудегі негізгі фактор және тұрақтылықты қамтамасыз ету мен мемлекеттілікті бекітуде патриотизмнің орны зор. Сондықтан қазіргі жағдайда қоғам мүшелерін рухани-адамгершілік және патриоттыққа тәрбиелеудің қазақстандық азаматтардың саяси санасындағы ең негізгі мәселе болып табылмақ.
Патриоттық сезім өз-өзінен қалыптаспайды. Ол өзінің бастауын елдің тарихын тереңдей білу, оның тәуелсіздігін және дамуын қамтамасыз етуге күш салған ұрпақтың қызметін түсіну және құрметтеуден алады.
Бұқара халық үшін дін мен тәуелсіздік, дін мен патриотизм — ажырамас идеялар. Патша үкіметіне қарсы күресте діни ұрандар халыққа қуат берген. «Ат құйрығын сүзіңдер, Аллалап атқа қоныңдар!» — деп би, жыраулар бата берген. Діни әдет, уағыздар халықтың мақал, мәтелдері мен нақыл сөздеріне де енген. «Халықтан ұял, құдайдан қорық», «Киімі жаманды ит қабады, пейілі жаманды Тәңірі табады», тағы басқалар Соңғы ғасырларда қазақ ұлты ата-бабасының құндылықтарынан айрыла бастады.
Асыл дініміз Ислам сонау тарихи кезеңдерден бері отансүйгіштікке, елді құрметтеуге, туған жерімізді бағалауға шақырады. Пайғамбарымыз Мұхамед (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Отанды сүю – иманнан» деген. Бұл хадис туралы әртүрлі пікірлер бар. Кейбіреулер бұл хадис емес дейді, кейбіреулер Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ұхуд тауына қарап: «Біз Ухудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.
Отанға деген махаббат адам талғамайды. Пайғамбар да, Патша да, қарапайым адам да Отанын құрметтеп, сүйе білу керек. Кімде-кім Отанын сүймесе, Отанының қадірін білмесе ол қандай адам болуы мүмкін?! Адамзат қайда болсын, қай елде болсын жүрегінде отанына деген мейір-махаббат болуы керек!
Түкетаев Ардақ Әділханұлы
Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы
ihsan.kz
Пікірлер