Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ихсан – тақуалықтың шыңы
21 қаңтар, 2021 жыл 716 Басып шығару нұсқасы

Ихсан сөздік мағынасында – жақсылық жасау, қайырымдылық ету болса, ал, терминдік мағынада – Аллаға құлшылық етуде оны көрініп тұрғандай сезініп, бар ынта-ықыласпен орындау дегенді білдіреді.

Ислам дінінің негізгі үш ұстыны бар. Олар, біріншісі – иман, екіншісі – ислам, үшіншісі – ихсан. Ихсан дегеніміз – иман еттік, құлшылығымызды жасап жатырмыз, ал енді оның сапасы қандай деңгейде? Міне ихсан – әрбір әрекетімізді Алла көріп тұрғандай ғибадат жасауға ұмтылу деген сөз. Яғни, рухани кемелденуге жатады.

Ихсан дегеніміз – ықылас және кемелдік. Басқаша айтқанда, Алла Тағаланың бір Өзіне құлшылық ету барысында Алла Тағаланы көріп тұрғаныңдай, егер бұлай ету қолыңнан келмесе, Ол сенің не істегеніңнің бәрін түгел көріп тұрғанын есіңе алып, кемел ықыласта болуың.

Қазіргі заманда көпшілікке танымал ірі оқымыстылардың бірі Мұхаммед Саид Рамазан әл-Бути (Сириялық), «Ихсан – исламның жүрегі, мұсылманның жүрегінде жасырынған інжу-маржаны болып табылады. Егер ихсан болмаса, онда ислам діні – күнделікті әдетке (имиджге) айналып, тек сырт көрінісі ғана сақталып, оның ішкі мазмұны жоғалады», – деген.

Пенденің ихсаны – иман, әдеп, тақуалығының тереңдігіне қарай дәрежесі арта түскен ыстық ықыласы. Алланың ихсаны өз ұлылығы мен қазынасына қарай және мыңдаған ырыс-берекетімен, құлының жанарын сеніммен толтырып, шабытпен толқыту. Көзінен пердені сылып тастап, құбылыстардың түпкі өзегіндегі ақиқатты көрсету. Аузын бос сөздерден сақтап,  тіліне даналық үйіру және жаман сезімдерін тыйып тастап, оны өз есімдерінің шағылған әлемінде саяхат еттіру түрінде болмақ. Жаратылыстың перде тасасындағы биігіне жеткен мұсылман, бейне бір Оны көргендей болады. Бірақ біз кейде пенделікке салынып, бізді жаратқан Алланы ұмытып, күнә істерге қол ұрып жатамыз. Шындығында Алла бізді көруші һәм үнемі бақылаушы. Бұл туралы Алла Тағала Құранның «Әнғам» сүресінің 103-аятында:

لَّا تُدْرِكُهُ الْأَبْصَارُ وَهُوَ يُدْرِكُ الْأَبْصَارَ

«Көздер Оған жете алмайды. Ол, көздерді көреді», – деп ескерткен еді. Оған көздер жете алмайды. Себебі, Ол – ғайып. Ол көздерді көреді. Тіпті, Ол баршамыздың көкірегімізде не жасырып тұрғанымызды да біледі. Одан басқа ешкімнің бұлай жасауға құдіреті жетпейді.

Әрбір иманды адам Алланың барлық жаратылысты көруші әрі естуші екенін жақсы біледі. Бірақ, кейде адам өзі жеке қалғанда көпшіліктің алдында жасамайтын оғаш қылықтарға бой алдыратын да кездері де болады. Ал, осы жаман әдеттерді өз ортасы біліп қойса қоғамнан бөлініп қалатындай қорқыныш сезімі билеп алатыны да сөзсіз. Бұл кезде жәй пендеден қорқып, ал үнемі көріп-біліп тұрған Алланы естен шығарып алатыны тағы бар.

Әбу Дәрда (р.а.): «Тақуалықтың ең кемелдігі – пенденің Алла Тағаладан қорқып тозаңдай кішкене харамнан және де харам болуы мүмкін деп халал нығметтерден бас тартуы» – дейді.

Сахих Бухари мен Имам Муслимнің хадис жинағында ихсан туралы: Бірде, Пайғамбарымыз (с.а.с) сахабаларымен отырғанда оған Жәбірейіл (а.с.) періште келіп, Діннің үш негізі: Иман, Ислам және Ихсан туралы сұрайды. Сонда ихсанға келгенде Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ихсан – бұл Аллаға өзін көріп тұрғандай құлшылық жасау. Сен оны көрмесең де, Ол сені барлық жерде көріп тұрады», – деп жауап береді. Алланы көрмесек те, Ол бізді көреді, естиді және біздің барлық ойымыз бен ниетіміз оған аян болғандықтан шын ықыласпен атқарылмаған құлшылықтан мұсылман адамға ешқандай пайда жоқ. Сондықтан толық шынайылыққа жету үшін адам әрбір істе құлшылықты бар ынтамен атқарып, үнемі Жаратушыны еске алып отыруы, әрі жаман әдеттермен (менменшілдік, тәкаппарлық) күресіп, жүрегін жаман ойлардан тазартып отыруы тиіс.

Ихсан ұғымы иман мен исламды толықтырушы алтын өзегі, яғни діннің жүрегі, өмірі әрі рухы болып саналады. Мәселен, мұсылман Исламның намаз, ораза, зекет, хаж секілді шарттарын орындауда рияның көрініс беріп қалатындай жағдайларға тап болуы мүмкін. Рия дегеніміз – құлшылықты Алланың ризалығы үшін емес, өзін көрсету мақсатында ғана жасалатын құлшылық. Осы рияға бой алдырмас үшін мұсылман адамның бойында ихсандық сезім болуы шарт.

Қоғамдық ортада мұсылман адам тек жақсылықтың жаршысы болуы тиіс. Ол үшін мұсылман адам жақсылық жасаудың әрдайым алдыңғы легінде көрінуі керек. Шешен тілімен, бипаз жүрісімен, көркем қылығымен, атымтай жомарттығымен, асқан мейірімділігімен, өзінен көрі өзгенің қамын жейтін зиялылығымен дінді паш ете білуі қажет. Нағында, мұны дінімізде ихсан ілімі дейді. Ихсан ілімінсіз дін ешқашан толық бола алмайды. Ихсан ілімі игерілсе, қазіргі дін атын жамылған оспадар қылықтар доғарылып, шын мәніндегі мұсылманшылдық салтанат құрар еді.

 

maturidi.k

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары